Басты жаңалықтарМәдениет

«Ер Едіге»

Тұсаукесер

Ақтөбелік өнерсүйер қауым премьераны тамашалайтын күн алыс емес

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының қазақ труппасы «Ер Едіге»  этнофольклорлық тарихи драмасын сахналағалы отыр.

Ерекше форматтағы дүние көпшілікке ұсынылмастан бұрын спектакльдің авторы, қоюшы режиссері, шығармашылық топ өкілдерімен сөйлескен едік…

Бірнеше ұжымның бірлескен жобасы

Ақын Светқали Нұржанның пьесасы негізінде қойылған спектакльде, аты айтып тұрғандай, есімі аңызға айналған қолбасшы әрі батыр Едіге туралы баяндалады. Оның ат үстіндегі кезеңінің бір бөлігі негіз етіп алынған қойылым елімізде алғаш рет сахналанғалы отыр. Қоюшы режиссері —Халықаралық фестивальдердің лауреаты, көпшіліккетеатр және кино актері ретінде белгілі Данияр Базарқұлов. Аталған спектакльдің басқалардан ерекшелігі, мұнда Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония артистері де өнер көрсетеді. Атап айтсақ, «Арайлы Ақтөбе» ансамблі мен Қазақ камералық хорының әншілері фольклорлық туындыларды әуелетпек.

— Ең алдымен, спектакльге музыка мамандарын кірістіріп, олармен бірлесе ортақ дүние жасау үлкен еңбек екенін айтқым келеді. Бұл — ерекше ізденісті қажет ететін процесс. Спектакльдің басты ерекшелігі осында жатыр. Сондықтан композитор Серік Закария, хормейстерМербол Құспановтың еңбегін айрықша атап өту керек. Бәріміз ақылдаса келе, автордың келісімімен пьесаға азын-аулақ өзгерістер енгізіп, жаңаша форматтағы қойылымды жарыққа шығаруға тырыстық. Дайындық жұмыстары 2 ай уақытқа созылды.

Тарихи драманы этнофольклорлық туынды ретінде жеткізуді көздедік. Яғни жас ұрпаққа кеңінен насихаттау үшін сан түрлі музыканы қостық. Өйткені, жасыратыны жоқ, Едігенің кім екенін көпшілігі білмейді. Ол туралы жырдың қанша нұсқасы болса да, біреуін де оқымағандар арамызда баршылық. Бұл әсіресе жастарға қатысты, — деген Данияр Базарқұлов кей көріністерде ерекше режиссерлік шешімдерді қолданғанын да атап өтті. Айталық, шайқастардың өзі эстетикалық көріністермен, би қимылдарымен көрсетіліпті.

Режиссердің айтуынша, әдетте тарихи тұлғаға арналған спектакльдерде басты кейіпкерге ғана бар назарды салып, қалғандары соның көлеңкесінде қалып қойып жатады. Бұл жолы Едігенің жанында жүрген Тоқтамыс хан, Әмір Темір, Сыпыра жыраудың да болмыс-бітімін ашуға көңіл бөлінген. Сол арқылы Данияр алып тұлғалардың арасында жүру басты кейіпкерге тек оңды әсер еткенін, «жігітті жолдасына қарап тану» керектігін меңзепті.

— Менің ойымша, бұл — Едіге батырды көпшілік қауымға насихаттаудың бастамасы. Енді дүниежүзі бойынша осы тарихи тұлғаның ерлігін, жүріп өткен жолын кеңінен таныстырсақ, артық болмас еді. Сондай-ақ осы мүмкіндікті пайдалана отырып, спектакльде біз автордың идеясын ғана жеткізгенімізді баса айтқым келеді. Әйтпесе Едіге батыр туралы жырлар, оның өміріне қатысты нұсқалар да көп, — деді қоюшы режиссер Данияр Базарқұлов.

Қойылымның суретшісі Айбек Орынбасаров болса, костюм суретшісі—  ҚР Мәдениет қайраткері Әсия Құрманалина.

Басты кейіпкер не дейді?

Аталған театр директорының міндетін атқарушы Жандос Еспанбетовтің айтуынша, спектакльге көпшілік сахналарға шығатын актерлер мен филармония артистерін қосқанда барлығы 58 адам атсалысады.  Бастан-аяқ музыкалық аспаптармен сүйемелденіп, жанды музыка ойнап тұрады.

«Ер Едіге» этнофольклорлық тарихи драмасында ақтөбеліктер Мейірбек Шакенов, Марс Әбілхасанов, Мағзом Бақытжанов, Қазихан Балдаиров, Кеңес Кемалбаев, Нұрболат Өтеғұлов, Бағдат Телеуғалиев, Жанар Кемалбаева, Жанна Өтегендердің өнерін тамашалай алады.

— Бірер күнде спектакльдің тапсырылуы болды. Оған облыс әкімі бастаған атқарушы билік, мәдениет саласының өкілдері, өлкетанушы ғалымдар қатысты. Барлығы оң бағасын берді. Негізгі бағаны, әрине, көрерменнен күтеміз.

Премьера жөндеу жұмыстарынан кейін енді ашылатын Ахтанов театрының үлкен залында өтпек, — дейді Жандос Еспанбетов.

Сахнада Едіге батырды сомдайтын актер Мейірбек Шакеновке (екінші құрамда — Марс Әбілхасанов) хабарласқанымызда, ол үшін жанды музыканың сүйемелдеуімен өнер көрсету айрықша әсер сыйлағанын білдік.

— Себебі алдын ала жазылған кез келген әуеннің дыбысын ұлғайтуға немесе бәсеңдетуге болады. Ал мұнда оркестр қасыңда ойнап тұрады. Сондықтан жұмысымыз бір-бірімізге тікелей байланысты. Драматургиялық тұрғыдан да қиындықтар кездесті. Өйткені түрлі шайқастар, диалогтар бар.

Тарихтан Едігенің үлкен тұлға екенін білеміз. Оның тұтас болмысын бір қойылымның ауқымында көрсету мүмкін емес. Автордың, режиссердің бағыт-бағдарымен кейіпкерімді барынша ашуға тырыстым,  — дейді Мейірбек.

Намысын нәпсісінен биік қойған…

Бұл — өр рухты Едіге батырдың ерлігін дәріптейтін алғашқы қойылым. Қысқаша мазмұнына тоқталсақ, тарихи драмаТоқтамыс ханның әмірін орындап келген Едіге батырға Тоғайбек ханымның шербет сусын беруінен басталады. Түлкі бұлаңға салынған ханым Едіге мен Тоқтамыстың арасына іріткі салуды ойлайды. Намысын нәпсісінен биік қойған аңғарымпаз Едіге оған келісімін бермегенімен, әлгінің қулығы бәрібір іске асады. Жұртшылық  арасында «Едіге батыр ханымға көз салды» деген қауесет лезде тарайды… Айналып келгенде бұл екі азаматтың қарым-қатынасына әсер етіп, соңы бір-бірімен шайқасып, тартысқа түсуіне ұласады.

Спектакльде Алтын Орданыбіртұтас мемлекетке айналдырған қайсар мінезді бидің Әмір Темірмен байланысы да кеңінен қамтылады. Елден безген Тоқтамыс кінәз Витовты паналап, өзі жауды бастап келіп, жеңіліске ұшырайды. Едігенің ұлы Нұрадын келте ойлап, шарасыз қалған Тоқтамыстың басын алып, қырық нөкерімен бірге қырып салады. Асылдың сынығына қол көтерген баласына Едіге ызаланып, көп ұзамай өзі де өмірден өтеді. Қойылымның оқиғалары заманауи үлгідегі ақындардың жырлауымен байланысып отырады.          Халқының бостандығы үшін өмірін қиған, жүрек жұтқан батырдың теңдессіз еңбегі тарих беттерінде мәңгілікке сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ұлықталатыны сөзсіз.

Светқали НҰРЖАН, 

ақын, пьеса авторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері:

Едіге — күллі түркі жұртына ортақ үлкен тұлға.Ол — Алтын орданың сәулетін арттырып, қайтадан гүлденуіне бірден-бір үлес қосқан би. Өзімнің тарихи драмамда осының барлығы өрнектеліп отырады. Сондай-ақ туындыда бірқатар тарихи тұлға бар. Автор ретінде астарлы ақиқаттарды да жеткізуге тырыстым.

Негізінен, бұны әу баста Есенғали Раушанов ағамыз жазбақ болып, біраз ізденген еді. Өкінішке қарай, ол кісі өмірден өтіп кетті… Сондықтан осы шығармамды ақын ағамның рухына арнадым.

Жалпы, Едіге туралы жазамын деп 15 жылдан бері толғанып жүргенмін. Соның сәті былтыр Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлы «Едіге батыр туралы пьеса жазсаңыз…» деп өтініш жасағанда түсті. Сонымен, пьесам 2021 жылдың шілде айында жарыққа шықты. Көлемі 30 беттей.

Байқауымша, үлкен дүние шыққан сияқты. Бірақ өзім әзірге көргенім жоқ. Алла сәтін салып, көрермендердің көңілінен шығады ғой деген үміттемін.

Алтынай ЮНИСОВА,

облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

—Театр ғимараты ұзаққа созылған күрделі жөндеуден өткеннен кейін есігін «Ер Едіге» этнофольклорлық тарихи драмасымен ашқалы отыр. Ғимараттың қасбеті, үлкен залына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жарық беру қондырғылары, дыбыс күшейткіштері, сахна механизмдері толығымен алмастырылды.

«Ер Едіге» спектакліне келсек, бұл — есімі ел аузында ұрандалған өр рухты, қайсар мінезді Едіге батырдың айбары мен қуатын дәріптейтін болашақ жастарға үлгі, ұрпақтан-ұрпаққа ұлықталуы тиіс ғибратты туынды. Аталған тарихи драманың басты мақсаты — жалпы түркі әлемінің болмысын, соның ішінде Жем-Сағыз өзенінің бойында өмір сүрген ер Едігенің тағылымдарын басқа мемлекеттерге танытып, түркітілдес халықтарына ортақ тарихи тұлғаны насихаттау.

Өңірде Едіге есімін ұлықтауға бағытталған бірқатар шара атқарылып жатыр. Атап айтсам, облыс орталығында ескерткіштің орнатылуы, Ақтөбе қаласында көше атауының берілуі, облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан жыр мектебінің ашылуы, белгілі ғалымдардың қатысуымен өткен ғылыми-зерттеу шаралары, «Едіге деген ер екен» республикалық жыршылар байқауы, «Едіге» жинағының күйтабақ түрінде шығуы, басқа да жұмыстар. Осы спектакль — соның заңды жалғасы.

Қойылымға белгілі ақын Светқали Нұржан пьеса жазса, қоюшы режиссері Данияр Базарқұлов Алматыдан арнайы шақыртылды.

Ахат МЫРЗАЛИН,

«Ер Едіге» қоғамдық қорының төрағасы:

—Спектакльдіңтапсырылуында болдым.Едігенің тарихтағы рөлін, жалпы болмысын жақсы көрсеткен. Сән-салтанаты келіскен, сахналық көріністері көз тартады. Менің ойымша, көпшіліктің көңілінен шығуы керек.Қойылымда Едіге тек көп толғанады… Батыр деген қызуқанды, тез шешім қабылдағыш келеді ғой деп ойлаймын. Әуенмен әрлеуі, сахналық костюмдері ұнады.

Соңғы 2-3 жылда елімізде, соның ішінде Ақтөбеде Едіге батыр есімі жақсы ұлықталып жатыр. Ескерткіші қойылып, ұзындығы 6 шақырымнан асатын үлкен даңғылға аты берілді. Ғалымдар да жан-жақты ізденіс үстінде.

Енді батыр туралы тарихи фильм түсірілсе, жақсы болар еді. Біздің ендігі ұсынысымыз — осы.

                              Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button