Мереке

Мерекенің айшықты сәттері

16 желтоқсан —  Тәуелсіздік күні қарсаңында Мәдениет үйлерінде мерекелік концерттер өтіп, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Қурайлы Мәдениет үйінде өткен мерекелік концерт «Тәуелсіздік — теңдесі жоқ байлығым» деп аталды.

Бұрын Қурайлы ауылының әкімі болған, осы ауылдың дамуына аянбай еңбек еткен Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағанбетова, осы күні «Мәдениет саласының үздігі» атағын иеленген Қурайлы Мәдениет үйінің директоры Гүлден Сатыбалдықызы ауылдастарын тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Г.Сатыбалдықызы бірқатар қызметкерларге қала әкімі атынан және қалалық білім бөлімі басшысы атынан Алғыс хаттар тапсырды.

Кеш әдемі әнге, күйге, биге толы болды. Халықаралық «Жеті өнер» ән байқауында бас жүлдеге ие болған «Елек» хор ұжымы, Қурайлы Мәдениет үйі жанынан құрылған «Зере» әжелер ансамблі, «Еркем-ай» домбырашылар ансамблі, «Жауқазын»  би үйірмесі мүшелері, «Сударушки» халықтық вокалдық ансамблі, «Ностальгия» вокал ансамблі, жеке орындаушылар өнер көрсетті. Сонымен бірге ауыл өнерпаздарының қолынан шыққан қолөнер бұйымдары мен тәуелсіздік тақырыбында жазылған кітаптар қойылған көрме ұйымдастырылды.

Сазды Мәдениет үйінде де «Тәуелсіздікке тағзым» атты мерекелік шара өткізілді. «Театр әлемі» үйірмесінің қатысушылары театрландырылған көрініс көрсетіп, ауылдастарына әдемі кеш сыйлады.

Дәл осы күні қаладағы бірқатар спорт кешенінде спорттық жарыстар ұйымдастырылды.

Қараша айында бастау алған шағын футболдан әуесқой командалар арасында қала чемпионаты 16 желтоқсан күні өз мәресіне жетті. Жарысқа қатысқан 70-ке жуық команда тартысты ойын көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша Премьер лига, Жоғары лига,

Бірінші және екінші лига бойынша «ҚазақОйл», «Абыз Групп», «Достық», «Қамқор» командалары бірінші орынға ие болды. Жүлделі орын алған командалар кубок, медаль және грамоталармен марапатталып, төрт лига ішіндегі үздік командаларға Ақтөбе футбол федерациясы атынан арнайы сыйлықтар табысталды.

Ал «Алихан» спорт кешенінде жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында волейболдан «Мектеп лигасы» ақтық ойындары және салтанатты жабылу рәсімі өтті.
Жалпы жарысқа 70 мектептің 7-8 класс оқушыларынан 70 команда қатысты. Ақтық ойынға 20 команда жолдама алды. Сонымен бірге осы спорт кешенінде баскетболдан 7-8 сынып оқушылары арасында мектеп лигасы өтті. Жалпы, мектеп лигасына баскетболдан қыздар-ер балалар арасында 90 команда ойын көрсетті.Сайыс қорытындысы бойынша ер балалар арасында баскетболдан№25 орта мектеп командасы, қыздар арасында №10 орта мектеп командасы жүлделі орынға ие болды.

№11 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткен ушу-саньдадан балалар арасындағы ашық қала біріншілік те тартысты өтті. Бұл додаға Хромтау ауданы және Ақтөбе қаласынан 100-ден аса спортшы қатысып, өз шеберліктерін көрсетті.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button