Жаңалықтар

Облыста коменданттық сағат енгізілді

Соңғы күндері жекелеген азаматтар тобы ескертулерге қарамастан, заңсыз наразылық акцияларын өткізуге шақырып, облыстың жайын тұрақсыздандыруға талпынуда.

Осыған орай Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес 5 және 19 қаңтар аралығында облыста төтенше жағдай енгізілді.

Ақтөбе облысы коменданты ретінде ішкі істер органдары мен өзге де құқық қорғау органдарының қызметкерлері тиісті қоғамдық тәртіпті және азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндігін жеткіземін.

Облыстағы жағдай полицияның толық бақылауына алынды.

Осыған байланысты Ақтөбе облысы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жеке мүлікті сақтау және тонаудың алдын алу мақсатында облыста 22.00-ден бастап таңғы сағат 6.00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді:

– облыстың қалыпты өмірін қамтамасыз ететін аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің күзеті күшейтіліп, қоғам қауіпсіздігі ерекше бақылауға алынды;

– азаматтар мен көлік құралдарының қозғалысына шектеу қойылды;

– жеке басты куәландыратын құжаттар мен көлік құралдарына, тасымалданатын жүктерге тексеру жүргізіледі;

– бейбіт жиналыстарды, спорттық және басқа да жаппай шараларды өткізуге тыйым салынады;

– төтенше жағдай кезінде облыстың қалыпты өмірін қамтамасыз ету үшін білім және денсаулық сақтау, сондай-ақ бизнес объектілерінің жұмыс істеу ережелері әзірленуде.

Облыс тұрғындарынан тыныштықты сақтап, дүрбелең мен арандатушылыққа ермеуді сұраймыз.

Төтенше жағдай кезінде барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырамыз.

Заңға қайшы іс-әрекеттерге жол берілмейтінін ескертемін. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес төтенше жағдай режимі талаптарын бұзғаны үшін жауаптылық көзделген.

Ақтөбе облысының коменданты Қанат АЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button