Жаңалықтар

Желтоқсан: жыл соңындағы жақсы істер

Желтоқсан десе, ең алдымен, санамызға сол бір кездегі жастардың жалынды қозғалысы, соның сабақтастығы іспетті тәуелсіздігіміздің тәй-тәй қадамдары келеді. Міне, отыз жылдық белесті өткердік.

Биылғы желтоқсан, ең алдымен, жаман дерттің беті әрі қарауымен есте қалды. Тәуба! Жылдың соңы болғасын көптеген шаруалар қауырт атқарылуда. Іскер азаматтар биылдың жұмысын келер жылға қалдырғысы келмейтін сыңайлы.

Сонымен, жыл жабар тұстағы жаңалықтарымызды ортаға салсақ…

Игілікті шаруалар жалғасуда

Жыл соңы жақындаған тұста облыс басшысы Оңдасын Оразалин бірқатар аудандарда болып, атқарылып жатқан жұмыстарға баға берді, жаңа міндеттерді белгіледі.

Мұғалжар ауданына қарасты Басшилі ауылындағы №315 разъезде орналасқан газбен қамтамасыз ету нысаны құрылысына облыстық бюджеттен 39 миллион теңге жұмсалды.

Жалпы, мұғалжарлық тұрғындардың 88,2 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Сондай-ақ тұрғындардың 92,1 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған.

Темір ауданы Кеңқияқ, Шұбарши ауылдарында спорт кешендері ашылды. Бұдан басқа Шұбарши ауылында жаңа мектеп пен интернат пайдалануға берілді.

Байғанин ауданының орталығы — Қарауылкелді ауылында 16 пәтерлік коммуналдық 2-қабатты тұрғын үй жұртшылық игілігіне ұсынылды.

Алға ауданының Еркінкүш ауылында көгілдір отын пайдалануға берілді. Бесқоспа ауылдық округінің орталығы Есет батыр Көкіұлы ауылында дәрігерлік амбулатория  ашылды.

Әйтеке би ауданының Белқопа ауылы тұрғындары да жаңа жыл қарсаңында газға қол жеткізді. Аралтоғай ауылдық округінің Қияқты ауылының тұрғындары енді тазартылған суды тұтынатын болады.

«Парыз» байқауының лауреаты атанғандар

Нұр-Сұлтан қаласында «Алтын сапа» сыйлығы мен «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі республикалық байқауының иегерлері марапатталды. Мұнда үш ақтөбелік «Парыз» байқауының лауреаттары атанды. «Шағын және орта бизнес субъектілері» санаты бойынша бас жүлдеге «ПО Глобал-Спецодежда» ЖШС ие болды. Ірі кәсіпкерлік орындары арасында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» болып «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС танылды. Ал шағын және орта бизнес нысандары арасында «Аслан» шаруа қожалығы «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығын жеңіп алды.

Сондай-ақ байқауға белсенді қатысқан бірқатар ақтөбелік кәсіпорындардың басшыларына Алғыс хаттар табыс етілді. Бұл қатарда «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС, «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС және «Транстелеком Байланыс» ЖШС бар.

«Бизнестің жол картасы»: жеңілдіктер мен қолдаулар

Қазіргі уақытта «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының екі бағыты бойынша жұмысқа басымдық берілуде. Бірінші бағыты микро және шағын кәсіпкерлікке арналған. Бұл бағытта микро, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне салалық шектеусіз инвестициялық мақсаттарға және айналым қаражатын толықтыруға 20 миллион теңгеге дейін несие беріледі.

Инвестициялық мақсаттар үшін несие — 3 жылға,  айналым қаражатын толықтыруға 2 жылға қарастырылады. Несие 18,25 пайызбен беріледі, оның 6 пайызын кәсіпкер өзі төлесе, қалған 12,25 пайызын «Даму» қоры арқылы мемлекет субсидиялайды.

Бағдарламаның бұл бағыты былтырдан бастап іске қосылған. Содан бері мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Бұл бағыттың бір ерекшелігі, портфельдік субсидиялау, кепілдік беру тетіктерін жүзеге асыру кезінде банк пен кәсіпкер өзара жұмыс істейді, «Даму» қоры бұл процеске араласпайды. Банк субсидия, кепілдік беру секілді шешімді өзі қабылдайды және шешім қабылданғаннан кейін кепілдік беру құжаттарын ұсынады.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасының бірінші — портфельдік субсидиялау бағыты аясында 993 жоба бойынша 5 785 миллион теңге көлемінде субсидия берілді, сонымен бірге 980 жобаға 4746 миллион теңге көлемінде кепілдік берілді.

Екінші бағыт бойынша ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 360 миллион теңгеге дейін, несие сомасының 85 пайызына дейінгі көлемде, ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге 1 миллиард теңгеге дейін, несие сомасының  50 пайызына дейінгі көлемде кепілдік беріледі.

Қаржылық лизинг көмегі

 «Даму» қорының облыстық филиалында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының «Қарапайым заттар экономикасы» бағыты шеңберінде қаржылық лизинг аясында алғашқы кепілдік рәсімделді.

Кепілдік «Нұрбанк» АҚ ЕҰ» ЖШС-ның «Нұр Лизинг» лизингтік компаниясы арқылы қаржылық лизинг алған «Ақжар Агро» ЖШС компаниясына берілді.

Бұған дейін мұндай кепілдіктер екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдеген кәсіпкерлерге ғана берілген, енді тұңғыш рет лизингтік компания арқылы қаржылық лизинг алған кәсіпкер үшін рәсімделді.

«Ақжар Агро» серіктестігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру, дайындау, қайта өңдеу, сатып алумен шұғылданады, сонымен бірге мал шаруашылығына да басымдық береді. Компанияның 25 мың гектардан астам алқаптары, көптеген әртүрлі техникасы бар.

Компания лизингтік компанияға 40 миллион теңгеден астам сомаға арнайы техника сатып алу мақсатында жүгінді, осы ретте «Даму» қоры қаржы лизинг құнының 50 пайызы мөлшерінде кепілдік берді.

Көтерме-тарату орталығы — оңтайлы

Ақтөбеде «Dina Market» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа көтерме-тарату орталығы Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ашылды. Жобаның жалпы құны 2,1 миллиард теңге деп есептелінуде. Аталған жоба «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. «Dina Market» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қойма аумағын арттыру арқылы кәсіпорынның өзін-өзі қамтамасыз ету аясын кеңейтуді, кейбір импорттық тауарларды төмендетілген бағамен үлкен көлемде әкеліп сақтауды, өнім өндіруші мен тұтынушы арасындағы дистрибьютор санын азайтуды көздейді.

Көтерме-тарату орталығында жылына 70 мың тоннаға дейін жүк қабылдауға мүмкіндік бар.

Жаңа тоңазытқыш камераларының сыйымдылығы 250 тоннадан асады. Қойма аумағын кеңейту арқылы тауар ассортименті 13 мыңға артты.

Бүгінде «Dina Market» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көтерме-тарату орталығында 150 адам еңбек етуде.

 «Универ» — жеке емхана

Күн сайын көркейіп келе жатқан Ақтөбе қаласында әлеуметтік нысандар да сап түзеуде. Соның бірі — «Батыс-2» шағын ауданында пайдалануға берілген «Универ» емханасы.

Белгілі кәсіпкер Арынғазы Беркінбаев өз қаржысына салған бұл емхана күн сайын 350-ге жуық тұрғынға қызмет көрсететін болады.

«Универ» емханасының бас дәрігері, тәжірибелі де білікті маман Жексенбі Көптілеуовтің айтуынша, аталған мекемеде 200-ден астам қызметкер еңбек ететінін айтты. Мұнда мемлекеттік тапсырыс аясында тұрғындарға ақысыз қызмет көрсетеді. Емдеу орнында алқаптық, жалпы тәжірибелік, сондай-ақ салалық дәрігерлер еңбек етеді. Олардың қатарында хирург, эндокринолог, травматолог, невропатолог сияқты мамандар болады. Тұрғындарға стационарлық ем қызметі де жоспарда қарастырылған.

Үйі бардың — күйі бар

Көптеген ақтөбеліктер Жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы алмақшы. «Нұр Ақтөбенің» тұрғын үй массивінің 4-шағын ауданындағы 159 пәтерлі көп қабатты үйден аз қамтылған отбасылар мен жетім балалар да баспаналы болды. Осында аталған санаттағы 30 тұрғынға пәтер кілті табыс етілді.

Жалпы, биылғы жылы облыста 1 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Ақтөбе Сәулет» ЖШС директоры Арнұр Ахмадидің айтуынша, қолданысқа берілген тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған. Баспананың 1 шаршы метрі — 160 мың теңге.

Аталған жаңа үйден мүгедек жандар, Ауған соғысының ардагерлері мен әлеуметтік осал топ өкілдері де өз үлестерін алды.

Сонымен, сиыр жылы барысқа жол бермекші. Барысты болжаушылар жайлылық, үйлесімділік және әдемілік нышанын алға тартады.

Ең бастысы, жан дүниеміз, жан-жағымыз жайлы болсын, ағайын!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button