Мереке

Ибалы келін, үлгілі отбасы

 

Шалқар ауданында да бірнеше ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ұлттары әртүрлі демесең, барлық отбасының өмірі — кәдімгі қазақы қоңырқай ауылдың түтіні түзу ұшқан тірлігі.

Әзірбайжан қызы Зайнаб

… Шалқарлық Жеңсікбаевтар әулетінің келіні Зайнаб Эдгарқызының ұлты — әзірбайжан. Оның осы әулетке келін болып түскеніне тоғыз жыл болыпты. Жолдасы Айкен Жеңсікбаев  аудан орталығындағы көркемсурет лицейінде сурет пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Екеуі бүгінде үш ұл тәрбиелеп отыр. Қолынан іс келетін жарасымды жұпты Шалқарда біразы таниды. Зайнаб Эдгарқызы қаладағы «Бекзат» сұлулық салонында тырнақ әрлеуші. Тұрақты тұтынушылары бар.

— Әкем Эдгар Бабаев 1990 жылдары Хромтау ауданына жұмыс бабымен келген екен. Сол жерде анам Бибігүлмен танысып, көңіл жарастырады. Әкемнің бақилық болғанына төрт жыл болды. Анам қазір Хромтау ауданына қарасты Қопа деген ауылда тұрады. Қазақтың ортасында өскендіктен, бала кезімізден қазақы салт-дәстүрге қанығып өстік. Бір жағынан, анамның ұлты қазақ болғандықтан ұлттық тағамдарды әзірлеу жолдары да маған жақсы таныс. Анам мен үлкен әжеме қолғабыс бола жүріп, үй шаруасына да ерте төселдім. Отбасымда алған осындай тәрбием келін болып түскенде де маған көп септігін тигізді.  

Жолдасым Айкен өз ортасында, ұжымында абыройлы. Үнемі жан-жағына қамқор болып жүреді. Мүмкін, шығармашылық адамының мінезі солай болатын шығар… Бүгінде өзінің дизайнер-архитектор мамандығының жемісін көріп отыр, — дейді Зайнаб жұбайы туралы  шынайы ілтипатпен.

Нәзік жандарға сұлулық сыйлап,  шағын кәсіпкерлікті  ілгерілетіп жүрген әзірбайжан қызының алға қойған жоспары көп. Адал жар, ибалы келін ретінде  қазақтың бір әулетінің түтінін түзу ұшырып, балаларына өнегелі тәрбие беруді басты мақсатым деп санайды.

Бейбітшіліктің қадірін білейік!

Рамиль Гамильұлы жастармен, оқушылармен жиі жүздесіп, патриоттық тақырыпта ұдайы жақсы әңгімелер айтып жүреді. Ол 1987 жылы әскер қатарына осы Шалқардан алынып, ауған жеріндегі Саланг асуында әскери борышын өтеген. Жігерлі шағында мақсаты беймәлімдеу соғысты көріп, бейбітшіліктің қадірін ерте ұғынады.

Бүгінде Рамиль Ахметжанов Шалқар стансансында пойыз вагондарын техникалық күтіп ұстау бекетінде слесарь болып еңбек етеді. Зайыбы Зайтуна Галиқызы аудандық пошта байланыс торабында жұмыс істейді. Отбасындағы төрт баланың алды қазір мамандықтары бойынша еңбек етсе, кейінгілері жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.

Мен ес білгеннен осы жерде өстім. Ата-бабам да осы Шалқарда тұрған. Сондықтан туған жерім — Шалқар. Балалық шағымнан бері келе жатқан достарым, ұстаздарым осында болғандықтан, Шалқарым маған әрдайым ыстық. Ұлтымыз татар болса да, қазақ халқының барлық салт-дәстүрін ерекше құрметтейміз. Отанға деген сүйіспеншілікті, тыныштығымызды қадірлеу керектігін әрдайым балаларымызға да айтып отырамыз. Көк Байрағымыз да Қазақ халқының ақжарма көңіліндей әрдайым көгімізде желбірей берсін! Өзім соғыс қасіретінің шет-жағасын көргендіктен кейінгі ұрпаққа ол туралы айта беруді  ұнатпаймын. Болашақ жастар осы татулығымызды қадірлеп, тәуелсіз елдің ертеңі үшін бірлікте болса, алынбайтын асу қалмас, — дейді ауған соғысының ардагері.

Зайтуна жеңгейдің еңбегін аудандық пошта байланыс торабындағы әріптестері әрдайым жоғары бағалайды. Ол осы торапта 1985 жылдан бері жұмыс істейді екен. Қазіргі күні поштаның сұрыптау бөлімшесіне жауапты. Ол еліміздің әр түкпірінен келетін сәлемдемелер мен газет-журналдарды бөліп, межелі жеріне жетуіне жауап береді. Ұжым құрметіне бөленген Зайтунаның алғырлығын ізбасар әріптестері үлгі тұтады.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button