Мәдениет

Нұрсұлудың әлемі

ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің дизайн кафедрасының оқытушысы Нұрсұлу Тналинаның өнеріне немқұрайды қарау, елемеу мүмкін емес.

Нағашыдан дарыған өнер

Шебердің үй іші талғаммен безендірілген: суретшінің түрлі техникамен салынған картиналары ілінген, өзі жасаған қолөнер бұйымдары да өз орындарын үйлесіммен тауып тұр. Жүннен, анығы, киізден жасалған бұйымдар бірінен-бірі өтеді, тек көретін көз керек: кәдесыйға ұсынатын шағын түйелер жүннен жасалса, кәдімгі қалпақ, тіпті алқа мен сырға да киіз басу әдісімен жасалыпты.

— Киіз десе, көз алдымызға киіз үй мен киіз төсеніш елестейді, жалпы киіз ұғымы архаизм боп бара жатқан еді… Ал қазір жүннен түрлі бұйым басу шеберлігі қайта жаңғырып отыр. Қазіргі қолөнер шеберлері киіз басып, түрлі сәнді киімдер — пиджак, жейде, шәлі, шарф, бас киім жасайды. Сондай-ақ сөмке, шаш қыстырғыш, әшекей бұйымдарын, аяққа іліп алар сүйретпелер жасау да сәнге айналды. Тіпті, үй ішін безендіруге арналған түрлі бұйымдарды да жасауға болады, — дейді кейіпкер.

Нұрсұлу бала күнінде нағашы әжесі Жаңғақтың жүн түтіп, киіз басқанын талай көрген, «шеберлігім сол әжемнен дарыған болуы керек», — дейді ол. Шебер көбіне киіз бұйымдарды қолы қалт еткенде жасайды. Жүнді жуып, түту, бояу, киіз басу секілді процестің бәрін бір өзі үй жағдайында атқарады. Сосын көрші Ресейдің сауда орындарында жүндердің сан алуан түрі, тіпті, дайын өнім — киізді де сатып алуға болатынын қызыға әңгімеледі.

«Нуно-киіз»

«Үнемі білім көкжиегіңді кеңейтіп отыру керек, бір орында тұрып қалуға болмайды» деген қағиданы ұстанған ізденімпаз Нұрсұлу облыстық, республикалық, сондай-ақ халықаралық жәрмеңкелерден қалмауға тырысады. Әріптестерімен араласып, тың тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін, әрі киізді жан-жақты насихаттайтын семинарларға 2007 жылдан бері қатысып жүр. Мұндай семинарлардың дені біздің елде «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Орталық Азиядағы Еуразия қоры, «Шеврон» компаниясы, «Біздің мұрамыз» қазақстандық қоғамдық қоры, ҚР Мәдениет министрлігі, қолөнерді қолдайтын «САСSА» Орталық Азия ассоциациясының бірігіп ұйымдастыруымен өтеді.

— Осындай семинарлардың бірінде «нуно-киіз» техникасы  арқылы шарф дайындауды үйреніп келдім. «Нуно» — жапон тілінен аударғанда «мата» дегенді білдіреді. Ал «нуно-киіз» — мата мен киіздің үйлесімділікпен бірігуі.  Мата бетіне жүн жұқалап жайылып, жақсылап басылады. Бұған шифон, органз, жібек түрі — креп-жоржет маталарын таңдаған жөн. Өйткені бұлардың үстіне жүн басқанда, жақсы бірігеді, — деп, бізге осы технология бойынша жасаған шарфтарын көрсетті. Жұмыстарының атаулары бар: бірі — «Жаз», бірі — «Керуен». Суретші бірінші шарфтың шетіне киізден гүл басса, екіншісіне түйелер және оның жолы — бұйрат құмдарды толқынмен бейнелепті.

Киіз басудың түрлі техникасы мен технологиясын меңгерген, негізінен қой жүнін пайдаланатын Нұрсұлу бізге, мәселен, киізден басылған гүлді киіз бұйымының өңіріне инемен тығыздау арқылы жіпсіз біріктіруге, желімсіз жапсыруға болатынын әңгімеледі.

Қолөнер шеберлерінің семинары Қырғызстанда да жиі ұйымдастырылады. Нұрсұлудың айтуынша, қырғыздар киіз басу шеберлігіне үлкен мән береді:

Ал біздің елде ешкім киізге аса қызығушылық танытпайды, киіз бұйымдарына сұраныс та көп емес. Киіз басуға көңіл бөле бастаған қолөнер шеберлерінің арнайы шеберханасы жоқ. Сондықтан жүнді үй жағдайында өңдеуге мәжбүрміз. Облыс орталығынан бір шеберхана ашылса, бір жағында өндіріс цехы қайнап, екінші жағында сауда қызып жатса, — дейді.

Әйтпесе, киіз бұйымдардың бағасы да қымбат. Қазір біздің қалада ұлттық нақыштағы шағын кәдесыйларды сататын жерлер саусақпен санарлық. Ал егер қолөнер шеберлері бір жерде жұмыс істеп, қолдан шыққан дүниелері де бір жерде сатылып жатса, бағасы да қазіргіден гөрі едәуір төмен болар ма еді…

Елде жүн бар, бірақ…

Жүннің емдік қасиеті бар. Мәселен, ит жүнінен тоқылған киімді ревматизммен ауырған науқастар кисе, пайдалы. Тіпті, ертеде адамдар бастарын шарқатпен

таңып, сол арқылы тіс немесе бас ауруларынан айыққан деседі.

Жүннен жасалған бұйымдар, әсіресе, ревматизм, остеохондроз және радикулитпен ауыратын науқастарға ұсынылатын болған.

Жүннің мынадай артықшылықтары бар: ылғалды сіңіреді, бойды термен бірге бөлініп шыққан улы заттардан арылтады, денені таза, құрғақ әрі жылы етеді. Барлық қасиеттерінің ішінде ең жақсысы — температураны бірқалыпты сақтау қасиеті. Жүннен иірілген жіп өсімдіктен алынған жіптен гөрі ерекше жылы әрі ылғалды өте баяу сіңіреді.

Қой жүні әр ауылда бар. Бірақ оны жаратып жатқандар аз. Асса, көрпе ішіне салып, иіреді. Болмаса, өртеп жібереді. Ал біздің кейіпкеріміз жүнді қайдан алады?

— Айтсам, күлкілі. Қырғызстанға семинарға барғанымда сатып әкелген жүн қорым әлі бар. Ол таусылса, базардан сатып алармыз. Бірақ ол жүннің жартысын өзім дәріс беретін университеттегі шәкірттеріме тәжірибе жасау үшін де апарамын. Өліп бара жатқан киіз басу өнерін кейінгіге үйретсем деймін.  Жас ұрпаққа білгенімді үйретуден жалықпаймын, — дейді. Бізге көрсеткен бұйымдардың біразы сол шәкірттерінің қолынан шыққан дүниелер екен.

Сондай-ақ Нұрсұлу шебер бұйым жасар алдында жүн таңдайтынын, ол үшін қырықтық сырын білген маңызды екенін айтты. Оның айтуынша, көктемде қырқылған жүн күздегіден гөрі ұзындау әрі жұмсақ, ал күзгі қырықтықтың жүні қаттылау әрі қысқа болады. Сондықтан киіз басу өндірісінде негізінен күзде қырқылған жүн қолданылады. Жүннен жасалған бұйымдарды жуу да үлкен мәселе. Тек қолмен ғана жуамыз. Суға көп салып қоюға болмайды, сықпаймыз. Іліп емес, тегіс жерге жайып қойып кептірген дұрыс.

«Айтпақшы, тағы бір мынадай қызықты дерек бар: жануарлар терімен бірге ланолин шайырын бөледі. Ал ланолин — бағалы өнім, ол түрлі майлар мен кремдердің негізі ретінде қолданылады. Ланолин 35-37 градус температурада ериді, әрі теріге тез сіңеді. Бұлшық етке, тамырларға, омыртқаға, тыныс алу жүйесіне оң әсер етіп, қан айналысын жақсартады», — дейді шебер.

Жылы ұя

Нұрсұлу — екі ұлдың анасы. Тұңғышы Алмас анасының жолын қуып, дизайнерлік мамандықты таңдапты. Қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің 4-курс студенті. Ал кішкентайы Руслан енді бірінші сыныпқа барады. Ол да кіп-кішкентай қолдарымен пластилин илеп, түрлі бейнелер жасайды. Қылқаламмен сурет салуға құмар.

Анасы Нұрсұлу үлкен семинарларға барғанда Алмасты ертіп жүретінін айтады. Ұлы да қабілетті. Бірде Алмас Түркияда өткен семинарға барып, «эбру» техникасын үйреніп қайтыпты. «Эбру» — «суда сурет салу» техникасы. Оның осы техника бойынша салған суреттері де бар.

— Киви жемісін ортасынан қақ бөліп, қарап көріңізші. Табиғаттың өзі бізге әдемілік сыйлайды, тек оны әркім өзінше көріп, сезінеді. Кейбіреулер оны тіпті де байқамауы мүмкін, — дейді ол.

Отағасы Қайрат зайыбы мен балаларының өнеріне қолдау көрсетпесе, қабағын шытып көрген емес.

P.S. Азияның төл туындысы — киіз бұйымдары қазір Еуропада да кеңінен танымал. Мәселен, Германияда Халықаралық киіз академиясы бар. Бұның бір филиалы мал шаруашылығымен айналысатын Голландияда көрінеді. Академия Түркия, Қырғызстан және басқа да киіз басу дәстүрін жетік меңгерген елдерге танымдық мақсатта семинарлар ұйымдастырып, оқытумен айналысады.

Біздің қазақ халқының ұлттық технологиясын өзгелер үйреніп, қазір әлем нарығында киіз басуға арналған машиналар да шығып жатыр. Қорқыныштысы сол, жаһандану процесі қазақтың дәстүрлі технологиясын  жалмап кету қаупі бар. Ал қолөнерге қызығушылықты арттыру — мәдени мұрамызды сақтап, қайта түлету мүмкіндігі. Ендеше бұл саланы дамыту үшін қолөнер шеберлерінің тыныс-тіршілігіне назар аударып, қолдауымыз қажет. Нұрсұлу секілді шеберлердің бар тілегі: ақтөбелік қолөнершілердің шеберханасын ашу.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button