Жаңалықтар

Індеттің таралу қарқыны бәсеңдеді

Соңғы үш тәуліктің ішінде біздің облыста 2 адамнан ғана коронавирус инфекциясы анықталды.

Атап айтқанда, 17 желтоқсанда бірде-бір жағдай тіркелген жоқ, ал 18-і мен 19-ы күндері бір-бір науқастан ғана анықталды.Соңғы тіркелген науқас — 14 жасқа толмаған бала. Жалпы, бүгінге дейін облыста оқушылар арасында коронавирусқа шалдыққан 1007 жағдай, ал балабақшаға баратын бүлдіршіндердің арасында 206 жағдай тіркелген.

Бұл деректер өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен тікелей эфирде айтылды.Оған облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров қатысып,індеттің таралуына қатысты өңірдегі қазіргі жағдай жөнінде баяндады.

Бүгінгі күні індетті жұқтырған жандармен қарым-қатынас жасаған194 адам үй карантинінде, бақылауда отыр. Ал коронавирус дертінен емделіп жатқандар саны — 44. Олардың арасында 9 адам жансақтау бөлімінде жатыр.Дәрігерлер бақылауында 6 бала бар.

Облыс бойынша 364 252 адам толықтай вакцина алған. Оның ішінде «Pfizer»вакцинасымен егілгендер саны — 4087 адам.

Қазір елімізде, салыстырмалы түрде алғанда, індеттің таралу қарқыны бәсеңдеді. Індеттің таралуы деңгейіне байланысты айқындалатын «қызыл» аймаққа бірде-бір өңір енген жоқ, «сары» аймақта 3 облыс бар: Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан. Ал өзге өңірлердің бәрі — «жасыл» аймақта.Дегенмен мамандар әлі де сақтық шараларын ұстанып, саяхаттаудан, көпшілік қатысатын шаралардан тартына тұруға кеңес береді.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button