Жаңалықтар

Ақтөбелік ғалымдардың  жеңісі

Былтыр Білім және ғылым министрлігі отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерді көтермелеп, ынталандыру мақсатында «Үздік ғылыми қызметкер» республикалық байқауын ұйымдастырған болатын. Байқауға қатысқан 50 үздік ғалымға Министрлік алғаш рет қомақты сыйақы берді. Ғалымдардың әрқайсысы 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 5 834 000 теңгеден сыйақыға ие болды.

Үздік ғылыми қызметкерлер арасында біздің өңірден М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің гигиеналық пәндер кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Арыстан Мамырбаев және осы университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі департамент жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ақмарал Баспақова бар.

Арыстан Мамырбаев аталған байқауға «Репродуктивті денсаулықты және балалар денсаулығын қорғаудағы жаңа технологияларды талдау» тақырыбындағы ғылыми жобасын, ал Ақмарал Баспақова «Ақтөбе қаласындағы арнайы орта оқу орындарындағы жасөспірімдердің дұрыс тамақтануына және денсаулыққа қатысты тәртібіне гигиеналық баға беру» және «Арал теңізі аймағында тұратын темір жетіспеушілік анемиясы бар жастарға арналған құнарлы тамақтану және денешынықтыру бағдарламалары» тақырыбындағы ғылыми зерттеу нәтижелерін ұсыныпты. Сондай-ақ Ақмарал байқауға ұсынған материалға осы ғылыми жұмыстың нәтижелері бойынша жарық көрген ғылыми мақалаларын және құқықтық құжаттарын, тәжірибелік ұсыныстарын да қоса тіркегенін айтты.

— Сиыр жылы мен үшін ерекше жыл болды, наурыз айында Білім және ғылым министрлігінен «Қауымдастырылған профессор», маусым айында «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және желтоқсан айында «Үздік ғылыми қызметкер» атандым.Елімізде Мемлекет басшысының ғалымдарды ынталандыру және ғылыми қызметтің беделін арттыру жөніндегітапсырмасына орай бірқатар нақты шаралар әзірленіп, іске асырылып жатыр. Айталық, былтыр гранттық негіздегі ғылыми жобалар көп ұйымдастырылды. Оның ішінде алғаш рет қомақты сыйақы тағайындалған «Үздік ғылыми қызметкер» байқауыда бар. Бұл байқауда еліміз бойынша денсаулық сақтау саласы бойынша 7ғалым үздік атаныпты, соның бірі болғаныма қуаныштымын, — дейді Ақмарал Баспақова.

Үнемі ізденісте жүретінғылыми қызметкер әлемнің жетекші елдерінде ғылыми жұмыстар тек ағылшын тілінде талқыланатындықтан қазір осы тілдімеңгеріп жүр.

Қазіргі уақытта Ақмарал Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен бірнеше бағдарламалық ғылыми жобаларды іске асырып келеді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button