Жаңалықтар

Эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі

Эпидемиологиялық жағдай бойынша Ақтөбе әлі күнге «қызыл» аймақта. Коронавирус жұқтырушылар да азаймай тұр. Айталық, 27 қаңтар, бейсенбі күні 497 жағдай тіркелген.

Ақтөбе облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанованың айтуынша, үй карантиніне 10837 адам алынған.

— Жас құрамы бойынша айтар болсақ, науқастардың көпшілігі — 30-39 жас аралығындағы ақтөбеліктер. Егде тартқандар арасында да жұқтырушылар көп. Ал 14 жастағы балалар арасында жыл басталғалы 785 жағдай тіркелген. Соның 183-і — 1 жасқа толмаған нәрестелер, — деді ол.

Брифингте өткен жылдың қорытындысы бойынша 47 мобильді топ пен полиция органдарынан түскен материалдар бойынша 93 миллион теңгеге 950 әкімшілік айыппұлдың салынғаны хабарланды. Биылдыққа құзырлы органдар тәртіп бұзушыларға қатысты 91 мың теңгеге 2 айыппұл рәсімдеген.

—  Бүгінгі таңда облыс бойынша 380256 ​​адам коронавирусқа қарсы вакцинаның 1-ші бөлігімен, 355122 адам 2-ші бөлігімен егілді. Реакцинацияланған адамдар саны — 52414.

12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге сондай-ақ жүктілік мерзімі 16-37 апталық жүкті әйелдерге және емізулі баласы бар әйелдер «Pfizer» екпесін салу жүргізіліп жатыр. 1-ші бөлігімен — 10 209  адам, 2-ші бөлігімен 6116 адам егілді. 

Вакцинация коронавирус инфекциясының алдын алудың ең тиімді әдісі, ал ревакцинация иммунитетті арттыратынын еске салғым келеді, — деді Райхан Қойшанова.

Сонымен қатар кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров қазіргі кезде инфекциялық ауруханада 285 адамның ем алып жатқанын атап өтті. 17 науқас жансақтау бөлімінде жатыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button