Жаңалықтар

Мораторий: тарифтер бағасы көтерілмейді

Тікелей эфир

ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің бұйрығына сәйкес елімізде биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін коммуналдық қызметтердің (жылу, су, электр, газбен жабдықтау) тарифтері мен бағаларын көтеруге мораторий енгізілді. Сондай-ақ тарифтер өткен жылдың желтоқсан айындағы бағамен қалдырылды. Атап айтсақ, бүгінгі күні өңірде салқын судың текше метрі — 75,94, ыстық судың текше метрі — 176,55, жылудың шаршы метрі — 101,22, электр энергиясының бір кВт/сағаты — 9,63, ал мың текше метр тауарлық газдың құны 9650,01 теңге болып белгіленді.

Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Болатбаев тікелей эфир барысында айтып берді.

— Коммуналдық тарифтер бағасы бүгінде Үкіметтің ерекше бақылауында. Осыған байланысты департамент тарифтердің өсуіне жол бермеу бағытында барлық шараларды қабылдап жатыр. Департамент облыста 51 бағыт бойынша 98 табиғи монополия субъектісінің қызметін реттейді. Оның ішінде сумен жабдықтау және кәріз саласында — 44, электр энергиясы саласында — 6, жылу энергетикасы саласында — 18, кірме жолдар саласында — 26 және газ саласында — 4. Өткен жылы табиғи монополия субъектісінің 45-тен астам өтініші қаралып, оның ішінде 3 субъекті үшін ұзақ мерзімді кезеңге тарифтер бекітілді. Сонымен қатар былтыр 17 субъектіге қатысты бұзушылықтар анықталып, департамент жалпы мөлшері 1 205 807 294  теңгеге уақытша өтемдік тарифтер енгізді, — деді Н.Болатбаев.

Оның айтуынша, мораторий кезеңінде табиғи монополия субъектілері тұрғындар үшін тарифтерді көтерген жағдайда ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 164-бабының 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

  • Сондай-ақ биыл комитеттің тапсырмасы бойынша департамент «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жаппай тәртіпсіздіктерден зардап шеккен бизнес нысандарына қолдау ретінде 2022 жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімге коммуналдық төлемдерді төлеуді кейінге қалдыру және өсімпұлды есептемеу шараларын жүзеге асыруда. Ал мұнай өнімдерінің белгіленген шекті бағаларына келсек, қазір өңірде АИ-80 маркалы бензиннің литрі — 89, АИ-92/93 маркалы бензиннің литрі — 182, АИ-95 маркалы бензиннің литрі – 215 және дизель отынының (жазғы, маусымаралық) литрі 230 теңге болып отыр. Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 122-бабының 3-бөлігіне сәйкес кәсіпкерлер мұнай өнімдерінің бағасын белгіленген шекті бағадан асырмауға міндетті. Егер бұған қатысты бұзушылықтар анықталған жағдайда кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 171-бабының 1-бөлігі бойынша айыппұл салынады, — деді департамент басшысы.

Тікелей эфир соңында департамент басшысы әлеуметтік желілерден түскен сауалдарға жауап берді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button