Жаңалықтар

146 мыңға жуық ақтөбелік жер кезегінде тұр

Сәрсенбі күні Ақтөбе қалалық әкімдігі ғимаратында тұрақты комиссияның отырысы өтіп, онда жер учаскелерін бөлудегі заңдылық мәселелері қаралды.

Ақтөбе қалалық мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысына депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі басты мәселе — жер учаскелерін бөлудегі заңдылық мәселелері бойынша Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ислам Ізбасқанов баяндама жасады.

Оның айтуынша, жер учаскелері Жер Кодексіне және ҚР Ұлттық экономика министрінің №255 бұйрығымен бекітілген қағидаларына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған ел азаматтарына беріледі.Бөлімнің деректер базасына сәйкесАқтөбе қаласы бойынша жер телімін алуға тіркелген азаматтар саны — 145916. Жалпы, 2014 жылдан бері бүгінгі күнге дейін 29218 жер учаскесі бөлініпті. Бірақ инженерлік желілердің болмауына байланысты бұл іс тығырыққа тірелген деседі. Өйткені тәртіп бойынша су мен электр желілері бар жерлер ғана берілуі керек.

Сондай-ақ басқосу барысында жер учаскесін алу кезінде азаматтардың тап болатын негізгі мәселесі ретінде рәсімдеудің ұзақ процесі айтылды. Одан өзге электрондық аукцион, тұрғындардың уақытын үнемдеу үшін цифрландырудың қарқынды жүргізіліп жатқаны, т.б. сөз етілді.

Былтыр ауыл шаруашылығын қолдау аясында конкурс арқылы жалпы ауданы 2870 гектар 21 жер учаскесі тапсырылыпты. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button