Мереке

«Өз аулымызда өмір сүріп жатырмыз»

Өткен ғасырдың екінші жартысында тың игеру жылдары Қазақстанға көшірілген өзге ұлт өкілдерінің кейбірі кейінгі жылдары еліне қайтып кетті. Бірақ ауылдан ешқайда көшпей, туған жерін қимай қалып қойғандар да көп-ақ.

Солардың бірі — Наташа. Ұлты украин демесең, Наташаның сөзінен де, ісінен де қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы әйелінің иісі аңқып тұр. Қазақшаға судай.  

Үш бала өсіріп, аяқтандырды. Жолдасы 6 жыл бұрын қайтыс болған Наташа қазір қолындағы 4-сынып оқитын жиені екеуі Темір ауданы Ақсай ауылдық округіне қарасты Шығырлы елді мекенінде тұрады.  Екі ұлы мен қызы еншісін алып, бөлек отау тігіп кеткен. Бірақ аналарына ұдайы көмектесіп, қарайласып тұрады екен. Наташаның өзі де қарап жатпайды. Қолындағы 4 сиырын сауып, сүтінен май-қаймақ, құрт жасайды. Артылғанын сатады.

Күйеуім чех азаматы еді. Қобда ауданының Сарыбұлақ ауылында туып-өсіп, 1985 жылы осы ауылға келін боп түстім. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң Шығырлыдағы біраз чех отбасы көшіп кетті. Бүгінде олар келіп тұрады, туған жерді сағынатындарын айтады. Біз ол жақтағы жағдайды сұрасақ:  «Тоқырау жылдары елшілік өкілдері бізді тарихи отанымызға көшуге көндіре бастады. Ондағылар: «Қазақстанның болашағы жоқ, жарықсыз, сусыз, жұмыссыз қаласыңдар. Мектептер жабылады», —  деп үгіттеді. Ол жаққа көшіп барғанымызда бізді «сырттан келген» деп шеттетті. Фермаларға жұмысшы болып орналастық. Жалпы, материалдық жағдайымыз жақсы болғанымен, өзіміздің Қазақстанымыздағы ауылымыздағыдай еркіндік, кеңдік, қонақжайлылық аз еді. Мұндай боларын білгенде ешқашан жылы орнымызды суытпаған болар едік», —  деді. Кейін бірнеше отбасы қайта көшіп келген. Менің күйеуім ол жаққа көшуден бірден бас тартты. Қазір, міне, өз ауылымызда өмір сүріп жатырмыз. Өзім украин қызы болсам да, көзімді ашқалы көргенім — қазақ ауылы, тәрбиесі, дастарқаны, тойы. Ауылдық клубта күзетші болып жұмыс істеймін. Ауылда жағдай жақсы. Бір мәселе — ішіп отырған суымыз ащы болатын, енді ол мәселе де шешілгелі жатыр, — дейді Наташа Дрогаш.

Наташаның емшілігін ауылдастары жыр қып айтады. Өзінің айтуынша, емдік қасиеті анасынан дарыған. Қандай жара болса да, Наташа емдеп жазып жібереді екен. Басқа ауылдардан, қаладан іздеп келетіндер көп. Талай жандар жарасын осы жерден жазып алған. Бірақ Наташа ешқашан емін сатып, бұлдаған емес. Тегін емдеп береді. Бір қызығы, оған келушілердің көбін дәрігерлердің өзі жібереді екен. Аурухананың есігін тоздырып, медицина көмектесе алмаған денедегі жарасы бар адамдар Наташаның емінен кейін құлан-таза айығып шығады деседі.

Анам емші болатын. Содан дарыған деп ойлаймын. Оқыған-тоқыған дәрігер мамандар да жиі келеді. Маған келетін адамдар екпе алып, дәрі ішіп келсе емдей алмаймын. Дәрі-дәрмек менің еміме кедергі келтіреді. Әуелі дәрілерден тазарып келуі керек, — дейді Наташа.

Тағы бір дәрігер қарын жарасы бар қызын жедел жәрдем көлігімен әкеліп, Наташаның еміне жүгінген. Кейін ол дәрігер де Наташаға науқастарды жіберіп тұратын болған.

Ауылдастары айтқандай, ол пышақпен емдемейді, бал ашып,  болашақты болжамайды, сынықшы да емес. Тек денеге шыққан жараларды емдейді. Ол үшін Наташаға сабын мен арнайы жақпамайлар, вазелин майы болса жеткілікті екен.

Қолындағы жиені Даниел — әжесінің қолғанаты. Ол болашақта суретші болсам деп армандайды. Жақында Алматы қаласында өткен байқауға жіберген бір туындысы үздік деп танылып, бірінші орын алған.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button