Жаңалықтар

Арзандатылған көкөніс халыққа дер кезінде жетуі керек

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қатарына кіретін картоптың сапасы мен сатылуы қатаң бақылауға алынатын болады. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды.

Бұған облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және «Табыс» коммуналдық базары мен «Анвар», «Дина» дүкендер желісінің өкілдері қатысты. Көкөністердің қоймадан сөреге жеткенге дейінгі сапасы мен бағасы туралы сөз болды.

Биыл бағаны ұстап тұру үшін тұрақтандыру қорына 17 мың тоннадай картоп жиналған. Алайда қор қоймасынан 65 теңгеден сатып алынған картоп тұтынушыларға дұрыс сатылмай отыр. Сапасы да, сатылу тәртібі де бақылаудан шығып кеткен. Қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Қойлыбаев қаладағы ірі супермаркеттерде сатылып жатқан картоптардың сапасы бағасына сай келмейтінін, бұл мәселені біржақты шешу керектігін айтты.

Ақтөбе қаласындағы қоймаларды қарап шықтық. Картоп қоры жеткілікті. Бірақ сол қордағы картоптар дүкендердің қоймаларында көптеп тұрып қалады. Демек, сөреге шығуы кешеуілдейді. Сол аралықта картоп сапасын жоғалтады. Біз дүкен қоймасына 2 тонна картоп апарғанда бұрын жіберген 1 тонна картоптың сөреге шықпай тұрғанын көрдік. Арзандатылған бағамен халыққа ұсынған тауарға ешқандай тоқтау болмауы тиіс.

Бұған облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлінді ғой. Сол қаржы далаға кетпей, халық игілігін көруі керек. Бұл жұмыспен тікелей айналысатын әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бақылауды күшейткені жөн. Біздің қоғамдық кеңестің мүшелері де атсалысатын болады, — деді қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Қойлыбаев.

Қоғамдық кеңестің отырысында ауыл шаруашылығына қатысты біраз мәселе көтерілді. Кеңес мүшелері ұсыныстарын жолдап, басқарма басшыларымен бірге облыстағы көкөністердің сапасына бақылау жүргізетін болады.

— Бағаны бақылау, азық-түліктердің сапасын қадағалауда қоғамдық кеңес көп көмегін тигізіп отырғанын айтуымыз керек. Сонымен қатар осыған жауапты басқарма басшылары аптасына екі рет бақылау жүргізеді. Біз тұрақтандыру қорындағы көкөністерді сату үшін коммуналдық дүкендерді көбейтуіміз керек. Осы бағыттағы жұмыстар қолға алына бастады. Әр аудан өз өнімін тікелей сататындай жағдай жасалуы тиіс. Тек қана «Табыс» коммуналдық базарында емес, қаланың әр шағын ауданында қордың арзандатылған өнімдері сатылған кезде ахуалды реттей аламыз, — деген облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов бұл жұмыстарды ұйымдастыруға әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен бірқатар басқарма басшыларына тапсырма берді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің айтуынша, қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 300 тонна пияз, 132 тонна сәбіз бар.

Қоғамдық кеңес мүшелері алдағы уақытта қордағы көкөністер алыпсатарлардың саудасына түсіп кетпеу  керектігін айтты.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button