Энергия үнемдеу жобасы
«Көп пәтерлі үйлерге автоматтандырылған жылу бөлімдерін орнатудың тиімділігі және энергияны үнемдеу». Кеше «Капитал Плаза» бизнес орталығында осындай атпен семинар өтті. Басқосуға Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ерхан Омаров, «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Тұрғын үй қатынастары департаментінің директоры Талғат Мұқанов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Қайрат Бақберген және пәтер иелері кооперативінің басшылары қатысты.
Алдымен қала әкімінің орынбасары Ерхан Омаров сөз сөйледі. Ол Елбасының Жолдауында энергия көзін үнемдеуге байланысты міндет жүктелгендігін, соған байланысты Құрылыс және Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігі жаңа жоба ұсынғандығын айтты. Энергияны тиімді тұтыну мақсатындағы пилоттық жоба біздің өңірде де жүзеге асырылатындығына тоқталды. Биыл Ақтөбе қаласындағы 20 тұрғын үйге термомодернизация жасалды. Және 9 нысанда автоматтандырылған жылу бөлімдері орнатылады.
Семинар барысында мамандар пәтер иелері кооперативтерінің басшыларына үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тұрғын үй көмегін алу механизмдерін, тұрғын үй коммуналдық шаруашылықтағы жаңа техникалық шешімдер мен ережелерді таныстырды. Көп пәтерлі үйлер мен әлеуметтік нысандарға автоматтандырылған жылыту бөлімдерін (АЖБ) орнатудың тиімділігі, үйлерді пайдалану және басқару бойынша кәсіби компанияларды құру жөніндегі пилоттық жобалар талқыланды.
«ТКШҚКазОрталығы» АҚ-ның өкілдерінің айтуынша, бірінші жартыжылдықта Ақтөбе қаласындағы ғимараттарға энергияаудит жүргізіледі. Соған байланысты 30 тұрғын үй мен 10 әлеуметтік нысан тексеріледі екен. Автоматтандырылған жылу бөлімдерін орнату бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылатын нысандар тізімі анықталғаннан кейін осы жылдың маусым айынан бастап мамандар ғимараттарға АЖБ орнату-монтаждау жұмыстарына кіріседі. Бір жылу беру маусымында жылу тұтыну төлемін 30 пайызға дейін үнемдеу мүмкіндігін беретін жылу өлшеу құралы Ақтөбе қаласындағы 1 емхана, 2 балабақша, 3 мектепте бюджет қаржысы есебінен орнатылады.
Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.
(Энергия үнемдеу мақсатында қолға алынған жоба туралы материалдың толық нұсқасын газетіміздің 11-бетінен оқи аласыздар).



