Жаңалықтар

Әлішер Олимпиада жеңімпазы атанды

Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әлішер Еркебаев әл-Ферғани атындағы физика пәні бойынша ұйымдастырылған бірінші халықаралық олимпиададан алтын медаль жеңіп алды.

Ұлттық құраманың қоржынында 2 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль бар. Олимпиада Өзбекстанның Ферғана қаласында өтті. Зияткерлік байқауға 18 елден, соның ішінде Ресей, Әзірбайжан, Беларусь, Румыния және тағы басқа елдерден 130-ға жуық оқушы қатысты.

— Әл-Ферғани атындағы физика пәні бойынша халықаралық олимпиада екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде — жазбаша жұмыстар, ал екіншісінде практикалық жұмыстар қаралды.

Олимпиада тапсырмалары күрделі болды. Есептер бастапқыда оңай болып көрінгенімен, шешу жолдары қиын. Сол себепті алғашқы кезеңнің қорытындысы бойынша қатысушылардың орта балы жоғары болмады, — дейді Әлішер.

Ақтөбелік зияткер олимпиадада қызығушылықтары ортақ көп дос тапқанына қуанышты. ТМД елдері оқушыларымен жақын араласқанын, сонымен қатар Оман Сұлтан құрамасымен танысып, олардың салт-дәстүрі мен мәдиетінен, олимпиадаға дайындалу үлгісінен хабардар болғанын айтады.

Аталмыш олимпиадаға Қазақстан құрама командасынан 2 ғылыми жетекші барған болатын. Олардың бірі — аталған зияткерлік мектептің физика пәнінің мұғалімі, өткен жылдың үздік педагогі, биылғы «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының финалисі Мират Оспанов.

Әлішерге 7-сыныптан бастап сабақ беремін. Оның жетістігі  — үздіксіз еңбегінің нәтижесі. Оқушымның жеңісін өз көзіммен көру мен үшін үлкен бақыт! дейді Мират Оспанов.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button