Мереке

«1 мамыр — достықтың мерекесі»

Қазақстан халқының бірлігі күнін өңірдегі немістер де атаусыз қалдырмайды. Облыс орталығында олардың балаларға арналған жексенбілік мектебі, жастардың театр студиясы мен хоры бар. 

«Ақтөбе облыстық «Возрождение» немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Шинкаренко бұлардың барлығының жұмысын үйлестіріп отыр.

— Менің ата-бабам репрессияға ұшырап, қазақ жеріне қоныстанған. Арғы аталарым ауыл шаруашылығымен айналысқанын білемін. Өзім көпбалалы отбасында тудым. Анам балабақшада, кейіннен тігін фабрикасында еңбек етсе, әкем көлік жүргізуші болды. Қазір екеуі де зейнеткер.

Неміс тілінің мұғалімімін. Жастайымнан осы салада жұмыс істеп келемін. Өткен жылдан бері «Ақтөбе облыстық «Возрождение» немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымымын. Жолдасым екеуміз 5 жастағы қыз баланың ата-анасымыз.

Қазақтар — достыққа адал, қонақжай халық. Немістерді осында алып келгенде, қазақтар оларды кеудеден итермей, ас-суын берген. Қолындағы соңғы тамағымен бөліскен. Сондықтан біз әрқашан қазақ халқына ризамыз. Қазіргі таңда Қазақстанда әртүрлі ұлттар мен ұлыстар өмір сүреді. Әрқайсысымыз бір-біріміздің мәдениетімізді, ділімізді, салт-дәстүрімізді құрметтейміз, — деген Елена қазақ халқының көпшілдігі мен қонақжайлығын ерекше қадірлейтінін қосты.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбені мекен еткен немістердің саны 5500-ге жуықтайды. Олар қоғамдық бірлестікпен тығыз байланыс орнатып, мәдени өмірге араласады. Өз тілін де ұмытпай, арнайы курстарға қатысады. Айталық, осы бағытта жұмыс істейтін жексенбілік мектеп бар. Сондай-ақ немістерден құралған «Veilchen» хоры мен өз тілінде жылына 3-4 спектакльді сахналайтын жастардың театр студиясы да көпшілікке белгілі.

— Осындағы немістер болып жыл сайын Пасха, Рождество мерекелерін атап өтеміз. Өз ұлтымыздың құндылықтарын мейлінше ұмытпауға тырысамыз. Қазақстан халқының бірлігі күнінде де отбасымызбен орталық саябақта қыдыруды әдетке айналдырдық. Біз үшін бұл ең алдымен достықтың мерекесі.

Шыны керек, Германияға жолым түспепті. Егер бара қалсам, мемлекеттің оңтүстік бөлігін аралайтын едім. Өйткені сол жақта орман, ескі сарайлар сақталған, — дейді неміс ұлтының өкілі.

Әңгіме арасында кейіпкерімізден мемлекеттік тілді қай деңгейде білетінін сұрағанымызда, төмендегідей жауап алдық: «Қазақ тілін арнайы курсқа барып үйреніп жүрмін. Бір қынжылтатыны, курстарда тілді үйретудің әдістемесі мен үшін түсініксіз. Мысалы, сабақтың тақырыптары бір-бірімен қабыспай жатады, оқулықтағы тапсырмалар да тым ауыр. Рас, мектепте, университетте мемлекеттік тілді үйретті. Соның арқасында бәрін түсінемін, грамматикалық заңдылықтарды білемін. Тек еркін сөйлей алмаймын. Осы орайда қазақ тілін үйретудің әдістемесі бір жүйеге түссе деген тілегім бар».

Айтпақшы, биыл «Ақтөбе облыстық «Возрождение» немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына — 30 жыл. Атаулы датаға орай ұйым өкілдері маусым айында неміс мәдениетінің облыстық фестивалін өткізуді жоспарлап отыр.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button