Жаңалықтар

Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды

«Мемлекет басшысының жарлығымен Ерлан Тынымбайұлы Қарин Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды.

Ерлан Қарин 1976 жылы туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің тарих факультетін, 1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің философия және политология факультетінің аспирантурасын бітірген.

1998-2000 жылдары Қазақстанның даму институты саяси зерттеу орталығының қызметкері, Ресей және Қытай институты директорының орынбасары, 2000-2003 жылдары Ортаазиялық саяси зерттеулер агенттігінің директоры, 2003-2004 жылдары саяси халықаралық институтының бас директоры, 2004-2006 жылдары антитеррорлық бағдарламалар орталығының басшысы,  2006-2008 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі, 2008 жылдың ақпан айында ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 2008-2013 жылдары Nur Otan партиясының стратегиялық даму жөніндегі хатшысы, 2013-2014 жылдары Вашингтондағы (АҚШ) Америкалық университетте шақырылған профессор қызметін атқарды.

2014 жылдың қазан айында ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер жөніндегі Қазақстан институтының директоры, 2017 жылдың 10 ақпанынан 2019 жылдың 5 сәуіріне дейін «Қазақстан» РТРК» АҚ басқармасының төрағасы болды.

2019 жылдың сәуір айынан бастап ҚР Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. 2020 жылдың шілде айында ҚР Президентінің көмекшісі болды.

Мемлекет басшысының жарлығымен Көшербаев Қырымбек Елеуұлы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылды», —  деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button