Жаңалықтар

Хромтаулықтардың 76 пайызы вакцина алған

46 мыңға жуық адамы бар ауданның тұрғындары бүгінгі таңда екпенің үшінші компонентін белсенді түрде салдырып жатыр.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Мақсат Серғазин вакцина алуға қарсы көрсетілімдері жоқ 27 449 адамның 76 пайызы екпенің екі компонентін де алғанын айтты. Ревакцинация науқаны басталғалы екпенің үшінші компонентін тұрғындардың 46 пайызы салдырыпты. Мұнда да балалар мен жүкті әйелдер, сондай-ақ емізулі баласы бар аналар үшін «Pfizer» вакцинасы қолданылады. Екпенің бұл түрі вакцинаның үшінші компонентін салдыруға  ниетті медицина қызметкерлері мен жасы 60-тан асқан тұрғындар үшін де қолжетімді.

Хромтау қаласындағы №2 мектеп-гимназиясының мұғалімі Динара Кабаева екпенің үшінші компонентін алғандардың бірі. Вакцинаны індеттің алдын алудың ең басты жолы деп білетін мұғалім қоғамдағы екпе туралы теріс пікірлерге мән бермей, тек мамандар сөзіне құлақ асу қажеттігін айтады.

— Вакцинаны алдымен отбасымыздың амандығы үшін салдырдық. Өзім мектепте жұмыс жасаймын, күйеуім — ішкі істер саласының маманы. Екеуміз де өткен жылы екпенің екі компонентін салдырдық. Уақыты келген соң ревакцинациядан өтіп жатырмыз. Біз жұмыс жасайтын ұжымның барлығы дерлік екпе салдырды. Балалармен тікелей жұмыс жасаған соң бұл маңызды деп білемін. Мектебіміздің оқушылары да екпе салдырып жатыр. Бұл науқанға барлығымыз бір кісідей атсалысып, індетке қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыруымыз керек, — дейді Динара Кабаева.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button