Басты жаңалықтарЖеңіс

Ерлік ұмытылмайды

9 мамыр күні ақтөбеліктер «Даңқ аллеясына» және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлерін мерекемен құттықтады.

Салтанатты шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтары мен қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты шараға жиналғандар майданда қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Қос ескерткішке облыс әкімдігі, Ақтөбе қаласы әкімдігі, облыстық және қалалық мәслихат, облыстық әскери гарнизон, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаменті, Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскериинституты, облыстық полиция департаменті, облыстық төтенше жағдайлар департаменті, «Ауған соғысының интернационал жауынгерлері» қоғамдық бірлестігі, «Аmanat», «Ауыл», «Ақжол», т.б. саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың, компаниялардың атынан гүл шоқтары қойылды.

Жиын соңында әскерилер патриоттық әндер орындады.

Салтанатты жиыннан соң облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғманов,облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, және қала әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласында тұратын соғыс ардагерлерін үйіне барып құттықтады.

Облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов бастаған топ Ұлы Отан соғысының ардагері Сатылған Бекмағамбетовтің үйіне барып, майдангерді мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасады.

— Бүгінде облыста Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің саны санаулы. Соның бірі Сатылған ақсақал биыл 101 жасқа толды. Біз әсіресе өскелең ұрпақ осындай батырларымыздан патриот болуды, Отанға деген сүйіспеншілікті үйренуіміз керек, — деді облыстық мәслихат хатшысы А.Нұғманов.

Сатылған Бекмағамбетов 1942 жылы 101-атқыштар бригадасы құрамында болып, шайқасқа түскен. Ол — өз бригадасындағы майдангерлер арасында тірі қалған жалғыз ардагер. Мәскеу, Ржев, Смоленск түбіндегі қанды шайқастарда екі рет жараланған.

Балаларының айтуынша, ардагердің денсаулығы жаман емес. Бүгіндеол немере-шөбере, шөпшектерінің қызығын көріп отыр. Ал ардагердің зайыбы 85 жасында өмірден өткен.

Қария мерекемен құттықтап барған азаматтарға ақ батасын беріп, елге тыныштық, қазақ халқына амандық тіледі.

Ал Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров Ұлы Отан соғысының ардагері Ғизат Тоқтабаевтың үйіне барып, оған облыс әкімінің атынан сый-сияпат табыстады.

— Ардагерлердің өмірінен, ерлігінен болашақ ұрпақ үлгі-өнеге алуы керек. Жыл өткен сайын өңірімізде ардагерлердің қатары азайып барады. Дегенмен олардың есімі халық жадында сақталады, — деді шаһар басшысы.

Бұл күні ардагерді мерекемен құттықтап келген өнерпаздар мен мектеп оқушылары жылы лебіздерін айтып, әннен шашу шашты. Сондай-ақ бірқатар қоғамдық ұйым өкілдері майдангерге құрмет көрсетті.

Ғизат Тоқтабаев 1942 жылы қан майданға өз еркімен аттаныпты. Украин майданында шайқасқан. Елге 1946 жылы оралған. 1943 жылы басынан оқ тиіп, жарақаттанып, соның кесірінен бір көзінен айырылған. Елге келген соң отау құрып, еңбекке араласыпты. Бүгінде ардагер алты баладан немере-шөбере сүйіп отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова мен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева Ұлы Отан соғысының ардагері Ажар Оразғалиеваның үйінде болды. Олар жыл сайынғы дәстүр бойынша ардагерге облыс әкімінің атынан гүл шоғын және мерекелік сыйлық табыстап, жылы лебіздерін білдірді.

— Бұл күні біз барлық соғыс ардагеріне құрмет көрсетеміз, бірақ олардың ішінде әжелеріміздің орны айрықша. Себебі олар ер адамдармен қатар майданда жүріп, соғыстың ауыр зардабын тартты, намысқа тырысып, жанқиярлықпен төтеп берді, — деді Б.Елеусінова.

Ажар Оразғалиева 416-артиллериялық дивизия құрамында зенитші болған. Ол Киев даласындағы ұрысқа, Днепрді жаудан азат етуге қатысқан. Украинаның Фастов қаласы түбіндегі шайқаста қатты жараланған.Бүгінде он баладан немере-шөбере сүйіп отырған кейуана биыл 98 жасқа толады.

Облыс әкімінің орынбасарлары Жақсығали Иманқұлов пен Ермек Кенжеханов Ұлы Отан соғысының ардагерлері Борис Конюшенко мен Вера Лоткованың үйлеріне барып, мерекемен құттықтады.

Жақсығали Иманқұлов 94 жастағы Борис Конюшенкоға жылы лебізін білдіріп, сыйлықтар тарту етті. Майдангердің зайыбы Елена Павловнаның айтуынша, Борис Конюшенко 17 жасында өз еркімен соғысқа аттанған. Ақтөбеден Мәскеуге, одан Карпатқа, содан соң Қиыр Шығысқа аттаныпты. Қытайда арнайы тапсырмамен қызмет етіп, Қытай халқына жәрдемдескені және достығы үшін ол Мао Цзэдунның атынан естелік медальмен марапатталған. Содан туған жері Ақтөбеге 1949 жылы оралыпты. Соғыстан кейін Мәскеудегі №2 авиациялық-техникалық училищені тәмамдап, 44 жыл бойы Ақтөбе әуежайында еңбек етті.

Облыс әкімінің орынбасары майдангер бөлмесінің суық екенін аңғарып, балконына жөндеу жұмыстарын жүргізіп беретініне уәде берді. Мұны естіп, қарт кісілер балаша қуанып қалды.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханов бастаған топ Ұлы Отан соғысының ардагері Вера Лоткованы құттықтады. Майдангер осы аптада 98 жасқа толады. 18 жастағы қаршадай қыз 1943 жылы маусымда майданға аттаныпты. Сталинградтағы зенитшілер полкінің құрамында байланысшы болған. Ардагер әже жеңісті Германияда қарсы алған.

Жеңіс күні Ақтөбе қаласында тұратын ардагерлердің үйінің қасында концерт ұйымдастырылды. Ардагерлерге арналған әндерді аула тұрғындары бірге тамашалады.

Бұл күні Жеңістің 77 жылдығына орай Тұңғыш Президент атындағы мәдени-демалыс саябағында мерекелік концерт өтті. Концерттік шарада ҚР Ұлттық ұланы 6655-әскери бөлімінің оркестрі, Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысыкүштері әскери институтының  оркестрі, қалалық Мәдениет үйі эстрадалық-үрлемелі оркестрі соғыс жылдарындағы әскери марштарды, патриоттық соғыс әуендерін орындады.
Мерекелік концертте Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншілері мен камералық оркестрі де өнер көрсетті.
Сағат кешкі 18.00-де басталған концерттік бағдарлама түнгі сағат 22.00-ге дейін жалғасып, қала тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button