Басты жаңалықтар

Қызғалдақ ғұмырға құрмет

Кеше Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған күніне орай «Әлия — қаһармандық дастаны» атты еске алу шарасы өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жыл сайын дәл осы күнде қаһарман қызды еске алу дәстүрге айналғанын, батырдың есіміұлықтау шаралары жалғаса беретінін атап өтті:

— 15 маусым күні өтетін Кеңес Одағының Батыры, ақтөбеліктердің мақтанышы Әлия Молдағұлованың туған күніне арналған шара — жылдағы дәстүрге айналған жиын. Небәрі 19 жасында өшпес ерлік көрсеткен батыр қызымыздың есімі ешқашан ұмытылмайды. Оның өмірі, ерлігібүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге, — дей келебатырдың рухына тағзым етуге келген барша жұртшылыққа алғысын білдірді.

Артынша Әлияның туыстары — нағашы ағасы Әбубәкірдің ұлы Сапар Молдағұлов пен Әлияның нағашы ағасы Бисембай Хабиевтың қызы Әрия Бисембайқызы сөз алып, апалары туралы сыр шертті.

Одан соң жас әнші Нарқыз Жанұзақова «Әлия» әнін шырқаса, халықтық «Әлия  гүлі» биансамблінің мың бұралған қыздары биін ұсынды, сондай-ақ Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы Дана Ниязова Әлияның майдан даласынан жазған хатын оқыды. Шара барысында  Ә.Молдағұлованың өмірі мен ерлігі туралы мәліметтер беріліп, өзге де қатысушылар жылы лебізін ортаға салды.

Мұнымен бірге батыр қыздың есімін ұлықтау мақсатында Ақтөбе қаласынан Қобда ауданының Бұлақ ауылына велошеру ұйымдастырылып, бір топ спортшы Әлия туған жеріндегі «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығына аттанды.

Еске алу шарасына қатысушылар — атқарушы билік өкілдері, Ә.Молдағұлованың туыстары, ардагерлер, әскерилер мен курсанттар, басқа да белсенділер мен студент жастар Ақтөбе қаласындағы батыр қыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Бір күн бұрын Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда батыр атындағы облыстық мемориалды музейдің ұйытқы болуымен «Қызғалдақ ғұмыр — Әлия» патриоттық акциясы өткенін айта кету керек. Шара барысында жолаушылар назарынакөшпелі көрме ұсынылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button