Жаңалықтар

Тіршілікке қажетті барлық нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр

Кеше өңірдегі қазіргі жағдай төңірегінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров брифинг өткізіп, жұртшылықты алаңдатқан сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ тәртіпсіздіктер салдарынан облыстық әкімдік ғимаратына келген шығын, эпидемиологиялық ахуал туралы айтты.

— 4 қаңтар күні облыс әкімдігі ғимаратының алдына шамамен 2 мыңға жуық адам жиналып, бастапқыда газ бағасының төмендеуін, азық-түлік бағасының өсуін тежеу және жалақыны көтеруді талап еткенін білесіздер. Артынша саяси сипаттағы, соның ішінде Үкімет құрамын алмастыру сияқты талаптар қойылды. Арнайы арандатушыларға және митингтің стихиялық  көрініс алуына байланысты сындарлы диалог құру мүмкін болмады. Облыс аудандарында да наразылық акциялары өткізілді. Олар Ақтөбе-Астрахань, Самара-Шымкент, Қарабұтақ-Қостанай, Қандыағаш-Ембі тасжолдарын жауып тастады. Сонымен бірге теміржол станцияларында қозғалыс тоқтатылды.

Жалпы, облыс бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 2 мыңға жуық полиция және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері тартылды. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 17 полиция қызметкері жарақат алды. Қазір 2 қызметкер ауруханада ем алып жатыр, — деген Руслан Хамбаров бүгінгі таңда облыс бойынша жағдай бірқалыпты екенін, тіршілікке қажетті барлық нысандарштаттық режимде жұмыс істеп жатқанын қосты.

Деректерге сәйкес облысәкімдігі ғимаратынан басқа ешқандай нысанғазардап келмеген. Тонау деректері тіркелмеген.

Облыс бойынша 10 блок-бекет орнатылса, оның 3-еуі — Ақтөбе қаласында.

19 қаңтарға дейін елде төтенше жағдайдың жарияланғаны белгілі. Сағат түнгі 23.00-ден таңғы 7.00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Алайда қоғамдық тәртіпті бұзып, беймезгіл уақытта көшеге шығатындар әлі азаймай тұр. Айталық, өткен тәуліктерде полиция бөліміне169адам жеткізіліп, олардың 149-ы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Бағалардың аужайына келсек, қалада сұйытылған газдың литрі 50 теңгеден (аудандарда — 55 теңге) сатылып жатыр. Ал әлеуметтік маңызы бар тауарларды тұрақтандыру мақсатында ірі сауда желілерімен келіссөздер жүргізілген. Тәулік сайын дүкендердегі бағаға мониторинг жасалады екен.

— Өндіріс саласы жұмысшыларының басты талаптарының бірі жалақыны көтеру болды. Бұл ретте облыс әкімдігі шаралар қабылдауда.  

Биылғы 1 қаңтардан бастап өндіріс саласындағы 24 мың еңбек адамының жалақысы орташа есеппен 25 пайызға өсті.Ірі компаниялар бойынша атап айтатын болсақ, «Ақтөбе мыс компаниясы», «Коппер Текнолоджи», «Казгеоруд» кәсіпорындары жыл басынан жалақыны 20 пайыздан 50 пайызға дейін көтерді. Мұнай саласындағы ірі компания —«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы барлығы 6100 жұмысшыға еңбекақыны  25 пайызға дейін арттырды. Ал «Қазхром» акционерлік қоғамы ұжымдағы 12 мың адамға осы айда жалақыны 10-35 пайызға дейін қосты.Қалған кәсіпорындар бойынша басшыларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр, — деп атап өтті облыс әкімінің бірінші орынбасары Р.Хамбаров.

Сонымен қатар брифингте  өңірді дамыту мақсатында2022-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспары әзірленіп жатқаны, аталған құжатқа маңызды жобалар енгізілетіні баян етілді.

Эпидемиологиялық ахуал жайында да айтылды. Руслан Хамбаров соңғы тәулікте облыс бойынша коронавирус инфекциясының 75жағдайы тіркелгенін, оның көпшілігі симптомсызекенінтілге тиек етті.«Аймақтағы эпидемиологиялық ахуал алаңдата бастады. Өйткені 2021 жылдың соңғы 10 күндігінде 31 жағдай анықталса, жыл басынан бері 237 жағдай тіркелді.Сонымен қатар соңғы 10 күн ішінде стационарлық емдегі науқастардың жалпы саны 2 есе өсіп (23-тен 46 жағдайға дейін), оның ішінде балалар мен жүкті әйелдер саны 12 есеге артты. Сондықтан тұрғындарымыз бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау секілді сақтық шараларын және вакцинация туралы ұмытпау қажет», — деді ол.

Руслан Хамбаровбаяндамадан соң келіп түскен сұрақтарға да жауап берді:

— «Халыққа басу айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге неге шықпадыңыз?» — деген сұрақ көп түсіп жатыр. Мұны ойы таяз адамдар қояды деп есептеймін. Бұл — менің жеке пікірім. Менің бұған қатысты айтарым, жиналған қауымның әкімді, оның орынбасарын да тыңдайтын құлқы болған жоқ. Басқа өңірлердегі әріптестерім жұртшылық алдына шыққанда, соларға бұл абырой әкелді ме? Тыңдайтын құлақ болды ма? Керісінше, ашу туғызды, диалог құруға ешкім ниет танытқан жоқ. Мысалы, Алматы облысындағы әріптесімді мазаққа айналдырып, соққыға жықты. Қазір ол ауруханада жатыр.

Банк терминалдары бойынша да сұрақтар түсті. «Жұмыс істемей жатыр» деп шағымданғандар болды. Қазіргі таңда барлық банк ұйымдары штаттық режимде қызмет етіп жатыр. Банкоматтардың барлығы дерлік іске қосылды. Ақша айырбастау пункттері де солай. Сол себепті бұл жағдайды дабырайтып көрсетудің қажеті жоқ.

Әуежайдың жұмысы, сырттағы туристер туралы да сұрапты.  Әуежай штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ішкі рейстер өз ретімен ұшып-қонуда. Тек Алматыға ғана қатынас  уақытша тоқтап тұр. Ондағы жағдайды өздеріңіз білесіздер. Есесіне екі пойыз қосылды. ОларНұр-Сұлтан мен Алматыға қатынайды.

Облыс әкімдігі ғимаратына келген шығынға тоқталсам, алдын ала есеп бойынша 300 миллион теңге. Тұрмыстық техникалар ұрланып, ішке басып кіргендер есіктерді қиратқан. Қазіргі таңда соңғысына қатысты шығындарды мамандар есептеп жатыр.

Соңғы жағдай бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды. 960 адам полицияға жеткізілді. Арасында аса ауыр қылмыс жасағандар да бар. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тексеру жұмыстары жүргізілу үстінде, — деді.

Брифинг барысында спикер бағаны негізсіз көтергендер жауапқа тартылатынын, ондай жағдайды байқағандарға әкімдіккехабарласуға кеңес берді.Сондай-ақ тәртіпсіздіктер кезінде облыс әкімдігі маңындағы бүлінген тұрғын үйлер иелеріне билік тарапынан материалдық қолдау көрсетілетінін, ол үшінқұзырлы органдарға хабарласу қажеттігін еске салды.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button