Жаңалықтар

Жаңатаңға газ келді

Мәслихат

Жаңатаң ауылында сәуір айында басталған ұзындығы 4 шақырымдық газ құбырының құрылысы аяқталды, мердігер ұйым 20 тұрғын үйдің әрқайсысына да газ жеткізді.

— Жобаның сметалық құны 22 миллион теңгені құрады және олар аудандықбюджеттен бөлінді,— деді Мәртөк ауылдық округінің әкімі Орынғали Сағитжанұлы.  — Ауылда 50-ден астам адам тұрады, бірақ аудан орталығы мен автотрассаға жақын орналасқандықтан,болашағы бар. Мұнда 6 шаруа қожалығы жұмыс істейді, онда ауыл тұрғындарының барлығы дерлік жұмыс жасайды. Ауылда мектеп, клуб жоқ, бірақ газдың келуімен халық көбейеді деп күтеміз, сонда мектеп туралы мәселе қоюға болады. Әзірге балалар Жайсаң ауылына мектепке барады. Ауылда жақында көше жарығы толығымен орнатылды, енді тұрғындар ұзындығы тек 2 шақырымға дейінгі автожолдың салынуын күтуде.

Салтанатты шараға облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов, аудан әкімі Алмас Салықбаев, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Келдібай Еспағамбетов, Қайырбек Таханов, Фархат Сансызбай, ақсақалдар мен Жаңатаң ауылының тұрғындары қатысты.

Облыстық мәслихаттың хатшысы облыс әкімінің атынан Жаңатаң ауылының тұрғындарын көптен күткен қуанышпен құттықтап, облыс басшылығы ауыл тұрғындарын өркениеттің барлық игіліктерімен қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын атап өтті.

— Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш, көмірге, отынға соншама қаражат жұмсаудың ауылда қаншалықты қиын болғанын бәріміз білеміз. Осындай қиын жағдайға байланысты көптеген елді мекендер бос қалады, сондықтан туған ауылынан кетпей, осында қалып еңбек етіп жүрген жергілікті тұрғындарға алғысымды білдіргім келеді. Жақын арада ауылға халық көп жиналатын боладыдеп сенемін, — деді Амангелді Нұғманов.

Ауылға автотрассадан сапалы жол салынатын, су құбыры пайда болатын күн де алыс емес. Облыс басшысы ауылдарды газдандыруға, оларды сумен, интернетпен, көшені жарықтандырумен, жолдармен, әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде.

Ауыл тұрғындарының алдында сөз сөйлеген өлкедегі көрнекті қоғам қайраткері Келдібай Еспағамбетов ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, үйлеріне жылулық пен жайлылық тіледі.

— Біздің облыста ауылдарға газ жүйеліжеткізілуде, су мәселесі де шешілуде, жолдар, мектептер, балабақшалар салынуда. Осының барлығы  тәуелсіздігіміздің арқасы. Бұрынғы кезде ауылдар қазіргідей абаттандырылмап еді, — деді ол.

Тұрғындар атынан сөз сөйлеген ақсақалдар  ауылды көше жарығымен, газбен қамтамасыз еткені үшін облыс басшылығына алғыстарын жаудырды.

Алдағы референдумға ұйымшылдықпен қатысып, көзқарастарын білдіретінін де айтты. Газ тетігін қосу құрметі ауылдың қарт тұрғыны 85 жастағы Шәкен ақсақалға берілді, ол жылы лебізін білдіріп, батасын берді.

Ауыл шетінде тігілген киіз үйде Жанатаң ауылының тұрғындарына арнап мерекелік дастарқан жайылды.

Ж.КӨШЕРБАЕВ,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button