Жаңалықтар

Бестамаққа ауызсу, Қараталға газ келді

Жаңа жыл алдында Ойыл ауданында Бестамақ елді мекеніне ауызсу, Қаратал ауылдық округінің орталығына көгілдір отын берілді. Бұл қос қуанышты сәтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауыл тұрғындарымен бірге бөлісті.

Бестамақта барлық мәселе шешілді деп айтуға толық негіз бар. Ойыл-Қобда тасжолының бойында орналасқан шағын ауылдың соңғы 5 жыл ішінде бес мәселесі шешімін тапты.

Елді мекенге екі жыл бұрын көгілдір отын кіріп, жаңа мектеп салынды. Интернет істеп тұр. Бұған дейін ащы суды тұтынып келген ауылға орталықтандырылған ауызсу кірді. Бұл жобаға республикалық және облыстық бюджеттен 202 миллион теңге бөлінді. Бестамақ ауылында 200-ден астам тұрғын бар.

Ойыл ауданы әкімі Асқар Қазыбаевтың айтуынша, аудандағы 22 елді мекеннің 20-сы ауызсумен қамтылды. Ендігі кезекте Қарасу мен Шұбарши елді мекендеріне су тазартқыш кешенді блокты модулді қондырғысы арқылы таза су өткізу үшін құжаттар әзірленіп жатыр. Бестамақ ауылына алдағы жылы ұялы байланыс орнатылатын болады. Облыс басшысы бұл жұмыстың орындалуын тездетуді тапсырды.

Биылғы мал азығын дайындауда ауыл шаруалары белсенділік көрсетті. Соның арқасында өзімізді қамтып қана қоймай, көрші облыстарға көмектесе алдық. Мұның бәрі ауылда тұрып, ауызбіршілікпен еткен еңбектеріңіздің арқасы. Біздің міндетіміз  — инженерлік-әлеуметтік  инфрақұрылымды әкелу. Ал бұлардың бәрі сіздерде бар, — деді облыс әкімі.

Одан кейін Берсиев ауылдық округінің орталығы Қараталға газ жіберу шарасына қатысқан облыс әкімі ауыл тұрғындарын жаңажылдық мерекесі алдында жүзеге асқан жаңалықтарымен құттықтады.

Заман дамыған сайын талап та күшейе түседі. Бұл — қоғамның қажеттілігі. Ауылдағы балалар жан-жақты білім алуы үшін интернет керек. Ал көгілдір отын өркениетке бір табан жақындатады. Енді үйдегі апаларымызға, келіндерімізге бала тәрбиелеуге, оқытуға аз да болса уақыт табылады деп ойлаймын. Бұған дейін де аудандарыңызға бірнеше рет келдім. Соның ішінде сіздердің ауылдарыңыз киелі әрі ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің ауылын насихаттауды, жалпақ елге танытуды жалғастыра береміз. Міне, ауылдарыңызға газ келіп жатыр. Келесі жылы аудан орталығынан ауылдарыңызға дейін асфальт төсеуге тапсырма бердім. Қос атамыз жатқан жерді мақтанышпен айтуымыз керек, — деген облыс әкімі газ кіргізген Руслан Жұмағұловтың үйіне барып, отбасы мүшелерімен кездесті.

Мектепте мұғалім болып жасайтын 4 балалы ана Торғын Базарова ауылдағы келіндердің қолын ұзартқан облыс басшысына алғысын жеткізді.

Оның айтуынша, үйді жылыту үшін бір қыста 5 тонна көмір жағып шығады.

Ауыл ақсақалы Жауғашты Жонысов облыс басшысына көп күттірмей көгілдір отын жеткізіп бергені үшін қараталдықтардың атынан алғысын айтты.

Қаратал ауылында сервистік әкімдік қызметі жаңадан жасақталған. Ол жерде тұрғындар 20 қызмет түрін ала алады. Сонымен қатар оқушылар мен студенттерге, жастарға, сырттан келушілерге өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы бар. Интернеттің жылдамдығы жоғары.

Әкімдік сервисте медиация қызметі жұмыс істейді. Онда дау-жанжалдарды сотқа дейінгі бітімгерлік жолмен шешуге мүмкіндік бар. Округ әкімі Әділбек Ізбасовтың айтуынша, медиаторлар 4 отбасыны жарастырған.

Сапар барысында аудан әкімі Асқар Қазыбаев облыс басшысына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Биыл аудан бойынша 14 көшеге асфальт төселсе, оның бесеуі аудан орталығында, ал екі көше Қараталға жасалған. Округ орталығы мен оған қарасты Құмжарған елді мекені 100 пайыз жарықтандырылды. Қаратал ауылының көшелеріне 5 бейнебақылау орнатылып, кірген-шыққан көліктер бақыланып тұрады. Учаскелік инспектор Нұрлан Мұқашевтің айтуынша, биыл ауылда бірде- бір құқықбұзушылық пен мал ұрлығы тіркелмеген.

Сапарды қорытындылаған облыс әкімі аудандағы жұмыстарды бұдан әрі жандандыру үшін бірқатар тапсырма берді.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button