Аяулы азаматты еске алды
Облыстық қорғаныс департаментінің залында «Аяулы азамат еді» кітабының тұсаукесер рәсімі болды.
Кітаптың басты кейіпкері — офицер, подполковник Бауыржан Аманшиев. Бауыржан Қиылбайұлы кезінде облыстық қорғаныс департаменті бастығының орынбасары, келісім-шарт бойынша әскери қызметкерлерді жұмысқа алу және шақыру басқармасының бастығы қызметін атқарған. Өкінішке қарай, былтырғы жылы тамыз айында бақилық болды.
Ол қандай қызметте де өзінің іскерлігін, ұйымдастырғыш қабілетін көрсете білген, адамгершілігі мол жан еді. Достарына әрдайым көмек қолын созуға дайын тұратын. Қашан да үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін. Көмек сұрап барған адамнан жәрдемін аямайтын. Еңбек осындай абзал жан жайында жазылған.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне облыстық қорғаныс департаментінің бастығы, полковник М.Егізбаев, оның бірінші орынбасары, полковник А.Саттаров және орынбасары, полковник Р. Лұқманов, Ақтөбе қаласы қорғаныс департаментінің бастығы, подполковник Т.Бөлтеев, Ақтөбе гарнизонының бас судьясы Қайрат Әзімбаев және басқалары қатысты. Сондай-ақ Ақтөбе гарнизоны әскери бөлімдері қызметкерлері және Бауыржан Қиылбайұлының ата-анасы, отбасы, бауырлары қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
Тұсаукесер рәсіміне қатысушылардың айтуынша, кітаптың өнегелік, тәлім-тәрбиелік мәні зор. Аталмыш кітаптың абзал азаматты ұмыттырмайтын тарихи құнды құжатқа айналары сөзсіз.
Кітап авторы Ажар Нұрымоваға жиналғандар алғыс сезімін білдірді.
Берікбол КҮНБОЛСЫН,
Орманғали АЙЖАРЫҚОВ.



