Жаңалықтар

Мемлекеттік тулар төмен түсірілді

Жалпыұлттық аза тұту күні

Елдегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде көптеген адамның қайтыс болуына байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бүгін Қазақстан бойынша Мемлекеттік тулардың барлығы төмен түсіріледі. Осылайша бүлік кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен әскерилер, полиция өкілдері мен құқық қорғау қызметкерлеріне құрмет көрсетіледі.

Кейінгі күндері болған қақтығыстар кезінде қайтыс болған азаматтардың туған-туысқандары мен отбасыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтқан болатын. «Алматыда содыр-лаңкестердің қолынан әкімшілік ғимараттар ғана емес, бейбіт тұрғындардың мүлкіне де залал келді. Сондай-ақ жүздеген бейбіт тұрғын мен әскери қызметшінің денсаулығы мен өміріне қатер төнді. Осы трагедиялар кезінде қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтамын», —  деді Президент.

Мәжіліс депутаттары да қайғылы оқиғада қаза тапқандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Кеше палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Бюро отырысы бір минуттық үнсіздікпен басталды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин барлық депутаттар атынан еліміздің бірқатар өңірлерінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан қаза тапқандардың жақындары мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.

Жалпыұлттық аза тұту күніне орайАқтөбе облысының полиция департаментінде де аза тұту митингі өтті, тәртіп сақшылары террористік актілер барысында қаза тапқан полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметкерлерін еске алды.

— Елімізде барлық мемлекеттік Тулар төмен түсірілді. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және террористердің шабуылына тойтарыс беру кезінде 8 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері қарулы қылмыскерлердің қолынан қаза тапты. Ерлік пен батырлықты көрсете отырып, олар өздерінің қызметтік және әскери борыштарын орындады. Олар туралы естелік әрбір қызметкердің және бүкіл Қазақстан халқының жүрегінде мәңгі сақталады, — деді жеке құрамның алдында сөз сөйлеген Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Әлиев.

Сондай-ақ Қанат Әлиев ішкі істер органдарының қызметкерлері Қазақстан халқына қарсы шыққан қылмыскерлерді іздестіру және ұстау үшін барлық шараларды қабылдауға міндетті екенін айтты. Шараға қатысушылар қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button