Жаңалықтар

Жаңа автобустар жолға шықты

Ақтөбе қаласында қоғамдық көлік саласына төртінші тасымалдаушы компания келді. Бұл — «Akzhayik Avtopark» ЖШС. Сонымен бірге қаланың қоғамдық көлік паркі жаңа 41 автобуспен толықты.

Жаңа автобустар 2, 16, 25, 40, 51 және 52-бағыттарда жолаушылар тасымалына шығады.

Бұл туралы жексенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің «Автопарк» және«Akzhayik Avtopark» ЖШС-лар өкілдерімен кездесуінде айтылды. Кездесуге қала әкімі Асхат Шахаров, облыстық, қалалық мәслихаттар депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері де қатысты.

Алдымен «Автопарк» ЖШС-ына келген облыс әкіміне кәсіпорын басшылары өздерінің алдағы жоспарлары, түрлі мәселелер, соның ішінде жаңадан сатып алынған автобустар туралы да айтып, оларды көріп шығуға шақырды. «Автопарк» ЖШС 23 жаңа көлік сатып алып отыр. Оның 8-і — «ЛиАЗ» (Daewoo Bus Kazakhstan), тағы да 15-і — Ресейден алынған ПАЗ «Вектор NEXT» автобусы. Көліктерді кәсіпорын несие арқылы алған.

«ЛиАЗ» автобусының сыйымдылығы жоғары, бір мезгілде 108 жолаушыға дейін тасымалдай алады. Кәсіпорын басшылары бұл автобустарды тұрғындар саны жылдан-жылға өсіп келе жатқан Есет батыр шағын ауданына қатынайтын №2 бағытқа қосқалы отыр. Ал «Вектор NEXT» автобустары 16,25-бағыттарға шығарылады. Бұлардың сыйымдылығы — 61 адам. Екі автобусқа да мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кіріп-шығуына қажетті пандустар орнатылған.

«Автопарк» ЖШС үшін қазіргі өзекті мәселе — қоғамдық көлік жүргізушілерінің, яғни маманның тапшылығы. Кәсіпорынға 150-дей жүргізуші керек. Соңғы кездері «Д», «Д1» категориялы көлік жүргізушілерін даярлайтын оқыту орындарының саны да азайған.Қазір қала тұрғындары түрлі бағыттардағы автобустардың ерте тоқтайтынын айтып, жиі шағымданады. Қоғамдық көлік қозғалысының уақытын ұзартуға да осы мамандар тапшылығы мәселесі қолбайлау болып отырған тәрізді.

«Автопарк», «Қала Транс» және «Жолаушылар автокөлік кәсіпорнымен» бірге, атыраулық «Akzhayik Avtopark» ЖШС да жақын күндерден бастап Ақтөбеде жолаушылар тасымалдауға кірісті. Бұл жөнінде облыс басшысымен кездесуде аталған компанияның директоры Қалман Қуантай айтты.

— Біз Қостанайда құрастырылғанYutong маркалы 18 жаңа автобус әкеліп, 40, 51 және 52-бағыттарға қостық. Автобустардың сыйымдылығы — 80 адам. Әзірге бір айға іссапарға өз жүргізушілеріміз келді. Болашақта жергілікті мамандар жұмысқа алынады. Негізі, біздің компанияда маман даярлауға, әсіресе жүргізушілердің жолаушылармен қарым-қатынастағы мәдениетіне, тәртіпке жоғары мән беріледі, — деді ол.

Облыс әкімі тасымалдаушы компаниялардың басшыларына жолаушыларға көрсетілетін қызметтің сапалы болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

— Қала халқының саны жылдан-жылға өсіп келеді. Сондықтан қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түспей, үнемі бақылауда болады. Бұл салада халыққа сапалы қызмет көрсету үшін жан-жақты, жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет. Мысалы, міндетті түрде мемлекеттік тілде ақпарат беру, халықпен сыпайы қарым-қатынас жасау секілді мәселелер де ұмыт қалмауыкерек, — деді облыс басшысы.

Жексенбі күні қала аралау барысында облыс басшысы Кірпішті ауылынан өтетін Ақтөбе-Орск тасжолы бойындағы жол салу жұмыстарымен де танысты. Мердігер мекеме — «Көквест» ЖШС-ның директоры Владимир Проскурин жұмыстардың уәде етілген мерзімнен кешігіп жатқанын, бұған ауа райының себепкер екенін айтты.

— Бір жағынан, жаңбыр толастамай тұрса, екінші жағынан, температура да әзіргетөмен. Асфальт төсеу үшін 10 градус жылылық қажет, — деді ол.

Оңдасын Оразалин жол құрылысы барысында сапаны басты назарда ұстау керектігін айтып:

Ең басты нәтиже — жолдың сапасы болуы тиіс, — деді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button