Мереке

Татулықты ту еткен

Фахраддин Байрамовтың есімі ақтөбеліктерге жақсы таныс. Әсіресе көлігі барларға. Жүргізушілердің көпшілігі көліктерінің соғып алған не жапырылып қалған кузовтарын тегістетіп, бояту үшін темірдің «тілін» түсініп, түр-түсін келтіретін Фахраддинге жүгінеді.  

Бізді шебердің техникалық қызмет көрсету шеберханасына «Әзірбайжандар ассоциациясы» республикалық қоғамдық ұйымының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гюлоғлан Нуриев алып барды.

Кейіпкерім шеберхананың бір бұрышын кеңседегідей жабдықтапты. Бір қабырғаға келіншегі екеуінің, балалары мен жиендерінің суреттерін іліп қойыпты. «Қызым мен күйеу балам Бакуде тұрады. Кішкентай үш жиенім бар. Соларды сағынамын», — дейді Фахраддин Фейруйдиноғлы балаларының суреттеріне қарап тұрып. Ол 1986 жылы Әзірбайжанда жұмыс істеп жүрген жерінен Жаңажолға мұнайшы болып келеді. 26 жастағы жігіт бір топ жұмысшымен 41-разъездегі бір жатақханаға орналасады. Он бес күн Жаңажолда жұмыста, он бес күн осы Ақтөбеде болады. Сол кезде Әзірбайжандағы анасы мен бауырларына телефон соғу үшін сөйлесу пунктіне барып, тапсырыс береді екен. Келіншегі Айнагүлмен сол жерде танысыпты.

— 1989 жылы Айнагүлді Әзірбайжан еліне, ауылға жер жолмен «Жигулимен» алып бардым. Анам барлық жөн-жоралғыларды жасап, бізді қарсы алды. Ол кезде келіншегім әзірбайжан тілін білмейді, бірақ сол жақта үш жыл тұрған кезде үйреніп алды. 1990 жылы қызды болдық. Жұмыс істей жүріп, еңбек демалысында Ақтөбеге қонаққа келгенбіз. Марқұм енем Ақтөбеде қалғанымызды тәуір көрді. Содан осы елде өсіп-өніп жатқан жайымыз бар. Айнагүл екеуміздің қол ұстасып, отау құрғанымызға 34 жыл болды, — дейді Фахраддин Байрамов. Сондай-ақ ол марқұм анасы бар кезде Әзірбайжанға жиі барғанын, пандемия басталғалы балаларына бару қиындап кеткенін жеткізді.

Фахраддин Фейруйдиноғлының мұнтаздай шеберханасынан оның ұқыптылығы мен еңбекқорлығы көрініп тұр.

— Жеке кәсіпті бірден ашпадым. Әуелі «КамАЗ» көлігін жалға алып, картоп тасыдым. Сол кезде «Анвар» сауда желісі ашылып жатқан еді, осы дүкеннің иесімен келісімшарт жасасып, Ресейдің Саратов қаласынан тауар тасыдым. Кейін «КамАЗ» көлігін сатып алып, алыс жақтардан тауар тасып, сауда бастадық. Айнагүл базарда тұрып, мен әкелген тауарды көтерме бағамен сатты. Осылайша қаражат жинап, бір бөлмелі пәтер сатып алдық. Үш-төрт жылдан соң қаланың ортасынан жер үй сатып алып, қайынағам Жансерікке сыйладым. Бәрі аң-таң болды, себебі үй сыйлағым келетінін алдын ала ешкімге айтпаған едім. Әсіресе анамыз мәз болды, тілегін жаудырып, ақ батасын берді. Ал қазіргі тұрып жатқан үйімізді көлікке айырбастап алдым, ол кезде тек ескі үй мен аула ғана болған, кейін жаңалап салып алдық. Еңбек еткен адам жерде қалмайды,  — дейді ол. Отағасының сөзін зайыбы жалғастырды.

— Екі баламыз бар. Қызымыз Фахренда отбасымен Әзірбайжанның Баку қаласында тұрады. Ұлымыз Фахрад — студент, Ақтөбеде оқиды. Әзірбайжандар да қыз тәрбиесіне ерекше мән береді, қажет жерінде еркелетіп, тыйып отырады. Күйеу баламыз  — әзірбайжан жігіті. Бізде «сырға салу» дәстүрі бар ғой, әзірбайжан елінде құда түсіп келген жақ қызға сақина салады. Біз секілді құда түсу рәсімдеріне аса мән береді, үлкен тойды құда түсу кезінде жасайды. Отбасында екі елдің де ұлттық тағамдарын жасаймын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын сақтауға тырысамыз. Бірде ет ассақ, енді бірде жүзім жапырағына ет орап, долма жасаймыз, — дейді Айнагүл Байрамова.

Ал отағасы:

— Қазақстанда отбасылы, балалы болып, өсіп-өндім. Қазақ халқын ерекше құрметтеймін. Ең бастысы, еліміз тыныш болсын! Қазақстан көркейе берсін! — дейді.

Филиал төрағасының орынбасары Гюлоғлан Меджедоғлының айтуынша, біздің облыста шамамен 1300-ден астам әзірбайжан тұрады. Әзірбайжандардың бір бөлігі Ақтөбеге қуғын-сүргін жылдары келсе, енді бір бөлігі тың игеру жылдары қоныс аударылған екен.

Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының облыстық филиалының баспасөз хатшысы Бекзат Молдыкешованың айтуынша, облыста 16 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың арасында қоғамда бірлік пен татулықтың салтанат құруына үлес қосып жүрген Байрамовтар секілді өнегелі отбасылар жетерлік.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button