Жаңалықтар

Облыста қант тапшы ма?

Өткен аптаның аяғында облыс орталығында қант тапшылығы байқалды. Әсіресе «Анвар», «Дина» сауда желілеріндегі бос тұрған сөрелерді көрген жұрт біраз дүрлікті. Осы орайда біз облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтан облыстағы қанттың қоры туралы сұраған едік…

  • Қазіргі таңда облыста қант тапшылығы жоқ. Екі күн ішінде облысқа 5 вагон қант әкелінді. Әр вагондағы қанттың мөлшері — 68 тонна. Бүгінде сауда желілерінде қант бар. Сондай-ақ тұрақтандыру қорында да қант мөлшері жеткілікті. Қор өнімдері әлеуметтік дүкендерде сатылып жатыр. Қазір қант бағасы әлеуметтік дүкендерде 363 теңгеден, ал сауда желілерінде 441-442 теңге. Егер кәсіпкерлер қант бағасын заңсыз көтерсе, тұрғындар біздің басқармаға немесе аудандағы кәсіпкерлік бөлімдеріне арыз-шағымдарын жолдауларына болады, — деді ол.

Сондай-ақ басқарма басшысы облыста ұн, макарон өнімдерінің де бағасы тұрақты екенін жеткізді. Ешқандай тапшылық жоқ.

Кеше Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елімізде не себепті кейбір сауда дүкендеріне қанттың жетпей отырғандығын түсіндірген болатын.

— Бүкіл әлемде қант бағасы өскеннен кейін ол біздің елге де өз әсерін тигізеді. Біз бағаның заңсыз өсуіне жол бермеу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Ол үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ірі сауда орындарын бақылап отырмыз. Елімізде қанттың 1-1,5 айлық қоры бар. Сондықтан дүрлікпеңіздер, — деді ол.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button