Ойылдағы өлген жылан

Серкебай онда педагогикалық институттың үшінші курсында оқитын. Үріп ауызға салғандай сүп-сүйкімді жігіт еді. Лекциядан келген соң тамағын ішіп алып жуынып- шайынатын. Иіссу себетін, айнаның алдына барып таранып, галстугін түзеп, «Серке, қиқаңдау жетті саған! Апам болса үлкейді. Келін керек. Түсіндің бе, келін» деп өзін-өзі тәртіпке шақыратын.
— Ым… Бүгін көкең кооператив техникумына барады. Бір бухгалтер қызды «мужской» вальспен айналдыра қуып оңаша алып шығады. Мен — математик, ол — бухгалтер. Жаман емес. Хе-хе-хе», — деп бір қояды. Барып тансыға түседі. Бір қызды сенбіге киноға шақырып келеді.
Ертеңіне Секең ойлы. «Бухалтырым не осы менің. Немді есептетемін оған мен. Мектептен келіп шай қайнатып әйел күтіп отырар жайым жоқ. Бухгалтырың құрысын. Ағаң бүгін педучилищеге барады. Бір қызды сирағынан ұстап қағып түседі. Ол бастауышта, мен «баяндауышта» мұғалімбіз. Құтты болсын! Бөтен емес. Хе-хе-хе! Ал кеттім».
Барады, бір қызды демалысқа киноға шақырып келеді.
Ертең Секең тағы ойлы. «Мұғалімің құрысын! Екеуміз бірдей жұрттың миын ашытып, жексұрын боп жүргеніміз ғой. Болмайды! Дәдең бүгін культпросветке барады. Бір баянист қызды мұрнынан тартып шығарады. Ол — баянист, мен — домбырашы. Үйді күймен шалқытып отырмаймыз ба? Вот, идея! Баянды болғай! Кеттім».
Кешегі ойынан Секеңнің бүгін жүрегі айниды. «Не деп оттап жүрмін осы мен. Баянист дедім бе? Баянисің неге құрымайды. Үйді басымызға көтеріп, дауыс салып дабырлап дәлду болып отыра алман. Көзіме көрінбесін! Папаң бүгін мединститутқа барады. Әйелдің өзіңмен бірдей жоғары білімді болғаны дұрыс. Тең сөйлескенге не жетсін. Ол бір жерде бас дәрігер, мен бір мектепті басқарамын! Ничего себе! Өмірлі болыңдар! Кеттім!»
Секеңнің бүгін сөйлеуге зауқы соқпайды. «Дәрігер соқсын мені. Күнде жаралы болып жатырмын ба? Соғыс жоқ қой. «Әкем ауру еді, шешем ауру еді» деп күнде түнде біреу қолтықтап алып кетіп бара жатады екен. Құдай білсін… Тарт бәлеңді».
Сөйтіп жүргенде Секенің ауылдан уһілеп-аһылап апасы келді. Ол өзінің үлкейгенін, тамақ асудың өзі қиындыққа түсіп жүргенін айтып шағынды. Кетерде мені оңаша шығарып алып:
— Ал, Телпекжан, мына баланың келіншек алу ойында бар ма? Мен сұрасам, жөнін айтпайды. Сен білесің ғой, айт маған, — дегені.
— Екі қыз таласып тұрғаны, — дедім мен жалтарып, — Қай жеңгенін алады. Қашанғы «ничья» түсе берер дейсің. Біреуі жеңер. Хе-хе-хе.
— Қиын болған екен. Маған келін керек. Біреуі жеңсін. Өзің бас, көз бол, — деп апасы ауылға жүріп кетті.
Апасы кеткесін Серке бір жеті ойланып: «көрінгенге, тәңірім, көз салғаннан сақтай жүр, ғашық болмай біреуге сөз салғаннан сақтай жүр» деген аталы сөз, айтулы мақал шығарып алды да жаңа «препаратты» бірден өзіне қолданды.
«Ғашық болмай бір қыздың бетіне қарасам, көрерсің енді» — деп, өзіне-өзі ерегісіп жүріп алды.
Бір күні теміржол техникумына барып таңдайын қағып келді.
— «Железкіде» бір қыз бар екен. Аты — Баян. Баян десе Баян екен. Кеш қалып қойыппын. «Жүріп» кетіпті. Жігітін зар еңіретіп айырып алуға да болар еді. Сорлатқанда жігіті өзіміздің «қара шайтан» Амантай.
Осылай бір жығылып, бір тұрып қыз таңдап жүргенде Серкенің апасы тағы келді. Бұл жолы қатты келді.
— Жасың биыл жиырма бірде, — деп сөкті ол Серкені, — Әкең он бес жасында отау иесі болды. Онысына өкінген жоқ. Сенің жасыңда бес баласы бар, ауылдың ақыл айтар азаматы еді. Ағайынның арын арлап, намысын қорғайтын. Сенің жүрісің мынау. Ағайынды айтпағанда әке-шешеңе қайраның жоқ…
Кетерде тағы мені оңаша шығарып алды.
— Телпек-ау, шырағым, не боп кеттіңдер?
— Қас қылғандай үш қыздың таласып тұрғаны.
— Бүгін үш қыз, ертең төрт қыз… Солай қыздарды қырылыстырып жүре бере ме? Біреуін алмай ма?
— Қырылыстырып қоймаспыз. Қыз көбейген соң шатақтың да көбейері анық. Шатақ көбейген соң өзі үшін біреуі жеңіп шықпай ма?.. Хе-хе-хе…
— Қыздарыңа сәлем айт. Қырылыспасын. Менің балам бәріне жетпейді. Біреуін ғана алады. Қалғаны басқа жерден көрсін. Жұртты жолынан қалдырмасын.
— Айтамын, прәмі беттеріне айтамын.
Апасы қыздарды қарғап кетті. «Бетпақтар, біреуі жеңіп тынбай ма?».
Сол күні мен өзіме не басқа бір жеріме қарамай, Серкебайға ақыл айтуыма тура келді.
— Апаң үлкейіп қалған екен. Үлкен адамға қолғанат керек қой. Сен алыстан «Айдан» қыз іздеме. Өзіміздің группаның тым жақсы қыздары бар емес пе. Қазақы, шаруаға икем.
— Қайдағы қыз? Секен шоршып түсті.
— Айжамал, Сәбира, Сақып ше?
— Оларды қыз дегенше, еркек бала демейсің бе? Біреуінде қыздың қылығы жоқ. Бұларға қарағанда біздің жігіттерде қыздың қылығы мол…
Маған кейігені сонша — Секен екі-үш күн менің сәлемімді алмай жүрді. Енді бір ай өткенде біз группамызбен машинаның үстінде әндетіп Ойылға жұмысқа кетіп бара жаттық. Ойыл мен Қиыл өзенінің арасындағы өзектің шөбінен кебен үйіп біз жүрдік. Көңілсіз емеспіз. Ән саламыз, ойын ойнаймыз. Кешке далаға жатамыз. Серке жыланнан жаман қорқады. «Сумаңдаған пәле шағып алады» деп ортамызға жатады. Сәли мен Аманжол екі жанын, Мұрай екеуміз басы мен аяғын қорғаймыз. Секең болса жатарда:
— Әлгі пәлені маған өткізіп алмаңдар, сақ жатыңдар, — деп жалынады.
— Таң атқанша біз бір-екі жыланға таусылмаймыз, бізді жеп тауыспай саған аттамайды, — дейміз. Көнбейді. Содан біздің әрқайсысымызға жеке-жеке «қауырт тапсырма», «тосын тапсырма», «қосымша тапсырма» және «үйге тапсырма» беріп барып ұйықтайды.
Үшінші түні түсте бір жыланмен «жолдастық кездесу» өткізіп, тілін суырып алдық та, өзін о дүниеге аттандырдық. Төбенің басына Серкеден басқамыз жиналып, жыланды қалпақпен бастырдық. Мен билік алып: «Мына қалпақтың астында асыл тас бар, соны кім алақанымен сипап, не тас екенін тапса, жігітке жартылық, қызға шампан бәйге беріледі» деп жар салдым.
Әуелі Мұрай, Сәли, Аманжол сипап өтті.
— Магнит тас!
— Мәрмәр тас!
— Шақпақтас!
— Таппадыңдар, — деп, мен басымды шайқадым.
— Қыздар келсін!
Айжамал, Сәбира, Сақып келіп қалпақтың астына қол салды. Қыздарда қашан иман болған. Өп-өтірік:
— Алтын!
— Күміс!
— Жез! — деп өте шықты. Серкеге кезек тиді.
— Бәрің жабылып таба алмадыңдар ғой, ә. Мұрындарыңа тастың исі бармайтын кілең иттер. Жартылық мына көкеңдікі болады. Тас мәселесін талдағанда менің қасымда анау-мынау геологің жолда қалар, — деп, мәз болып алға ұмтылды. Қалпақтың астына қол салды да, шалқасынан құлады. Сол сәтте Айжамал жыланды таяққа іліп алып, Серкені қуа жөнелді. Екеуі қыр асып кетті. Күлкіге көміліп, біз қалдық. Бір сағат өткенде екеуі бір-біріне теріс қарап, қырдан түсіп келе жатты.
Содан Серкебай түссіз, өңсіз екі-үш күн үнсіз жүрді. Мылқау адам тәрізді. Көзінде жанар жоқ. Біз күдіктене бастадық. «Бар болғыр, жыланнан есі ауып кеткеннен сау ма?».
Төртінші күні ертемен тұрып, тіл қатты.
— Мен үйленемін!
Біз үрейлене бастадық.
— Дені дұрыс емес демедім бе? — деді Сәли.
— Дені құрыған, — деп қысқа қайырды Мұрай.
— Шыныменен, солай болып қалғаны ма? Мен көрейінші. Аманжол сұрақ қоя бастады.
— Иә, осында айдалада үйленемісің?
— Айдалада үйленемін!
— Бәрекелді, ақылыңа болайын. Үйленетін қыз бар ма?
— Бар.
— Біздің группаның қызы ма?
— Иә.
— «Біздің группада қыз бар ма? Кілең еркек бала» емес пе еді?
— Біреуі табылды ғой.
— Айжамал емес пе?
— Иә.
— Жыланнан қорқып, алжасып айтып отырған жоқсың ба?
— Есім дұрыс…
Сол күні біз айдалада ақ арақпен жұдырығымызды иіскеп зәкөскі ғып, Серке мен
Айжамалдың үйлену тойын өткіздік.
Айжамалдың қойны құтты болды. Ұл туды, қыз туды. Секең серілікпен кино қуып таңды атырып, қыз таңдап осы уақытқа дейін бойдақ жүре берер ме еді. Кім білсін. Қазір қосағымен қоса ағарып үнді шайын үріп ішіп, шалқып-тасып отырғаны сол жылғы Ойылдағы өлген жыланның арқасы екенін бұл өңірде менен басқа ешкім біле бермейді.
Төрежан МӘНДІБАЙ.
…деген екен
Бір дүбірлі айтыстан соң ақындарға атаулы жүлде тарату кезінде Есенқұл Жақыпбековке ХІХ ғасырда өмір сүрген соқыр Шөже атанған атақты айтыс ақыны атындағы жүлде тиеді. Онсыз да көзінің көктігін құрдастары бетіне басып жүрген Есағаңа бұл ауыр тиеді. Қолына домбырасын алған Есенқұл:
— Жүлдесін алып тұрмын Шөже ақынның,
Өтеуін алып біттім көз ақымның.
Қос көзім шырақтай боп келіп едім,
Қайтарда соқыр болып баратырмын, — дей бергенде, бір бүйірден қосылған құрдасы Шорабек Айдаров:
— Есенқұл, бұл сөзіңе жауап болар,
Құрдасым бүгін маған кәуап болар.
Ақыры соқыр Шөже атаныпсың,
Көзіңді шұқып алсам, сауап болар, — деген екен.
***
Көпеннің әзілдеп айтқан әңгімесін Шымкент қаласында тұратын ақын ағасы Нармахан Бегалыға біреулер басқаша бұрып жеткізсе керек. Бұра тартқан бұралқы өсекке имандай сенген Нарағаң Алматыдағы Көпен інісіне өкпелеп, хабарласпай қояды. Онысын іштей сезген інісі бір жылдан соң ағасының Темірландағы кеңсесіне соқса, орнында жоқ екен. Қағазға өлең жазып, хатшы қызға тапсырып кетіпті.
Өсек-аяң жыландай неткен шұбар,
Бір ағаттық ініден кеткен шығар.
Нарағамның көңілі — шәйі орамал,
Бір жаз, бір күз, бір қыста кепкен шығар.
Үр сөзімді үрлейді бәрі індетіп,
Құдай сізді жаратқан дарынды етіп.
Көзі шегір Көпенің келіп қалды,
Сүйсең – Көпеш, сүймесең – Әмірбеков!
***
Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Ақтөбе облысында Халықаралық этнофестиваль өткізіліпті. Бұл шараға Баянғали Әйтеке би ауданының ең қиыр шеттегі Толыбай ауылына бара жатып, қасындағы ақтөбелік домбырашы Абдулхамит Райымбергеновтен:
— Әлемнің қанша елінде күй тарттың? — деп сұрапты.
— Аустралиядан басқа жердің бәрінде болдым! — депті ақтөбелік күйші.
— Толыбайда болдың ба? — депті ақын.
— Жоқ! — дейді күйші.
Толыбайға келіп түсе бергенде, Баянғали Абдулхамитке:
— Созады нағыз дарын қолын айға,
Өнердің бастамайды жолы қайда?
Әлемді аралаған Абдулхамит,
Ақыры келді-ау, міне, Толыбайға! — деген екен.
Ауыл айтқыштары
Бір кісі Абайдың қарасөзін, өлеңдерін жатқа айтады екен. Әр әңгімесінде данышпанның нақыл сөздерін келтіріп отыратын әдеті бар. Бір күні мал қарауға мініс атын сұрай келген інісіне әр нәрсені сылтауратып көлігін бере қоймай, тағы да мақал-мәтел айта бастаса керек. Сонда шыдамы таусылған інісі:
— Көке-ай, сөзің — Абайдікі, тірлігің — Құнанбайдікі, — деп, үйден шыға жөнеліпті.
Дайындаған Самат НАРЕГЕЕВ.



