Жаңалықтар

САЙЛАУДА ДАУЫС БЕРУ — әрқайсысымыздың азаматтық құқығымыз

Қазақстан Республикасы кезектен тыс Президентінің сайлауына санаулы күндер қалды. Сайлауға дайындық барысы жөнінде облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Күнбаева әңгімелейді:

— Кезектен тыс президент сайлауын өткізуге байланысты облысымызда 14 аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Бұлар — облыстық; Ақтөбе қалалық және 12 аудандық сайлау комиссиялары. Ал облыс бойынша сайлау учаскелерінің саны — 522, бұлардың 122-сі Ақтөбе қаласында болса, қалғандары аудандарда құрылған. Жалпы, сайлау кампаниясын өткізуге 3 752 адам атсалысып отыр.

Облысымыз бойынша сайлаушылар саны 427 мыңнан асады, олардың ішінде 218 мыңнан астам адам Ақтөбе қаласында тұрады.

Сайлаушыларға ыңғайлы болу үшін облыс орталығынан үш жаңа сайлау учаскесі — «Болашақ», Оңтүстік-Батыс аудандарында және Жаңақоныс ауылында — ашылып отыр.

Атқарушы органдар 18 наурызда тиісті сайлау учаскелеріне сайлаушылар тізімдерін тапсырды. Учаскелік комиссиялар мүшелері үйлерді аралап, сондай-ақ телефон арқылы сайлаушылар тізімін нақтылау жұмыстарын жүргізді. Азаматтар тұрғылықты мекен-жайының нақты бір сайлау учаскесі аумағына бекітілуіне байланысты сол учаскеге қарасты сайлаушылардың тізіміне енгізіледі. Кез-келген азамат өзі тіркелген мекен-жайына байланысты сайлаушылардың тізіміне дауыс беру күні де қосыла алады. Ал дауыс беру нәтижелерін санау сәті басталғаннан кейін тізімге қандай да бір өзгерістер енгізуге тыйым салынады. Барлық азаматтар өздерінің сайлаушылар тізімінде бар-жоқтығын ертерек тексеріп қойғандары дұрыс. Мұндай тексеруді телефон арқылы да жүзеге асыра аласыз. Анықтама қызметінің нөмірлері: 21-04-87; 21-15-40.

Сайлаушыларға дауыс беру уақыты мен орнын нақты хабарлау мақсатында әр үйге, әр пәтерге шақыру қағаздары таратылады.

Егер сайлау күні сайлаушы басқа қалада болса да, дауыс беруге мүмкіндігі бар. Ол үшін өзіңіз тіркелген сайлау учаскесінен есептен шығару куәлігін алуыңыз қажет. Осы куәлікпен сіз Қазақстанның кез-келген қаласындағы сайлау учаскесінде сайлауға қатыса аласыз.

Сайлауға алғаш қатысып отырған жастар үшін шағын сыйлықтар ескерілген.

Облыстық сайлау комиссиясы аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне; үміткерлердің сенімді өкілдеріне; саяси партиялар мен сайлауалды штабтар өкілдеріне арналған семинарлар мен тренингтер ұйымдастырды.

— Облысымыз бойынша қанша сенімді өкіл тіркеліп отыр?

— Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидат ретінде 4 адамды тіркегенін бәріңіз білесіздер. Заңға сәйкес, аумақтық сайлау комиссиялары кандидаттардың сенімді өкілдерін түскен арыздар негізінде тіркейді. Бүгінгі күні 1600-ден астам адам тіркеліп отыр.

— Сайлауда бақылаушы болуға кімдердің құқығы бар? Облысымызға келіп жатқан халықаралық бақылаушылар жөнінде не айтасыз?

— Сайлауға бақылаушы ретінде кандидаттардың сенімді өкілдері; саяси партиялар мен сайлауалды штабтар тарапынан жіберілген бақылаушылар; БАҚ өкілдері мен халықаралық бақылаушылар қатыса алады. Қазір облысымызда ЕҚЫҰ миссиясынан екі халықаралық ұзақ мерзімді бақылаушы — Джоун Браун (АҚШ) мен Тронд К.Ботнен (Норвегия) жұмыс істеп жүр. Әрине, олардың қатары толыға түсетіні сөзсіз.

Өзіміздің жергілікті, яғни ақтөбелік қоғамдық ұйымдардың өкілдері де сайлауға бақылаушы ретінде қатыса алады. Бақылаушы болуға ниет білдірген жандардың нақты бір үкіметтік емес ұйым атынан берілген құжаты болуы керек және құжатты беріп отырған ұйымның әділет органдарында тіркелген болуы шарт.

Сайлау туралы заңға сәйкес, сайлау учаскелерінде дыбыс жазу, бейнетаспаға түсіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат беріледі, алайда бұл істер комиссия мүшелері жұмысына кедергі келтірмеуі керек.

— «Сайлау» электрондық дауыс беру бағдарламасы неліктен қолданылмайды?

— Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов бұл сайлауда электрондық дауыс беру әдісінің қолданылмайтынын хабарлады. Сонымен қатар, мен өз тарапымнан 2005 жылғы Президент сайлауында электрондық дауыс беру әдісін пайдаланған сайлаушылар үлесінің аз болғанын айтқым келеді. Сайлаушылардың басым бөлігі үйреншікті қағаз бюллетендерді пайдалануды дұрыс көреді.

— Сайлау учаскелеріне келіп дауыс беруге денсаулық жағдайы жарамайтын адамдар бар. Өздерінің дауыс беру құқығын пайдалану үшін оларға қандай мүмкіндік беріледі?

— Жүріп-тұруы қиын қарттар немесе мүгедектікке, қандай да бір ауыр дертке ұшырауына байланысты сайлау учаскесіне келіп дауыс бере алмайтын жандар өздері тіркелген сайлау учаскесіне алдын ала арыз жазулары тиіс. Мұндай арыздар дауыс беретін күнгі сағат 12 — ге дейін қабылданады. Сол арыздар негізінде комиссия мүшелері олардың үйде отырып дауыс беруіне мүмкіндік жасайды.

— Сайлаудың алдын ала нәтижелері қашан белгілі болады?

— 3 сәуір күні сағат 20.00-де барлық учаскелер жабылады. Содан кейін дауыстарды санау басталады. Дауыстарды санау рәсімі 12 сағат бойы жалғасады. Алдын ала нәтижелер 4 сәуірден бұрын белгілі болмасы анық. Алыстағы кейбір учаскелерде тізімдегі сайлаушылар түгел дауыс беріп болғаннан кейін бюллетендерді санауды бастай беруге болады. Мұндай учаскелер санын қалалық, аудандық сайлау комиссиялары анықтайды.

Сөз соңында сайлаушыларға мынаны ерекше айта кеткім келеді: сайлау — елдегі демократия дамуының көрсеткіштерінің бірі болса, ал мемлекет басшысын сайлау — ел өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі екені сөзсіз. Өз тағдырына, ел тағдырына алаңдайтын сайлаушылардың барлығы да 3 сәуірде сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын білдіреді деп үміттенемін.

Жазып алған Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Сайлауға 1059 байқаушы келеді

Елімізде өтетін кезектен тыс Президент сайлауын 1059 байқаушы бақылайтын болды.

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының 28 наурыз күні өткен кезекті мәжілісінде айтылды.

Нақтылайтын болсақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының миссиясынан – 357; Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымының миссиясынан – 426; Шанхай ынтымақтастық ұйымының миссиясынан — 13; 4 халықаралық ұйымнан — 100; 25 шет мемлекеттен — 163 байқаушы тіркелген.

Сайлау барысын, шетелдік және халықаралық байқаушылармен қатар, еліміздің Сыртқы істер министрлігінде тұрақты тіркелген немесе қысқа мерзімге тіркелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де бақылай алады.

Орталық сайлау комиссиясы шетелдік және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тіркеуді аяқтады. Ал Сыртқы істер министрлігі ақпарат құралдарының өкілдерін 3 сәуірге, яғни сайлау өтетін күнге дейін, тіпті сол күні де тіркей береді. Еліміздің «Сайлау туралы» заңына сәйкес, байқаушылардың мүмкіндіктері өте зор. Халықаралық және шетелдік байқаушылар өз еліміздің байқаушыларымен бірдей дерлік құқықтық мүмкіндіктерге ие.

Мен өз таңдауымдағы патшаны сайлаймын

Балымбет Ағыбаев,

соғыс ардагері,

Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Еліміз Тәуелсіздік алғалы бергі болған Президент сайлауларының барлығында мен өз таңдауымды жасап келемін. Биыл жасым 94-ке келді. Ұлы Отан соғысында алған жарақаттың кесірінен ІІ топтағы мүгедек болып елге оралдым. Сайлаулардың барлығында соғыс ардагері, әрі ІІ топтағы мүгедектігімді ескеріп, балалар дауысымды үйге келіп алып жүр. Биыл да 3 сәуір күні үйде боламын, алған орден, медальдарымды, төсбелгілерімді тағып, әдемі костюмімді киіп,  дауысты үй-үйге кіріп жинайтындарды күтемін. Мен өз таңдауымды сайлау болады деп естіген күннен жасап қойдым. Біз бір ғасырға жетеқабыл уақыттың куәсіміз ғой, елдің басынан өткен қиындықтардың талайын көзімізбен көрдік. Тыныштықтан, бейбіт өмірден артық ештеңе жоқ. Сондықтан, мен елдің тыныштығы, бейбіт тірлік пен ұрпағымның болашағын ойлайтын патшаға дауыс беремін.

Анам екеуміздің таңдауымыз бір

Арман Алдабергенов,

Облыс әкімі аппаратының бас маманы:

—  Қазақстан Республикасы Президентін сайлау үшін дауыс беруге мен өмірімде екінші рет қатысқалы отырмын. 2005 жылы елімізде Президент сайлауы өткенде Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқып жүрген болатынмын. Сонда университеттің №4 студенттік үйінде тұратын достарым барлығымыз барып өз таңдауымызды жасағанбыз.

Биыл дауыс беруге анам екеуміз барамыз. Біздің учаске — тұрғылықты жеріміздегі № 43 мектепте орналасқан № 40 сайлау учаскесі. Анам екеуміздің таңдауымыз бір. Біз ел мен жұрттың қамын ойлайтын, Қазақстанымыздың дамуына аянбай еңбек ететін, қарттар мен жастарға қамқор болатын азаматтың президент болғанын қалаймыз!

Болашақ өз қолымызда

Гүлжан Кішкенбаева,

Мұғалжар ауданының тұрғыны
—  Қазақстан Республикасының Президентін сайлау саяси науқандардың ең маңыздысы деп ойлаймын. Оған немқұрайды қарауға болмайды, дауыс беруге бару — Қазақстанның әрбір тұрғынының азаматтық парызы. Президентті таңдау — болашақты таңдау деген сөз. Болашақты таңдау өз қолымызда. Әр адамның дауысы маңызды. Сондықтан, бұл саяси науқанға ертеңгі күніне немқұрайды қарамайтын әрбір азамат қатысуы керек деп есептеймін.

50-ден астам жас

бірінші рет дауыс беруге келеді

«Біздің халық Парламент, мәслихат депутаттары сайлауынан гөрі, Президент сайлауына әлдеқайда белсенді қатысады».

Бірнеше жылдан бері әртүрлі деңгейлердегі сайлауларда учаскелік сайлау комиссиясы құрамында жұмыс істеп жүрген Ақмарал Суликанова бізге осылай деді.

Ол — Ақтөбе қаласындағы №77 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы. Аталмыш учаске аумағына Әбілқайыр хан, Марьесев атындағы көшелер бойында орналасқан 20-дан астам үй енеді. Сайлаушылар тізімінде 1294 адам бар, бүгінге дейін олардың 7-еуі жұмыс жағдайына, басқа да себептерге байланысты бұл учаске тізімінен шығарылғаны жөнінде куәлік алған. Тағы да он адам үйден дауыс беруге мүмкіндік жасауды сұрап отыр.

Түрлі жағдайларға байланысты басқа жақтан дауыс беруге өтініш білдірушілер әлі де болуы мүмкін. Ондай жандар 2 сәуірдегі кешкі алтыға дейін учаске тізімінен шығарылғаны жөніндегі куәліктер ала алады. Сонымен қатар, басқа жақтардан келіп, біздің учаскеде дауыс берушілер де болады. Оларға есігіміз ашық, — дейді Ақмарал Болатқызы.

Қалалық оқушылар сарайының ғимаратында орналасқан №77 сайлау учаскесі сайлаушылар мен бақылаушыларды қабылдауға дайын. Сайлау күні оқушылар сарайында жас өнерпаздар күшімен концерт те ұйымдастырылмақ.

Біздің учаске сайлаушыларының тізімінде бірінші рет дауыс бергелі тұрған 50-ден астам жас қыз-жігіт бар. Оларға арнайы сыйлықтар әзірленіп отыр, — дейді Ақмарал Болатқызы.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button