Жаңалықтар

АХАЖ қызметіне 90 жыл толды

мерейтойды ақтөбеліктер де тойлады

Биыл азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ) қызметінің құрылғанына — 90 жыл. Осы мерейтойға орай өткен аптада облыстық әділет департаментінде салтанатты шара ұйымдастырылды.

Тарихқа жүгінсек, 1921 жылы 5 наурызда Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесі азаматтық хал актілерін жазу бөлімдерін ұйымдастырды. Содан бері АХАЖ бөлімдері әр адамның тууынан бастап қайтыс болуына дейінгі оқиғалар мен деректерді растайтын құқықтық сипатқа ие құжаттарды тіркеп, рәсімдейді.

90 жылдыққа арналған салтанатты шараға осы қызметте ұзақ жыл еңбек еткен ардагерлер шақырылды. Әуелі қатысушылар қалалық АХАЖ бөлімінің қызметі және қызметкерлері туралы бейнематериалды тамашалады.

Облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары Наталья Шарипова АХАЖ қызметінің ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтап, Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырды. Ал құрметті ардагерлер Искра Хван, Халима Игісінова, Любовь Колган, Дәмегүл Исембаева, Мария Төлепова, Ольга Казанцева департамент басшылығына алғыстарын айтты.

Ақтөбе қалалық әділет басқармасының бастығы Валентина Мамбетова да АХАЖ қызметінің барлық қызметкерлеріне ыстық ықыласын жеткізіп, он жылдан астам уақыт осы жерде еңбек етіп келе жатқандарды марапаттады.

Қалалық АХАЖ бөлімінің қызметкерлері қазір Ресейдің Сведлов облысында тұратын Галина Слезкина мен қазір Саратов облысында тұратын Тамара Яковенконы да құттықтауды ұмытпапты. Галина Ақтөбенің АХАЖ қызметіне 40 жылдан астам еңбек сіңірсе, Тамара осы салада 33 жыл еңбек еткен.

Кеш «Аққу» би ансамблі бишілерінің биімен өрнектеліп, жас өнерпаздардың әніне ұласты. АХАЖ қызметінің бір топ қызметкерлері шығарған 90 жылдыққа арналған әнұран да осы кеште шырқалды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button