Басты жаңалықтар

Облыста төтенше жағдай режимі алынуы мүмкін

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин баспасөз мәслихатын өткізіп, өңірдегі ахуал туралы баяндады. Тәртіпсіздіктер салдарынан облыстық әкімдік ғимаратына келген шығын, кінәлілердің заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуы, қауіпсіздік шаралары және төтенше жағдай режимін сақтау, облыста бағаны тұрақтандыру, т.б. мәселелер бойынша журналистердің сауалдарына жауап берді.

Облыс әкімі қазіргі таңда өңірдегі жағдай тұрақты әрі бақылауда екенін айтты. Бүгінгі күні облыста төтенше жағдай режимі қатаң сақталуда. Өңірдегі ахуалдың тұрақтануына байланысты, сондай-ақ қаладағы көлік қатынасы мен тұрғындардың емін-еркін жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында екі күннен кейін облыста төтенше жағдай режимі алынуы мүмкін екенін жеткізді.

Өңірде қазір саяси ахуал тұрақтанып келеді. Бүгінгі күні облыста барлық тіршілікке қажетті нысандар жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ сауда, ірі өндіріс орындары, кәсіпорындар, мекемелер жұмыстарын жалғастырды. Қазіргі таңда біз елдегі эпидемиологиялық ахуалға алаңдап отырмыз. Өңірде ауру жұқтырғандар саны көбеюде. Мәселен, соңғы тәулікте 323 дерек тіркелді. Біз қолдан келгенше алдын алу шараларын қабылдап жатырмыз. Кереуеттердің санын көбейтіп, дәрі-дәрмек қорын қамтамасыз еттік. Ауруханаларға, емханаларға, дәріханаларға жеке-жеке тапсырмалар берілді. Қазіргі таңда індеттің үшінші толқынына дайындалып жатырмыз. Бұл тұрғыда әзірге ешқандай қиындықтар жоқ, — деді облыс басшысы.

Бұдан әрі облыс әкімі журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Баспасөз мәслихатында «КТК» телеарнасының Ақтөбедегі меншікті тілшісі Жаңалық Ахаш облыс әкіміне: «Ақтөбе тарихында алғаш рет демонстранттарға оқ атылып, газ шашылды. Осының бәрі облысқа Оразалин жетекшілік еткен тұста болған оқиға ретінде жазылып қалды. Бұл жайтты сіз қалай қабылдадыңыз, жүрегіңіз ауырды ма?», «Жүздеген адам сіздің алаңға шығуыңызды талап етті. Сіз шықпадыңыз. Себебін айта аласыз ба? Алаңға шықпау туралы шешімді жеке бас қауіпсіздігіңізге алаңдап, өзіңіз қабылдадыңыз ба, әлде біреу кеңес берді ме?», «Алаңға шыққан, яғни қызмет бабымен жүрген журналистер неге жауапқа тартылып жатыр? Билік неге журналистерден күдіктенді?» — деген үш сұрақ қойды.

Бұл сауалдарға облыс әкімі былай деп жауап берді:

— Мемлекет басшысы өз Үндеуінде өздерін «еркін» бұқаралық ақпарат құралдарымыз деп санайтындардың салдарынан көптеген мәселелер өршіп, жағдайлар болғанын атап өтті. Сол себепті біз екі жақты жауапкершілігімізді ұмытпағанымыз жөн. Қазіргі таңда жаппай тәртіпсіздік оқиғадан кейін тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көптеген тұрғындар тәртіпсіздік көрсеткені үшін жауапқа тартылуда. Оның ішінде әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар. Оның бәрі тергеу барысында анықталады. Сіздердің, журналистердің, арасында алаңға редакциялық тапсырмамен де, тапсырмасыз да қатысқандарыңыз бар. Бірақ тек сіздер ғана емес, сол алаңда болған барлық азаматтар құқық қорғау органдарына барып жауап беріп жатыр. Олардың арасында Ақтөбе қаласының әкімінен бастап әкімдіктің бірқатар қызметкерлері де бар. Сіздерді куәгер ретінде жауап алуға шақырса, қолда бар материалдар мен сіздердің сөздеріңіз айғақ, дәлел ретінде пайдаланылады. Соны ескеріңіздер. Жалпы, бұл мәселеде біздің облыста бірде-бір журналист қамауға алынған жоқ, — деген облыс әкімі әрі қарай өзінің неге алаңға шықпағанын айтып берді.

— Саяси басшы болған соң елде осындай келеңсіз жағдайдың болғанына жүрегім ауырады. Тіпті менің мыңдаған адам қырылып, қан төгіле ме деп қорыққаным рас.  Менің жасаған барлық әрекеттерім соны болдырмау болатын. Сол себепті біз қолдан келгенше жиналғандарды тәртіпке шақырдық, басу айттық, бірақ алаңда диалогқа баратындар аз болды. Келіп шын ниетпен халықтың мүддесін айтқандар санаулы ғана еді. Алаңға шыққандардың ішінде әртүрлі топтар болды. Атап айтсақ, олардың қатарында деструктивті жат ағымда жүргендер, Бестамақтағы шошқа фермасының мүддесін ойлағандар және тағы басқалар бар.

Мен бұған дейін де заңсыз әрекетке барып, түсініктеме берген жоқпын. Себебі ол —менің өзіндік ұстанымым. Егер заңсыз шараларға қатыссам, жиналғандарға уәде берсем, оның бәрін мен заңдастырғандай боламын. Бұрын да мұндай бағыттағы шараларға қатысқан жоқпын, кеше де шықпадым. Бірақ қарамағымдағы қызметкерлерді жіберіп, алаңға шыққандарға басу айтуды тапсырғаным рас. Ал «Оразалин тарихта қала ма?» деген сауалға келсек, «Оразалин қантөгіске жол бермегені үшін тарихта қалады», — деді облыс әкімі.

Өз сөзінде өңір басшысы тәртіпсіздіктер тек облыс орталығында ғана емес, бірқатар аудандарда да болғанын, соның салдарынан автокөлік, теміржол, әуе қатынасы тоқтап қалғанын, наразы топтардың мұнай, газ құбырын жабуға әрекет жасағанын атап өтті. Дегенмен өңірде тиісті шаралардың дереу қабылдануымен жағдай тұрақталып, бүгінде барлық нысандар мен мекемелер жұмысын жалғастыруда. Ал облыстық әкімдік шығындарына келсек, қазіргі таңда арнайы сарапшылар тексеру, есептеу жұмыстарын жалғастыруда. Алдын ала болжам бойынша әкімдікке келген шығын мөлшері 300 миллион теңгені құрап отыр. Бұл қаржы алдағы уақытта бюджеттен қарастырылатын болады.

Баспасөз мәслихатында облыс әкімі «Диапазон» газеті тілшісінің: «Өңірде төтенше жағдай режимінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?» және «Әкімдікте кадрлық тағайындаулар бола ма?» деген сауалдарына да жауап берді.

Төтенше жағдай режимін тек Мемлекет басшысы ғана енгізе алады. Осы орайда мен алдағы күндері өңірдегі жағдайдың тұрақтануына байланысты төтенше жағдай режимін алу туралы Президентке өтініш жасаймын. Себебі қазіргі жағдай қоғамдық көлік қызметіне, жалпы көлік қатынасына, облыстық әкімдіктің, орта және шағын бизнес нысандарының, басқа да мекемелердің жұмыс жасауына кедергі келтіріп отырғаны анық. Сондықтан осы мәселелерді назарға ала отырып, демалыс күндері төтенше жағдай режимін, сондай-ақ облыс аумағындағы блок-бекеттерді алып тастауды көздеп отырмыз. Дегенмен төтенше жағдай режимі алынғанымен, құқық қорғау органдары тиісті дәрежеде қауіпсіздік, сақтық шараларының қатаң сақталуын қадағалайтын болады. Ал кадрлық тағайындауларға келсек, бұл тұрғыда ешқандай өзгеріс жоқ. Менің өз қарамағымдағы қызметкерлердің жұмысына көңілім толады және оларға алғыс айтамын. Олар қиын сәтте өз міндеттерін адал орындады, — деді облыс басшысы.

Сөз арасында облыс әкімі өзге өңірлердегідей емес, біздің облыста әкімдіктен бөлек, басқа ғимараттарды, нысандарды тонау, өртеу оқиғалары тіркелмегендігін, осы орайда басқалардың мүлкіне нұқсан келтірмегені үшін ақтөбеліктерге ризашылығын білдіретінін жеткізді.

Баспасөз мәслихаты барысында облыс басшысы алаңға шыққандар арасында зардап шеккен, жарақат алған азаматтардың саны, Ақтөбе халықаралық әуежайына жасалған наразы топтардың «шабуылы», өңірдегі жауапты басшылар мен ел тыңдар ақсақалдардың халық алдына шықпау себебі, өңірдегі бағаны тұрақтандыру бойынша жүргізілген жұмыстар, т.б. мәселелер бойынша журналистер тарапынан қойылған сауалдарға тұшымды жауап берді.

Брифинг соңында облыс әкімі төтенше жағдай кезінде өз қызметтерін адал атқарған барлық сала қызметкерлері мен ел тыныштығын сақтауға атсалысқан азаматтарға алғысын айтып, алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдайлар мен тәртіпсіздіктердің қайталанбауы керектігін жеткізді.

  • Біз заң аясында жұмыс жасаймыз. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері де заң тұрғысында әрекет етеді. Біз тұрғындардың тыныштықта, бірлікте өмір сүріп, алаңсыз жүргенін қалаймыз. Ал тәртіпсіздіктер кезінде заң бұзған азаматтар болса, олар да заң тұрғысында жауап береді. Сол сияқты сіздер де бұл тұрғыда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірігіп, жұмыс жасаңыздар. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілі ретінде де, осы елдің азаматы ретінде де өңірдің дамуына, елдегі тұрақтылықтың сақталуына атсалысыңыздар, — деді облыс әкімі журналистерге ризашылығын білдіріп.

 Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button