Жаңалықтар

Ақтөбеден бөлек, үш ауданда тіркелді

18 қараша күні облыста 19 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Олардың арасында 16 адамнан ауру белгілері байқалған, ал өзгелері денсаулығына байланысты еш шағым айтпаған.

Жалпы, пандемия басталғалы бергі уақыттың ішінде өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 34 713 адамға жетті. Олардың 98,1 пайызы жазылып шықты.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен тікелей эфирде айтылды. Мұнда індеттің таралуы мен вакциналауға қатысты өңірдегі қазіргі жағдай жөнінде баяндалды.

Әдеттегідей әлеуметтік желілердегі aqtobe_press парақшасы арқылы таратылған тікелей эфирге облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Дәулетова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әсия Тіржанова қатысты.

— 18 қарашада, яғни бір тәулік ішінде 19 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Олардың басым бөлігі, яғни 12 адам — Ақтөбе қаласының тұрғындары. Сондай-ақ Әйтеке би, Қобда, Мұғалжар аудандарынан да осы індетті жұқтырған жағдайлар анықталып отыр, — деді Гүлбану Дәулетова.

Облыста тіркелген барлық науқастардың 87,5 пайызы — ауруды жергілікті жерде жұқтырғандар. Жағдайды ушықтырмау мақсатымен, бүгінгі күні 7910 адам үй карантиніне алынған.

Карантин талаптарын бұзып, өзінің науқасын немесе науқас адаммен байланысын ескермей, көпшілік арасына шығатындар да бар. Мысалы, «Ashyq» бағдарламасы енгізілгелі бері өңірімізде «қызыл» статусты 363 адамның, «сары» статусты 247 адамның карантин талабын бұзғаны анықталған. Оның ішінде 120 жеке тұлғаға әкімшілік жаза қаралып, 5,3 миллион теңгеге жуық көлемде айыппұл салынған.

Тікелей эфир соңында мамандар көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Жалпы, еліміз бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 960 мыңнан асып отыр. Олардың 923 мыңға жуығы індеттен жазылып шыққан.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button