Жаңалықтар

Облыста ахуал тұрақты

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен селекторлық жиын өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, Ақтөбе қаласы және аудан әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары қатысты.

— Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес қазіргі біздің міндетіміз — облыстағы жағдайды тұрақтандыру, терроризмге қарсы жұмыстарды жалғастыру, тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету. Қазіргі таңда өңірде коменданттық сағат енгізілді. Кеше тәртіп бұзған бірқатар жерлестеріміз ұсталды. Алаңға шығып, заң бұзған азаматтар тергеу барысында қылмыстық, әкімшілік жазаға тартылатын болады. Сондықтан қала аумағында да, аудандарда да қауіпсіздік шараларын сақтауда жан-жақты жұмыстар жүргізуіміз керек, — деді облыс әкімі.

Бұдан кейін жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал туралы баяндады.

Қазіргі таңда облыстағы ахуал тұрақты. Кеше полиция қызметкерлері 400-ге жуық адамды полиция пункттеріне жеткізді. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыс бойынша 9 блок-бекет орнатылды. Атап айтсақ, Самара-Шымкент, Ақтөбе-Атырау, Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық автокөлік жолдарына, сондай-ақ Хромтау, Ойыл, Байғанин, Қобда, Әйтеке би аудандарына блок-бекеттер қойылды. Қазіргі таңда өңірде екі ауданда — Мәртөк пен Қарғалыда ғана блок-бекет орнатылмады, — дей келіп, облыстағы қауіпсіздік шараларымен қатар эпидемиологиялық ахуалға да тоқталып өтті.

Оның айтуынша, өткен тәулікте өңірде КВИ жұқтырған 77 науқас тіркелген. Оның ішінде «омикрон» штамы да бар. Қазір өңір тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтуда ешқандай мәселе жоқ.

Жиында облыс басшысы орынбасарлары мен аудан әкімдеріне көрші облыстармен шектесіп жатқан аудандарға блок-бекеттердің орнатылуын, ондағы қауіпсіздік, тексеру шараларын қатаң түрде бақылауды тапсырды. Сондай-ақ Оңдасын Оразалин өңірдегі дәріханаларда дәрі-дәрмек қорын толықтыру жұмыстарын барынша жеделдету туралы тапсырма берді.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өңірдегі жанармай бекеттері қалыпты жұмыс жасап жатқанын жеткізді.

  • Қазіргі таңда облыстағы барлық жанармай бекеттері ашық, жұмыс жасап тұр. Біз бұл бағытта «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «ҚазақОйл» компанияларымен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі күні өңірде сұйытылған газ бағасы 50-55 теңге болса, бензиннің орташа бағасы — 175 теңге. Негізі бензиннің шектік бағасы 182 теңге болса, солярканың бағасы — 260 теңге. Жалпы облыстағы жанар-жағармайдың қоры жеткілікті, — деді ол.

Сондай-ақ Ермек Кенжеханұлы бұған дейін ереуілге шығып, жұмысын тоқтатқан Хромтау, Мұғалжар, Темір аудандарындағы кәсіпорындар қазір жұмыстарын қайта жалғастырғанын, әзірге тек Ақтөбе хром қосындылары зауытының жұмысшылары жалақы көтеруді талап етуіне байланысты кәсіпорын жұмысының уақытша тоқтап тұрғанын жеткізді.

Облыс әкімі елдегі төтенше жағдай режиміне байланысты өңірде әлде де бірқатар мәселелер бар екендігін, алдағы уақытта оларды шешуге барынша жұмыстану керектігін жеткізді.

— Қазіргі таңда облыста қоғамдық көлік қызметін қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң қадағалауымыз керек. Сондай-ақ электронды билеттеу, банктер мен банкоматтардың жұмысын қайта жандандыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры мен бағасын тұрақтандыру жұмыстары үнемі бақылауда болуы керек, — деді облыс әкімі.

Селекторлық жиында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова елдегі төтенше жағдай режиміне байланысты өңірдегі бірқатар әлеуметтік төлемдер биылғы жылдың 1-тоқсанында берілетінін жеткізді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде арандатушылық шақырулар мен пікірлер жариялаған азаматтарды жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі:

  • Облыс бойынша әлеуметтік желілерде арандатушылық туғызғандар туралы ақпараттарды жинап, құқық қорғау органдарына тапсыруымыз керек. Олар елдің тыныштығын бұзып, тұрғындардың үрейін алды. Қазіргі таңда интернеттің қалыпты жұмыс жасамай тұрғаны да осындай келеңсіздіктерден болып отыр. Біз мұндай арандатушы, елдің тұрақтылығына сызат түсірген адамдарды аямауымыз керек. Енді мұндай жағдай ешқашан қайталанбауы тиіс, — деді.

 

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button