Жаңалықтар

Ақтөбе туризмі қашан алға басады?

  • Ойтүрткі

 

 

 

 

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,
«Ақтөбе»

 

Жақында кезекті еңбек демалысына шығып, сұлу Көкшені аралап қайттым. Бурабайдағы ғажап табиғат, сондағы орталықтар, жер-жерден ағылған халықтан бұрын туристерге арналған жағдайға таң-тамаша қалдым. Әрине, көпшілік отандастарымыз демалуға келгенде көрші ауылдай болған Түркия, Грузиядағыдай болмас, бірақ еліміздің солтүстігінде сервис кәдімгідей жолға қойылған екен. Тек ақшаң болсын… Жақсы дәмхана, су әлеміндегі түрлі қызметтер (қайықпен серуен), қонақүйлер, тіпті суретке түсетін ерекше мекендер де жасақталған. Соңғысына барғанда, мысалы, ақысына кез келген батырдың, көне замандардағы бай-бағланның киімімен естелік фотоға түсіп, қолыңызға бүркітті қондыра аласыз (құсқа қосымша қаржы, әлбетте). Шабытыңыз ашылып, осында күнде келе бермеймін ғой деп үстіне қосып төлесеңіз, сұлу сәйгүлікке мінуіңізге де болады. Өз кезегінде бұны кәсіп қылғандар алып-ұшып, көптен көрмеген кимасын кезіктіргендей сіздің көңіліңізден шығуға тырысып бағады. Ықылас-пейілі алабөтен, алдымен сонысына риза боласың. Сол сияқты бұл жерде шынымен демалуға келген турист екеніңді, бұған қалтаңнан қаражат шығарып жатқаныңды сезінесің. Менің мысалға келтіргенім бір-ақ жағдай, әйтпесе көңілге көктем сыйлайтын көріністері көп-ақ.

Ал бізде қыруар қаржыңды шығарсаң да, қызмет ұсынушылардың қабағы бір ашылмайтыны рас. Барлығы демеймін, бірақ дені сондай. Шетелдегідей асты-үстіне түспесе де, Бурабайдағыдай бабыңды табуға әсте талпынбайды. Саябақтан бір зат алсаң да, алмай кері бұрылсаң да көңілі баяғыдай. Көңілсіз. Орталық саябақтарда самсап тұрған аттракционды былай қойғанда, өзен-көл жағалауларында да қайыққа мінсең, балмұздақ алсаң, басқа да қызметке жүгінсең, осыған тап боласың. Кейде сен емес, олар тұтынушыдай көрінеді. Әлде біздегі жұмыс берушілер еңбекақы есептеуде бақай есепті бірінші орынға қоя ма?.. Әйтеуір, өз жұмысын құлшына, қуанышпен атқаратындарды көрмейсің. Бұл Ақтөбедегі туристік мекен һәм демалыс орталықтарына ғана тән емес. Сауда үйлерінде де аузының ұшымен сөйлеп, бір қабағы ашылмайтын сатушыларды жиі байқаймын. Тіпті «ұнамаса — басқа жерден ал» деп бедірейіп тұратындары да ұшырасады. Жалпы, бізде қызмет көрсету саласында мәдениет жағы ақсап тұр. Кәсіп бастаушылар ең бірінші кезекте осыған мән берсе дейсің. Хадистің өзінде: «Жақсылықты жүзі жарқын, қабағы ашық адамдардан күтіңдер» демей ме?! Көңіл қошы жоқ, мінезі «бетіне шығып тұрған» адамнан алыс жүретініміз бесенеден белгілі.

Қызмет көрсету сапасын айтқанда Ақтөбедегі тұралаған туризм саласына тоқталмау мүмкін емес. Өңірде туристік орындар көп-ақ: Ақтолағай борлы жотасы, Қарғалы су қоймасы, Орқаш қорықшасы, Ырғыз-Торғай резерваты, Барқын құмдары… Ол аз десеңіз, Ақтөбе облысы бойынша республикалық маңызы бар киелі жерлердің тізіміне енген 12 нысан бар. Аталған мекендердің барлығына алыс-жақын жерлерден келген саяхатшыларды тартуға болатыны, айналып келгенде олардың облыстың қазынасын толықтыратыны хақ. Бірақ соны ұқсату, барымызды басқаларға таныстыру және жарнамалау жағы кемшін. Ал инфрақұрылым мәселесі тіптен жабулы қазан күйінде қалып тұр… Жолы дұрыс салынбаған, электр желісі тартылмаған, байланысы да нашар жерге кім барсын? Бұл — мемлекеттік деңгейде, әрі-беріден соң жергілікті атқарушы биліктің атқаратын ісі.  Обалы не керек, жыл сайын туристік әлеуетімізді дамытамыз деп түрлі жоба-жоспарлар айтылғанмен, сол сөз жүзінен әрі аспайды… Басқасын былай қойғанда, Ақтөбедегі туристік орындардың толығымен түгенделмегені, тиісінше бұл саланың тасада қалып отырғаны шындық.

Қысқасы, бұл — күрмеуі көп, түйіні шешілмеген түйткіл. Ақтөбе туризмін дамытудың алғышарты ретінде, меніңше, әуелі кәнігі сала мамандарын тарту қажет. Өз ісін білетін майталмандар ғана сеңді қозғалтар. Әйтпесе, туристер көптеп ағылатын кезекті жаз мезгілі де ортасынан ауып барады…

Басқа жаңалықтар

Back to top button