Жаңалықтар

Мүдде мен құқық қорғалады

Өткен жылы өңірдегі кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау желісі бойынша 159 өтініш келіп түскен. Олардың 150-і оң шешімін тауыпты. Бұл туралы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында айтылды.

2021 жылы 12 кеңес отырысы өткізіліп, қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға 27 ұсыныс енгізілген. Оның 24-і қолдау тауыпты. Ал кәсіпкерлердің

құқықтарын бұзғаны үшін 4 лауазымды тұлға әкімшілік, тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Өткен жылы түскен өтініштердің басым бөлігі мемлекеттік сатып алу мәселелеріне және лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты.

— Шешімін тапқан мәселенің бірі ретінде «ҚазТрансГазАймақ» Ақтөбе өндірістік филиалына қатысты шағым түсірген 351 кәсіпкердің шағымын айтуға болады. Аталған мекеме жылыту маусымының алдында кәсіпкерлерден заңнамада көрсетілмеген құжаттарды сұраған. Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені прокуратурамен бірге қарап, талдау жүргізді. Мәселені егжей-тегжейлі зерттегеннен кейін бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті «ҚазТрансГаз Аймақ»-тың  Ақтөбе өндірістік филиалының атына бұзушылықтарды жою және коммуналдық-тұрмыстық газ тұтынушыларының заңды құқықтарына қысым жасауды тоқтату туралы хабарлама шығарды, — деді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Руслан Куйшинов.

Нәтижелі жұмыстардың бірі ретінде «Жаңа Тұрмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 32 миллион теңге көлеміндегі мүліктік құқықтарының қалпына келтірілгенін де айтуға болады. Кеңес төрағасы Есімхан Құрманғазиннің айтуынша,  «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының лауазымды тұлғалары аталған шаруашылық иесінен 32 миллион теңгені мерзімінен бұрын өндіріп алу, барлық мүлікке тыйым салу және екі жер учаскесін сату фактісі бойынша сотқа негізсіз талап арыз берген. Облыс прокуратурасымен бірлескен кеңес отырысында талап арыздың негізсіз екендігі дәлелденді. Келіссөздер қорытындысы бойынша корпорация филиалы мен шаруа қожалығы татуласу келісімін жасады. Сот тараптардың татуласуына байланысты азаматтық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарды.

Кеңестің биылғы бірінші отырысына Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының жаңа директоры Дана Бекбауова қатысты. Кеңестің ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button