Жаңалықтар

Дарынды балалар шеруі

А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде Балалар жылына орай «Музыкалық дарынды балалар шеруі» облыстық байқауы өтті.

Өнерлі жастарды қолдау, олардың музыкалық орындаушылық шеберлігін жетілдіру мақсатында өткен шараны облыстық білім басқармасы және Ақтөбе қаласындағы №1, №2, №3 балалар музыка мектептері бірлесіп ұйымдастырды.

Байқауға 350-ден астам бала қатысты.

Шараның ашылуында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Балалар жылы болып жарияланғаны белгілі. Бала — болашағымыз. Олардың бойына жан-жақты білім, тәрбиемен қатар, өнерді де сіңіруіміз керек.

Дарынды жастардың шығармашылықтарының шыңдалуына мүмкіндік тудыратын осындай байқаулардың берері көп, — дейді ол.

Балалар 7-9 ,10-12 және 13-15 жас ерекшеліктері бойынша сынға түсті.

Оркестрлер, ансамбльдер мен хор ұжымдары дәстүрлі ән, академиялық вокал, эстрадалық вокал номинациялары бойынша бағын сынап, сондай-ақ қобыз, жетіген, шертер, фортепиано, аккордеон, баян, флейта, кларнет, скрипка, виолончель, гитара аспаптарында өнер көрсетті.

— 20-24 мамыр күндері байқаудың бірінші кезеңі ұйымдастырылды. Онда 700 оқушы бақ сынады. Бүгінгі ақтық кезеңге 350 бала іріктеліп отыр. Биыл облыстық білім басқармасының бастамасымен Балалар жылына орай көптеген байқаулар мен шеберлік сабақтары өткізіліп жатыр. Себебі біздің өңірімізде талантты жастар өте көп. Сондықтан оларға барынша қолдау көрсетіп, серпін беруіміз керек, — дейді №3 балалар музыка мектебінің директоры Айсұлу Әбдірахманова.

Байқау қатысушыларының бірі Арайлым Жолдасбаева №3 балалар музыка мектебінде білім алады. Үш жылдан бері қобыз класына баратын ол бұл байқаудан мол тәжірибе жинақтағанын айтады.

— Бос уақытымды музыка мектебінде өткіземін. Алдағы уақытта қобыздан басқа аспаптарды да үйренгім келеді. Көптеген республикалық, облыстық жарыстарға қатысып келеміз, — дейді Арайлым.

Байқау жүлдегерлері 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні марапатталатын болады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button