Құрдастардың қалжыңы

— Құрдастар кездескенде қалжыңдасып, мәре-сәре болушы еді, көңіліміз әзілмен толушы еді. Немене тұнжырап тұрсың? Қайда біздің езу үйірер әзіліміз?
— Е-е, әзіл дегенің тоқырады, қазіргі адамдар аузын буған өгіздей отырады. Аңқау басым бір құрдасқа қалжыңдаймын деп, қалжырап қалғаным бар. Содан сыбағама тойдым да, ойын-қалжыңды қойдым.
— Не болып қалды сонша?
— Арам ойдан адамын, бір құрдасқа: «Қалай, ақмаңдайлың оқуын бітіріп келдіме, саған есебін берді ме?» —дегенмін.
Ертеңіне ойымда ештеңе жоқ, қаннен-қаперсіз келе жатсам, әйелі сәлемімді алмастан, аттың басын қоя берді. «Немене, мені айырып алып, тоқал қылайын деп пе едің?» —дейді келіп. «Ойбу, бала-шағамды әзер бағып отырмын, сені не қылайын», —дедім. Ол өршігіп кетті. «Маған сенің қалжың-малжыңың қажет емес, құрдасың қалжың түсінетін адам емес, ал қазір қалжыңдайтын заман емес», —деді. Сөйтсем, құрдасымыз үйіне барған соң әдемілеп «есебін» алыпты. Сондықтан қою керек.
— Қою керек емес, әзілді түсінбейтіндерді әлде де сою керек. Айтқандай сен байып кеттің ғой деймін?
— Қызықсың-ай! Ондай бақыт қайда-а?.. Мен байып кетсем, сен қызғанып, қасымнан тайып кетер едің. Жай ғана тайып кетпей, мені капиталист деп елге жайып кетер едің.
— Тіліңе шоқ түссін! Сені жамандап не көрініпті. Деген мен байыдың ғой деймін.
— Қойшы-ей!
— Ау, үй сатып аламын деп жүрген өзің емес пе?
— Қайбір жетіскеннен үй іздеп жүр дейсің. Баяғы енесі мен келіні арасында мықты «повреждение» болмай тұрғанда, қарыздансам да, қауғалансам да, абыроймен бөлек шығып кетейік дегенім ғой.
— Сен анна Қым қиғашты білесің ғой?
— Қымқиғаш?..
— Бастауышта бәріміз ғашық болып, баяндауышта ескірген соң қашуға асық болатын Қиғашқасты айтамын…
— Е-е, не болды?
— Маған: «Сенің бастық болатыныңды білген жоқпын. Білгенде саған тиіп алатын едім», —дейді.
— Сен не дедің?
— Не дейін, екі аяғымды бір етікке тығып отырмақсың ғой дедім.
— Қатырған екенсің.
— Мен қатырдым десем, «Екі аяғыңды бір етікке кім тықса да, бәрібір емес пе» деп, ол менен асырып кетті.
— Дұрыс айтады. Менің күлкім келіп тұр.
— Күлсейші, өзіңді өзің қинамай.
— Сені бар ғой, бет-аузыңды түгел ораған мына қаба сақалыңмен, дөңкиген тау мұрыныңмен он шақты грузинге қосып жіберіп, араластырып-араластырып шашып жіберіп, Әбіш қайда десе, таба алмай қаламыз.
— Ал сені бар ғой, мына ырғайдай мойыныңмен, ілмиіп, серейген бойыңмен, шүңірейген көзіңмен, ырсиған қабырғаңмен жалаңаштап қойып, суретке түсіріп алып, соғыс кезінде тұтқында болған Беріктің әкесі деп өзіміз оқыған мектептің музейіне тапсырсақ, қуана қабылдайды. Ал менің күлкім келетіні — осы жұрт басқа Серіктерді Дүйсенбайдың Серігі, Сейсенбайдың Серігі, Сәрсенбайдың Серігі дейді де, осы сені неге ала-бөле жынды Серік дейді?
— Олай деп мендей бола алмағандар, мені көре алмағандар, мен сияқты заманға сай өмір сүре алмағандар айтады.
— Сен өзіңнің кім екеніңді білесің бе?
— Серікпін.
— Жоқ, оданбасқа…
— Ал, жақсы, жынды Серікпін.
— Олай да емес.
— МАИ шығармын.
— МАИ болғанда да — Машина аңдыған итсің. Мемлекеттің аш итісің.
— Не деп түрсың? Сен мені көре алмайды екенсің ғой. Көрсетейін мен саған!..
— Әй,әй, қалжыңды түсінбейсің бе? Жүр, жолға шығайық. Маған он литр бензин тауып бер.
Бердібай КЕМАЛ.
Екі дос
Баяғыда екі құрдас болған екен. Бірінің аты – Досбол, екіншісі – Ақмырза. Ауылдары аралас, қойлары қоралас көрші отырыпты. Досбол егін егеді екен, бір жылы әдеттегіше егінді жиып, дәнді құйып болған соң, баласы:
— Көке, қырман қандамаймыз ба? — депті.
— Шырағым, биыл өнім аз, қаптай салыңдар, — дейді көкесі.
«Қырман қандамаймыз ба?» дегені егінді жинап алған соң, дәнді қаптамай тұрып, мал сойып, садақа беріп, сойған малдың қанын дән үстіне сеуіп барып қаптайды екен.
Бұл жай Ақмырза құрдасының құлағына тиеді.
«Биыл Досбол қырман қандамай, егін жинап алыпты, бір тоқтысын шығын көрген ғой шамасы, ебін тауып есесін қайтарайық» деп, бір қуды шақырып алып, оған былай деп түсіндіреді:
— Сен ақ матаға оранып ал, белің мен төбеңнен түйіп байлан, еш жерің көрінбейтін болсын. Сосын таң алдында Досболдың терезесінің алдына барып: «Ей, Досбол, қырманыңды ұрлап сүзіпсің! Құдайдан безіпсің!» деп үш мәрте айғайла. Соны айт та, молаға жаймен сүйретіліп жүре бер, — дейді.
Қу жігіт ақмырзаның айтқанын дәл солай орындайды. Таң алдында дауысты естіп, шошып оянған Досбол іргені түріп қараса, ақ киімді біреу молаға қарай сүйретіліп кетіп бара жатыр екен. Қорқып кетіп, әйелін оятады.
— Тұр, кемпір, кешегі қырман қандамағанымызды көкем жаратпаған екен. Аян беріп кетіп барады, әне!
— Ойбай-ай, бір тоқтыны қимай, көрдегі атамды тұрғыздың-ау! Түсімде жүдеп жүр еді, осы екен ғой, — деп кемпірі зарлап қоя береді.
Ертемен мал өргізгенде, Досбол бір ту қойды сойып, көршілерін жинайды. Болған жайды құрдасы Ақмырзаға айтады.
Арада біраз уақыт өткен соң, Досбол құрдасын сағынып, сәлемдесіп, Ақмырзаның үйіне барады. Құрдасының үйіне келіп, сыртта аттан түсіп жатса, Ақмырзаның балалары: «Ей, Досбол, қырманыңды ұрлап сүзіпсің, құдайдан безіпсің!» деп тақ-тақ етеді. Сонда ол баяғы бәленің Ақмырзадан келгенін біле қояды да, атына қайта мініп, үйге кірместен қайтып кетеді.
Бұның есесін қайтарғысы келген Досбол балаларына келіп былай дейді:
— Ақмырзаның үйі бүгін көк шалғынға көшіп келіп, қосын тігіпті. Түнде білдірмей сол қостың төрін есікке, есігін төрге қаратып бұрып қойыңдар.
Балалары әкесінің айтқанын екі етпей орындайды. Түн ортасы шамасында Ақмырза тысқа шығайын десе, есік орнында жоқ. Кемпірін оятып, көмген отты үрлеп жағып қараса, есік төрге қарап қалыпты. Қорқып кеткен Ақмырза ертесіне қарттарды жиып, мән-жайды айтса, ішіндегі молдасымақ біреу:
— Үйіңді жын-перінің ойнағының үстіне тіккен екенсің! Құдай сақтапты. Ер-азаматтың басына түскен ауыртпалығын астындағы аты көтереді деген бар. Астыңдағы атыңды сойып, садақа бермесең, мына бәледен құтылу қиын, — депті.
Ақмырза көк шолағын көтеріп жығып, енді шалайын дей бергенде Досбол:
— Ей, Ақмырза, сен неге жыламайсың? Жыласаң, құрбаның қабыл болады. Шын жыласаң, атыңды шалмасаң да садақаға есеп болады. Екі дүниеде мен куәмін, — дейді.
Бұл әлектің Досболдан келгенін түсінген Ақмырза көкшолағын тұрғызып қоя беріп, Досболдың жағасынан ала түседі.
— Осы мазағың үшін бұдан былай көрмей-ақ кеттім. Мен өлсем, сен топырақ салма! Сен өлсең, мен топырақ салмайын! — депті.
Қанша әзілдессе де, Құдайы бір құрдас емес пе, Досбол кешірім сұрап, қонаққа шақырады. Бірақ әбден ашуланған Ақмырза илікпей қойыпты.
Арада бірнеше ай өтіп, ақ қырау түскен кезде, іңір қараңғысында бір кісі Ақмырзаның үйіне ат басын тіреп, сырттан дауыстап қаралы хабар жеткізеді. Әзілдесіп жүрер құрдасы өмірден қайтқан екен.
«Апыр-ай, Досбол сырқат еді деген хабар естімеп едім ғой» деп ойлаған Ақмырза сыртқа шықса, аты екі бүйірін соққан жаңағы хабаршы суыт шаба жөнеледі.
«Айы жеткен айында, күні жеткен күнінде деген осы-ау, — деп кемпіріне ақыл салады, —«Өлсең, топырақ салмаймын» деген сертім бар еді, не істесем екен?! — дейді.
— Сертің құрысын, — дейді әйелі, — Құрдасың өліп жатса, барып мақұлдығын ал, қол-аяғын соз, сүйегіне кір, кешірімі болар.
Досболдың үйіне таяй бергенде құрдасының әйелі жоқтау айтып, қара жамылып алдынан шығып, Ақмырзаның мойнына асылып зарлайды:
— Бәйтерегім құлады,
Ұзынынан түсіп сұлады.
Құрдасыңнан айрылдым,
Қанатымнан қайрылдым.
Қоса жылап ішке кірген Ақмырза құрдасының қол-аяғын созып, кешірім өтінеді:
— Құрдасым-ай, кешіре гөр, құдай қабыл етсін. Араздасып едім, мен кештім, — деп өкінеді.
Сол кезде ақ кебін жамылып жатқан құрдасы ұшып түрегеліп:
— Ит-ау! Мен өлгенде, келмеймін дегенің қайда, — деп дүрсе қоя бергенде, Ақмырза біраз уақытқа дейін есінен танып, талып жатқан екен дейді.
Ел аузынан.
Ауыл айтқыштары
Досболай деген кісі демалыс күні өзі басқаратын учаскеге телефон соғады. Оған сол жерде жұмыс жасап жатқан Жаңатуған деген құрдасы жауап береді. Досболай оны танымаған болып:
— Бұл кім өзі, не жағдай болып жатыр? — десе, телефонның ар жағындағы құрдасы:
— Досеке, мен Жаңатуғанмын ғой, танымай қалдың ба?, — дейді.
Сонда Досекең:
— Әй, сенен қашан туғаныңды ешкім сұрап жатқан жоқ, жұмыстың жағдайын айт, — деген екен.
…деген екен
Қадыр Мырза Әлиді құрдастары «сараңсың» деп әзілдесе керек. Соны әркімдерден ара-тұра естіп қалған Сейтжан Омаров бірде:
— Қадыр-ау, біздің ауылмен құйрық-бауыр жесер құда болып қалдың ғой. Енді де үйіңе шақырмас па екенсің? — деп үлкендікпен әзіл айтыпты.
Сонда Қадыр Мырза Әли:
— Сәке-ау, құда мың жылдық деген емес пе, асыққанымыз не, мың жылға дейін сіз болып, біз болып талай шақырыса жатамыз ғой, — деген екен.
***
Ақын Әбдірахман Асылбековтің өтімді, пысық мінезін әріптес достары жақсы біледі ғой. Бірде Қадыр Мырза Әли Әбдірахманның баласын көріп, сәлемін алып, тілдесіп көрсе, оның да ертерек жетіліп, болайын деп тұрғанын байқайды ғой. Байқапты да: «Әбдірахманның баласы Әбдірахманнан гөрі Әбдірахманырақ екен» десе керек.
***
Белгілі жазушылар Сәкен Жүнісов пен Адам Мекебаев 1985 жылы Мәскеудегі әдебиет институтына оқуға түседі. Сонда тапқыр, әзілге жүйрік ақын Қадыр Мырза Әли: «Адам – Сәкен боламын деп, Сәкен – Адам боламын деп оқып жатыр», – деген екен.
Дайындаған: Самат НАРЕГЕЕВ.



