Басты жаңалықтарРухани жаңғыруТәуелсіздік — 30

«Арайлы Ақтөбеден — киелі Түркістанға»

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Арайлы Ақтөбеден — Киелі Түркістанға» рухани керуен барды. Ақтөбе облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қодауымен жүзеге асқан шараның негізгі мақсаты — екі өңір арасындағы мәдени-әдеби байланысты одан әрі нығайту.

Түркістандағы мәдени шараның негізгі ұйымдастырушысы — С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы.

 Рухани астанада

Түркістандықтарда мынадай бір жақсы дәстүр қалыптасыпты. Кез келген ірі көлемдегі шараны бастамас бұрын олар Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып тәу етеді екен. Ақтөбеліктер де бұл дәстүрге айналған жақсы үрдістен аттап кетпеді. Шара басталмас бұрын алдымен күмбезді кесенеге барып, Құран бағыштады.

Содан кейін Түркістан облыстық «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапханасының жұмысымен танысты.

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Фараб» атауы берілген кітапхана заманауи соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Бір ерекшелігі — мұнда келуші жастарға тек қана білім алып қоймай, шығармашылығы мен шабытын ұштастыруға барлық жағдай жасалған. Үш қабатты шығармашылық шаңырағы бірнеше аймаққа бөлініпті. Кітапхананың алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі — ескі құжаттар мұрағатын сақтап, жинау. Ол үшін толық мүмкіндік жасалған. Мұнда ескірген кітаптарды қайта қалпына келтіретін арнайы цех жұмыс жасайды. Айта кетейік, бұл —Орта Азиядағы жалғыз цех. Кітапханада сондай-ақ өндіріс зертханасы, әртүрлі студиялар бар. «Фарабқа» тұрақты келетін оқырман заманауи технологияларды қолдана отырып, жаңа өнер туындысын жарыққа шығарып, тіпті жаңа музыкалық аспап ойлап табуына мүмкіндік бар.

Кітапхананың фойесіне «Ақтөбе — ежелден жыраулар мекені» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда Ақтөбе өңірінен шыққан бірегей таланттардың шығармалары қойылып, келушілерге кітапхананың бөлім меңгерушісі Ақтоты Салиева олар туралы кеңінен мәлімет берді.

Негізгі шара кітапханадағы концерт залында өтті. «Тәуелсіздікке тарту» атты әдеби кешті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Талғат Тілеулесов жүргізді.

Киелі өлкенің тұрғындарына ақтөбеліктердің арнайы сәлемін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова жеткізді.

— Түркістан — тек қазақтың ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани орталығы. Ақтөбе өңірі де, өздеріңіз жақсы білетіндей, қазақ еліне, әдебиетіне талай дарындар шоғырын сыйлаған өлке. Осы өлкеге бүгін арайлы Ақтөбеден арнайы мәдени, тарихи, әдеби байланысымызды нығайту үшін келіп отырмыз. Құтты мекеннен келген рухани керуен барысында сіздер Ақтөбе топырағынан шыққан ақын-жазушылардың еңбектерімен, шығармаларымен толық таныса аласыздар. Ұсынысымызды қабыл алған Түркістан облыстық мәдениет басқармасына алғысымызды білдіреміз. Екі өңір арасындағы шығармашылық байланысымыз одан әрі нығая берсін, — деді басқарма басшысы.

Өз кезегінде сөз алған Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев рухани керуенді алғаш болып бастап келген ақтөбеліктерге алғысын білдірді.

Шара барысында ақын Талғат Тілеулесов,  ЛаураПалман поэзия оқыса, республикалық байқаулардың лауреаты Жеңіс Елемесов  жырдан шашу шашты.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Жұманазар Асан мен Түркістан қаласының ардагерлер кеңесінің мүшесі Өтепберген Қуанышбаев, Түркістан облыстық әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева екі өңірдің ортасына рухани көпір салынғанына шексіз ризашылықтарын білдірді.

—Түркістан өлкесімен біздің бұрыннан да тарихи-мәдени байланысымыз бар. Осы Түркістан жерінде Тілеу батыр, Жолдыаяқ батыр, Қалдыбай хан атындағы көшелер бар. Бұл аты аталған адамдар ӘзТәукенің тұсында 1681-1684 жылдары Сайрам соғысында осы астанамызды қорғауға қатысып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген. Сайрам маңындағы соғыстарда ерлік көрсеткен Қалдыбай хан қазіргі Өзбекстан жерінде ел билеп, «қарадан шыққан хан» атанған. Пұсырманұлы Қарабас, Жарас батырлардың, Шекті Мөңке бидің ұстазы.

Тілеу батыр мен оның жаужүрек ұлы Жолдыаяқты Тәуекел баһадүр хан, Салқам Жәңгір жатқан қасиетті Қожа Ахмет Яссауи дүрбесіне жерлейді. Түркістанды жаудан қорғаймын деп Сайрам соғысында шейіт болған Тілеу батыр мен оның ұлының есімі арнайы комиссияның 2000 жылы 17 шілде күнгі шешімімен Қожа Ахмет Яссауи  дүрбесіндегі тақтаға алтын әріппен жазылды. Жаңа кесенеге барған тұста тізімнен көрдік, — деді Жұманазар Асан.

Кеш барысында С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Құралай Райымбаева осындай әдемі кешті ұйымдастыруға мүмкіндік жасаған Түркістан облыстық «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапханасына рақметін айтып, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шыққан 50 томдық кітапты сыйға тартты. 50 томдық жинаққа Ақтөбеден шыққан белгілі ақын-жазушылардың, сондай-ақ жас қаламгерлердің таңдаулы шығармалары енгізілген.

Түркістандықтар да рухани керуенді бастап барған ақтөбеліктерді құр қол қайтармады. Өлкетану бағытындағы әдебиеттермен қатар, жуырда ғана тұсауы кесілген «Түркістан тұлғалары» атты кітапты сыйға берді.

«Ата жырда аруағы бар қазақтың»

Дәл сол күні түстен кейін «Ұлы дала елі» орталығында Ақтөбеден келген рухани керуен аясында «Ата жырда аруағы бар қазақтың» атты мәдени шара өтті.

Аталған шараның басты мақсаты — күллі түркі халықтарына ортақ мұра «Ер Едіге – ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық альбомын және ұлы даланың дана философы «Мөңке би» кітабын киелі Түркістан халқына таныстыру.

Шараға Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының басшысы Нұрлыхан Хасенов, филология ғылымдарының докторы, профессор, едігетанушы Жұманазар Асан, облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Ләйлә Омарова, сондай-ақ Түркістан облыстық мәдениет басқармасының мамандары мен студенттері қатысты.

Алдымен Нұрлыхан Хасенов жиналғандарға Ақтөбе облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қандай шаралар жүзеге асырылып жатқанын баяндап берді.

Бағдарлама аясында Ақтөбеде ірі жобалар жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның 6 қағидасы мен 17 арнайы жобасы бойынша облыс көлемінде 2 миллиард 170 миллион теңге бөлініп, 165 іс-шарадан тұратын облыстық жоспар бекітілді.

«Тәуелсіздікке тағзым» жобасы аясында 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Ақтөбе облысы жерлесмеценаттарының көмегімен барлығы 536 миллион 732 мың теңгеге 300 жоба жүзеге асырылыпты.

«Ұлттық бірегейлікті сақтау» қағидасы негізінде демеушілік қаражат есебінен 2017-2021 жылдар аралығында облыста тарихи тұлғаларға арналған 48 ескерткіш бой көтерген. «Ақтөбе ақтаңгерлері» ғылыми-танымдық жобасы шеңберінде тарихи тұлғалар туралы зерттеулер жүргізіліп, архив құжаттары зерделенуде. Нәтижесінде ғылыми жинақ жарық көріп, қысқаметражды тарихи-танымдық фильм әзірленуде.

«Білімнің салтанат құруы» қағидасын іске асыру барысында биыл «Туған елің – Қазақстанды жақсы білесің бе?» атты республикалық балалар оқулары байқауы бастау алды. Сондай-ақ «Тұлпар мініп, ту алған!» республикалық байқауы Ақтөбеде бастау алып, 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан сайыс өтті.

Бұдан соң едігетанушы Жұманазар Асан Едіге батыр мен Мөңке бидің болжамы туралы кеңінен айтып берді.

— Жалпы, «Едіге батыр» эпосының 60-тан астам нұсқасы бар. Бұл Едігенің ел қалаулысы болғанын білдіреді. Татар, ноғай, башқұрт, өзбек секілді түркітілдес халықтарда бірнеше нұсқасы айтылады. Бірақ барлығының мағынасы бір. Онда: «Едіге деген ер екен, елдің қамын жер екен» деген сөздер бар. Едіге — құлап бара жатқан Алтын Орданы қайтадан қалпына келтіріп,әлеуметтік жағдайына мән беріп, елдің сүйіспеншілігіне бөленген адам. Едіге туралы 1944 жылға дейін мектепте оқытылған екен. Кейін тоқтап қалған. Тәуелсіздік алғаннан бастап қайта қолға ала бастадық, — деді ол.

Бүгінде Ақтөбе облысының орталығында Едіге батыр атындағы көше бар. Сондай-ақ Ақтөбеден Қобда ауданы бағытына шығар жолда Едігеге арналған ескерткіш орнатылды. Ал биыл облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан «Ер Едіге» жыр мектебі ашылды. Бұл ақтөбелік жыр сүйер қауым үшін ел Тәуелсіздігінің

30 жылдық тойына орай ұсынылып отырған үлкен сый болды.

Шара соңында республикалық байқаулардың лауреаты Жеңіс Елемесов «Ер Едіге» жырынан үзінді орындап берді.

Ақтөбеліктер ұйымдастырған шара түркістандық студенттердің де көңілінен шықты.

— Бүгінгі тарихтан сыр шерткен мәдени шараны ұйымдастырған Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасына үлкен алғыс айтқымыз келеді. Сіздердің арқаларыңызда біз Едіге батыр туралы көптеген мәлімет алдық. Тың деректерді әдемі жеткізген едігетанушы Жұманазар Асанға рақмет айтамыз, — дейді шараға қатысқан студенттердің бірі Ержан Жолдасов.

***

Түркістанға жасаған рухани керуен аясында ақтөбеліктер Арыстан баб кесенесіне, әйгілі Отырар қамалына барды. Жаңарған облыс орталығын аралап көрді. Тарихы ғасырларға ұласқан киелі өлке бүгінде күн сайын түрленіп, жаңарып келеді.

«Арайлы Ақтөбеден — Киелі Түркістанға» жобасы екі өңір арасындағы рухани байланысымызды нығайту үшін қолға алған шара болатын. Бүгінде Ақтөбеде мәдениет бағытында, әсіресе кітапхана саласында үлкен-үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жасалып жатқан еңбектерімізді Түркістан жұртына таныстыру үшін келдік. Жарыққа шыққан кітап өз оқырманына жету керек. Бұл —кітапханашылар алдындағы негізгі міндеттердің бірі. Қолға алған жобамыз сәтті болды, — деді «Арайлы Ақтөбеден — Киелі Түркістанға» жобасының авторы Талғат Тілеулесов.

Кезінде Қазақ хандығының астанасы болған керуен жолдары тоғысып, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан өлкесіне жасаған бұл сапар ақтөбеліктер қолға алған рухани-мәдени шаралардың басы деп түсіндік. Екі өңір арасындағы байланыс одан әрі нығайып, алтын көпір салынды. Ал құтты мекеннің барлық өнерпаздары бастаған үлкен мәдени керуен, бұйырса, киелі өлкеге келер жылдың көктемінде аттанады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Ақтөбе-Түркістан-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button