Басты жаңалықтар

Барлығы тұрғындар игілігі үшін

Сәрсенбі күні кезекті жұмыс сапарымен Мәртөк ауданында болған облыс әкімі Оңдасын Оразалин көгілдір отын келген Вознесеновка және Достық ауылы тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Сондай-ақ  ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуымен және бірқатар елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысты. Ал жұмыс сапарының соңында молшылық пен тоқшылықтың мейрамы — ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шараға қатысты.

Оңдасын Оразалин алдымен Мәртөк ауданына қарасты Сарыжар ауылдық округіндегі «Бай Орда» шаруа қожалығында болды. Алғашында мал шаруашылығымен айналысуды көздеген кәсіпкер Ертай Кенжебеков кейін кәсіпті мал азығы өндірісінен бастауды жөн деп шешкен. Бүгінде шаруа сорго, суданка, амарант, люпин тәрізді өсімдіктер егеді. Өткен жылы түйіршіктелген жем шығаратын цехын іске қосқан.  Шаруа мемлекеттік бағдарламалардың да игілігін көріп отыр. Тыңайтқыштар мен мамандандырылған техника алу үшін мемлекеттен 28 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алыпты.

— Сегіз жыл телекоммуникация саласында еңбек еттім. Ауыл шаруашылығы саласына ойда жоқта келдім десем де болады. 2017 жылы жұмыстан шығып кеттім де, осы салаға бет бұрдым. Әрине, бастапқыда оңай болмады. Бүгінде кәсібіміз бір қалыпқа түсті. Өзім білмеген, түсінбеген нәрсенің барлығын интернеттен қарап аламын. Жалпы, өзін-өзі дамытқысы келетін адамға қазір мүмкіндік көп, әрі мемлекет тарапынан қолдау да бар. Мен өсіретін өсімдіктің өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары бар. Мысалы, амарант жерді аздырмайды. Қазір алған жерімді 10 жылдан кейін тапсырсам да, жер өз құнарлылығын жоғалтпайды. Керісінше ол жерге еккен өнім өнімдірек болып шығады, — дейді кәсіпкер.

Ол әр гектардан 20 тоннаға дейін өнім алуға болатынын айтады. Ал цехта сағатына 1 тонна түйіршіктелген өнім әзірленеді.

— Алғашында тұрғындар  түйіршіктің не екенін білмеді. Бүгінде пайдасын әрі тиімді жағын біліп келеді. Өнімді ақтөбеліктермен қатар Ақтау, Атырау облыстарының да тұрғындары алып жатыр, — деді қожалық басшысы Ертай Кенжебеков облыс әкімімен әңгіме барысында.

Шаруаның жұмысымен танысып, ісіне береке тілеген облыс әкімі Тәңірберген ауылдық округіне қарасты Саржансай ауылына келді. Мұнда Оңдасын Оразалин қазан айында пайдалануға берілген ауылдық округтің жаңа әкімдігінің ғимаратын қарап шықты. «МСФ «Мұнай құрылыс» мердігер мекемесі жүргізген құрылыс биыл маусым айында басталған болатын. Бүгінде ветеренария бөлімі мен полиция бекеті де осы ғимаратта орналасқан. Сондай-ақ «Ашық әкімдік» кеңсесі жұмыс жасап тұр. Аудан әкімі Алмас Салықбаев мұнда тұрғындардың мемлекеттік қызметтер мен мамандар кеңесін алу үшін барлық жағдай жасалғанын айтты. Сондай-ақ аудан әкімі облыс әкіміне Тәңірберген ауылдық округінде биыл қандай жұмыстар атқарылғанын айтып берді.

Биыл Саржансайдың 5 көшесі, ал Кеңсахара ауылының кіреберіс жолы асфальтталыпты.  Округ орталығының 3 көшесі, Кеңсахараның 3 көшесі жарықтандырылған. Қазір екі көшеге шамдар орнатылып жатыр. Сондай-ақ биыл екі ауылда да спорт алаңы салынды. Балалар ойнайтын аумақ та бар.  Құрылысы аудандық бюджет есебінен басталған Саржансайдағы дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің де пайдалануға берілер күні алыс емес екендігін айтты аудан әкімі. Бұдан соң өңір басшысы ұзындығы 15 шақырымдық «Вознесеновка-Мәртөк» автокөлік жолының сапасын, сонымен қатар 15 жыл пайдалануға есептелген қатты тұрмыстық заттарға арналған жаңа полигонды қарап шықты. Айта кетейік, келесі жылы Ақтөбе облысында қатты-тұрмыстық заттарға арналған полигонның құрылысы бойынша сегіз жоба жүзеге асырылмақ. Осылайша облыс аудандарының барлығы полигонмен қамтылатын болады.

Қос ауылдың қуанышы

Бұл күні Мәртөктің Аққұдық ауылдық округіне қарайтын Вознесеновка мен Достық ауылдарына көгілдір отын келді. Көмір кіргізіп, күл шығарудың машақатынан құтылған ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Әсіресе әйелдер қатты қуанып жүр.

Газдандыру жұмыстары Nur Otan партиясының «Өзгеріс жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Екі елді мекенді газдандыруға 600 миллион теңгеден астам  қаражат бөлінген.

Екі ауылдағы газ берілу салтанатына да қатысқан облыс әкімі тұрғындарды қуанышты сәттерімен құттықтап, биыл барша қазақстандықтар үшін мерейлі мерекеге толы жыл екенін жеткізді.

— Мемлекет басшысының берген тапсырмасы — халықтың әл–ауқатын арттыру, тұрмыстық жағдайын жақсарту. Биыл Тәуелсіздігімізге — 30 жыл.  Тәуелсіздікдің алғашқы жылдарында халқымызға оңай болған жоқ. Нарықтың қыспағына шыдамай, біраз мекемелер жабылып қалды. Жұмыссыздық белең алып, жалақылары кешіктірілді. Дегенмен Елбасының сарабдал саясаты мен халықтың сабырлылығының арқасында егемендігімізді нығайтып, көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік пайда болды. Қала секілді, елді мекендерге де жағдай жасауымыз керек. Бүгін ауылдарыңызға көгілдір отын келіп жатыр. Ауылдың әрі қарай дамуы тұрғындардың, яғни сіздердің бірліктеріңізге де байланысты.

Мемлекет басшысының ауыл-аймақтарды дамыту туралы тапсырмаларына сәйкес Ақтөбе облысында ауылдарды газдандыру, ауызсумен және басқа да игіліктермен қамту бойынша ауқымды шаралар жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатын болады, — деді облыс әкімі.

Дәл осы жерде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев Мәртөк ауданы бойынша газдандыру жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқаны туралы баяндап берді.

Бұдан соң облыс әкімі газ кіргізген ауыл тұрғыны Оксана Марченконың үйіне бас сұғып, қуанышымен құттықтады.

Дәл осындай салтанатты сәт Достық ауылында да болды. Мұнда облыс әкімі  Оңдасын Оразалин көгілдір отынның игілігін көріп отырған ауыл тұрғыны Алтынай Есқаринаның үйіне барды. Облыс әкімі бастаған топты қуана қарсы алған үйдің отанасы:

— Газ құбырлары салына бастаған кезде екі айдан кейін көгілдір отынның игілігін көретінімізге сенбеп едік, бүгін, міне, қуанып жатырмыз. Бұл — тұтас бір ауылдың қуанышы. Бұл ауылда қырық жылдан бері тұрып жатырмын. Газ болмаған кезде көптеген қиындықтар болды. Барлық ауыл тұрғындарының атынан Президентке, облыс әкіміне, үлкен жұмыс атқарған жұмысшыларға алғыс айтамын, — деп, қуанышымен бөлісті Алтынай Есқарина.

Айта кетейік, газдандыру жұмыстарының нәтижесінде Вознесеновка ауылында 148 үй мен 6 әлеуметтік нысан, ал Достық ауылында 112 үй мен 2 әлеуметтік нысан көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.

Сапар барысында облыс әкімі Вознесеновакадағы ауылдық клубтың ғимаратын да көріп шықты. Бұған дейін іші қоқысқа толып, иесіз жатқан ғимарат бүгінде адам танымастай өзгерген. Сырты тегістеліп, төбесі жабылып, әктелген. Толық жөндеуден өткен ғимаратта алдағы уақытта үйірме кластарын ашу жоспарланып отыр.

Тоқшылық пен молшылықтың тойы

Дәл осы күні Мәртөк ауданының орталығында ақтөбеліктер ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтті. Мәртөк аудандық Мәдениет үйінің алдында ауыл шаруашылығы техникалары мен асылтұқымды төрт түліктің көрмесі ұйымдастырылды. Аудандық Мәдениет үйінің фойесіндегі  көрмеге облыстың брендіне айналған өнімдері қойылды. Салтанатты шараға ауыл шаруашылығы саласының озаттары мен ардагерлері, аудан әкімдері, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.

Жиналғандарды құттықтаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің қызметкерлері еңбекқорлығымен және жауапкершілігімен көптеген салаларда оң нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын атап өтті. Экономиканың басты салаларының біріне елеулі үлес қосып отырған азаматтарға алғыс білдірді.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері мал басы мүйізді ірі қара 110,2 пайызға, жылқы саны 111,1 пайызға, суармалы алқап жерлер көлемі 109,7 пайызға артты. Ауыл шаруашылығы саласында бүгін өңірде 34 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жылына бұл салада шамамен 1000-ға жуық шаруашылық ашылады.  2021 жылы 861 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері құрылды. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялауға 24,3 миллиард теңге бөлініп, 2020 жылмен салыстырғанда мемлекеттік қолдау көлемінің өсуі 25 пайызды құрады. Оның ішінде, 17,4 миллиард теңгесі жергілікті бюджетке тиесілі. Бұл 2020 жылғы деңгейден 56 пайызға жоғары. Ет, сүт өндірісінде де өсім бар.Соған сай қажетті техникалардың ең озық деген түрлерін алып, еңбек өнімділігін еселеп арттыруға мүмкіндік туды. Соның нәтижесінде ауылшаруашылық техникасын жаңарту бойынша алдыңғы орындамыз.

Барша жиналғандарға осындай жетістіктерге жетуімізге атсалысып, Отанымыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы табанды еңбектеріңіз бен өз істеріңізге адалдықтарыңыз, туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңіз үшін алғыс айтамын,— деді Оңдасын Оразалин.

Бұдан соң өңір басшысы жыл он екі ай бойы облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтарды жылдағыдай түрлі номинация бойынша марапаттады. Биыл облыс бойынша 8 адам «Ауыл шаруашылы саласының үздігі» төсбелгісін тақса, 9 адам министрліктің Құрмет грамотасын алды.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі атынан «Еңбек ардагері» медалін облыстағы 3 шаруа қожалығының иесі иеленді. Ал 42 адамға облыс әкімінің Алғыс хаты мен сыйлығы табысталды.

Биыл егіншілік саласы бойынша Қарғалы ауданы үздік деп танылса, мал шаруашылығы бойынша Шалқар ауданы көш бастап тұр. Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша Мәртөк облыста егіншілік саласы бойынша озат аудан ретінде танылған болатын.

Биыл облыс бойынша «Озат механизатор» номинациясын 4 тракторшы иеленді. Соның бірі — Мәртөктегі «Илья» шаруа қожалығының механизаторы Анатолий Чипегин. Қырық жылдан астам уақыт осы салада жүрген механизатор, еңбегінің облыстық деңгейде бағаланғанына дән риза. Журналистерге берген сұхбатында ол облыс әкіміне өз ризашылығын білдіріп, әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Салтанатты жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бұл саладағы басты міндеттердің бірі мал азығы өндірісінің жағдайын жақсарту екендігін айтқан Жақсығали Иманқұлов, қазіргі таңда 2025 жылға дейін мал азығы дақылдарының көлемін ұлғайту туралы бағдарлама әзірленіп жатқанын мәлімдеді.

Шаруашылықтар мал азығын дайындау барысында тек табиғи шөптермен шектелмей, көпжылдық және біржылдық шөптерді егумен де айналысуға мүдделі болуы қажет. Себебі, егілген шөптің азықтық құндылығы жоғары және малдың салмақ өсіміне де оң әсерін береді. Шаруашылықтарды жемшөп өндіруге көшуге ынталандыру үшін келесі жылдан бастап келесідей қолдау шараларын қарастыруды жоспарлаудамыз, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыс көлемінде машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде және бұл бағыттағы инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. Соңғы 2 жыл ішінде жаңа техникалардың үлесі жыл сайын орташа 6 пайызды құрап келеді.

Салтанатты шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Бұл кеш жаз бойғы еңбектері еленіп, көздеген нәтижесіне қол жеткізген облыс шаруалары үшін әдемі мерекелік демалыс болды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button