Басты жаңалықтар

Шөбің бар ма, шаруа?

«Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай,

Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай…»

Биылғы қыстың соңы да жай болмасына кім кепіл?! Өткен қыс біраз сабақ болды. Ауа райын күннің қабағына қарап аңғарған мал баққан бабаларымыздың тәжірибесіне сүйенбеске амал жоқ. Қарашаның ортасы ауып, қыр астында тұрған қыстың да алғашқы ызғарын көріп қалдық. Әдетте көп ұзамай еріп кететін алғашқы қар деп мән бермегенімізбен, қыстың ақ ұлпасы орнығып қалатын сияқты. Олай дейтініміз, былтыр 15 күн ерте түскен «кәрі құданың» алғашқы қонағы бірден жатып алды. Мал ерте қолға тұрды. Қыстың соңы да жай шығып, облыстың төлі өріске сәуір айында әрең ілікті. Сол аралықта шөп таусылып, бір айлық қор жимаған, көктемгі талшықты сырттан сатып алуға мәжбүр болған ауылдар биыл сол қателікті қайталай ма? Беті аулақ, әрине. Бірақ жаз бойы ұрандатып, жалаулатып берген ақпараттарымыздың нәтижесін енді көретін кез туды.

Шөбі көптің — көңілі тоқ

Төрт түлік көп болса көңіл жайлы, тоқ болса қарның майлы. Облыста қысқа түсетін малдың санына қарап күйімізге шүкірлік айтуға болады.

Жарты миллионнан астам ірі қарамыз бар екен. Қай жерде де еті мен сүті сұраныстан түспейтін түлігіміздің бұл түрінің көптігі көңілді қуантады. Өрісімізде 187 мың жылқы тебінге түседі. Ал аса бап талғамайтын, шөлге де, шөпке де шыдамды дейтін 17 мың түйе қыстап шықпақ.

«Көз тиеді» деп қозы-лақтың санын айтпайтын шопандар ырымының ыңғайына көшіп, цифрды шұбыртпай-ақ, бірауыз сөзбен түйіндесек, түсінікті шығар. Қой саны жөнінен миллионерміз.

Малдың көп болғаны жақсы, әрине, бірақ қыстық азығы мал баққан шаруаны тыныш ұйықтатқыза қоймас. Осынша малға  1 780,8 мың тонна шөп керек екен. Қорды қоса есептегенде 2 671,2 мың тонна шөп дайындалуы  тиіс.

Биылғы шөптің шығымы нашар екенін бес жастағы балаға дейін білетін болар. Жанар-жағармайдың қымбатшылығы, шабындықтан он ораған жерден бір ораманың шығатыны, бума шөптің бәсі екі есеге өсіп кеткені мал ұстаған әрбір шаруаға таныс жай.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге 10177,6 мың гектар жайылымдық алқап бекітілген болса, оның 4464,3 мың гектары— суландырылған жайылымдар.

Шаруа қожалықтары мал азығын қамдай алады. Өйткені оларға соңғы екі жылдан бері субсидия беріліп келеді. Алаң қылатыны — жеке тұрғындардың ауласы. Бір аулада шөп таусылса, әкім таяқ жейді. Мұны тұрғындар түсінсе де, түсінбеседе тәртіп солай. Сондықтан аудан, ауыл әкімдерінің жаздай жар құлағы жастыққа тимей, әр адамның ауласын санап жүретіні үйреншікті жағдайға айналғалы қашан. Облыста 324 ауыл бар. Малсыз ауылды елестету қиын. Демек, сонша ауылдың ауласы толып болғанша тыныштық жоқ. Аудан  әкімдіктері жемшөп бағасының негізсіз өспеуі үшін мал азығын дайындаушылармен келіссөздер жүргізіп-ақ бағады. Оған бір-біріне тәуелді, жарыса қымбаттап жатқан нарықтың бағасы бой бере ме? Қазіргі таңда  облыста табиғи шөптің 1 тоннасы —15-16 мыңтеңге.

Дегенмен жоғарыда айтылған сандарды сөйлетсек, мал азығын дайындау 100 пайыз орындалыпты.

Қалай болғанда да мал азығын дайындау оңай емес.  Шөп сататын шаруа қожалықтарының шығынын жабу үшін облыс әкімі субсидия бөлгізді. Сол шөп сатушы шаруа қожалықтары мен сатып алушы жеке тұрғындардың қалтасын қағатын ортақ проблема —құрғақшылық болып отыр.

Қары мен жаңбыры тым аз түсетін, шөп тапшылығы қаупі байқалған Ырғыз, Шалқар, Байғанин аудандарының шабындығы алыстағанын бұрын да бірнеше рет жазғанбыз. Тек тасымалға тәуелді болып қалған Бозойдың да жайы алаңдатты. Облыстағы малы көп ауыл Бозой округінде 7 мыңға тарта ірі қара, 12 мыңдай жылқы, 3 мыңнанастам түйе, 4 мыңдай қой-ешкі бар. Бұған 15725 тонна шөп қажет.

Шабындық пен жайылымнан қайран болмағасын, шаруа қожалықтарымыз малдарымен бірге, берісі Шалқар ауылдық округі мен көрші ауылдарға, әрісі Мұғалжар, Қобда аудандарынан маусымдық жер алып көшті. Көбі сол жақта қыстамақ. Өйткені қайтып келгенімен жайылымның жайы мәз емес. Ал қолда қалған малдар қыстай Үстірттің үсті мен теңіздің табанына жайылады. Тұрғындар қысқа қажетті шөпті тасып алды, — дейді  Бозой ауылдық округінің әкімі Жасұлан Жұбаназаров.

Мал азығын сатып алушыларға салмақ болмасын деп, шөп бағасын тұрақтандыру үшін берілген субсидияның пайдасы екі тарапқа де бірдей тиді. Алайда субсидия алудың да тәртібі бар. Үкіметтен көмек алу үшін аналық сиырдың басы 50-ден асуы тиіс.

Бұрынғыдай емес, мал азығын 60-70 шақырым қашықтықтан дайындаймыз. Жанармай шақ келмейді. Биыл 800 дана орама шөп дайындадық. Жанармайдың өзіне 2 миллион теңге жұмсадым. Үш малшым бар. Оларға жылына 3 миллион теңге жалақы төлеймін. Одан басқа тракторшы, жұмысшылардың жалақысын уақтылы беріп тұруым керек.

Менің сиырларым асылтұқымды емес. Жергілікті ірі қара. Мал азығын дайындауға 100 басқа субсидия алдым. Әр сиырға 30 мың теңгеден берді. Бұл біраз көмек болды, — дейді Ырғыз ауданындағы «Кеңдала» шаруа қожалығының басшысы Ғибрат Тапақов.

Ырғыздықтар биыл 201647 тонна шөп жинап алған.

Ал Байғанин аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Обаевтың айтуынша, облыстық бюджеттен мал азығын дайындауға 95 тонна арзандатылған жанармай жеткізілген.

Ақтөбе қаласына қарасты 22 ауыл бар. Қала маңындағы елді мекендердің өзі 8173 ірі қара, 15175 қой-ешкі, 1599 жылқы және 100-ден аса түйе ұстайды.

Қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Мир Мамутовтың сөзіне қарағанда, өрісі тар ауылдар көбіне мал азығын жемге жеңдіреді екен. Қала іргесіндегі ауылдар 37 мың тонна шөп, 3 мың тонна жүгері, 4,5 мың тонна жем дайындаған.

Қазіргі кезде жемнің тоннасы — 120 мың теңге.Тартылған жем кебегі «Жаңа Әлжан» элеваторынан 75 теңгеден сатылымға шығады.

Қай ауданның да мәліметіне сенсек, мал азығын жинауды 100 пайыз орындаған. Лайым, солай болсын! Бұған толық сенуге болады. Өйткені мал азығын өзге облыстан сатып алмай, өз шабындығымыздан толтырып отырмыз. Керісінше, көрші Маңғыстау облысына 15528 тонна шөп, 45 тонна жем, 400 тоннадай жоңышқа жіберілген.

Қор жисаң, қор болмайсың

Мал азығын түгендеп болсақ, енді адамның азығына келейік.

Нарықтың талабы ма, әлде шөп бағасының өсуі ме, әйтеуір, өзіміз бағып-өсірген малдың еті базарларда бағасын ұстатпай тұр.Қала тұрғындары үшін соғым жақындаған сәтте қалтасы қағылатын уақыт осы кез.

Сараптап қарасақ, әлеуметтік желі мал, ет сатушылардың жарнамасынан бір босамайды. Тіпті үйіңе дейін әкеліп береді. Мұндай жағдайда ет бағасының түсуі кәдік емес пе? Арадағы алыпсатарларды айтпағанда қазір мал иесімен тікелей саудаласуға мүмкіндік бар. Бірақ базарға түскен ет бағасы құтырып шыға келеді. Бұл жерде ет саудасының көзге көрінбейтін өзіндік заңы, әлдекімдердің күші бар-ау деп түйдік. Жә, мал басы миллиондап өскенімен, өңірдің өспейтін жалақысы нарық бағасын қуып жете алмай жүргенін жасырып қайтеміз?!

Дегенмен 900 мыңнан астам халқы бар облысты азық-түлікпен қамтамасыз етуге жергілікті тауар өндірушілердің қауқары бар екенін байқап, қуанып қалдық. Халыққа керегі — бағаның тұрақтылығы. Рас, өзімізде жоқ тауарларды сырттан сатып аламыз. Ол кезде импорттық тауарлар бағасы облыстың ішкі сауда нарығына бағынбайды. Ал жергілікті тауар өндірушілердің шығарған өнімдерінің бағасын өсірмеуге болады. Қымбатшылықтан сақтайтын бірден-бір амал — азық-түлік қорының жеткілікті дайындалуы. Жергілікті билік бұған күш салып бағуда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түріне тоқтау сала аламыз. Бір жақсысы, сол 19 ауылшаруашылық өнімдерінің 15-і өзімізден шығады. Ал қалған күріш, қарақұмық, тұз бен қант сырттан келеді. Бұл аса қорқатын жағдай емес.

Жаздың басында күтпеген жерден картоп пен сәбіздің бағасы шарықтап кеткенін білеміз. Ондай жағдай биыл да қайталанбас үшін тұрақтандыру қорына 1705 тонна картоп, 255 тонна сәбіз жиналды.

Жалпы қорда облыс тұрғындары маусымдық тұтынатын 300 тонна пияз, 44 тонна күріш, 100 тоннадай күнбағыс майы бар. Ас атасы нанның бағасы қымбаттамау керек. Ол үшін 4800 тонна ұн алынған.

— Қордағы азық-түліктер қаладағы коммуналдық базарларға, «Анвар», «Дина» сауда дүкені желілеріне жіберіледі. Бірақ бәрінде бірдей емес. Олар нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен бағамен сатады.Сонымен қатар «Сапа Маркет» пен «Халық сауда» дүкендері арзандатылған бағамен ұсынады.

Мысалы, картоптың келісін 80 теңгеден алып, 84 теңгеден сатады. Бірақ аптасына 2 рет дүйсенбі, сәрсенбі күндері жібереміз. Өйткені бүкіл қаланы қамтуға үлгермейді. Ал 84 теңгеден сатылған картоптың 1 күнде екі тоннасы өтіп кетеді. Ал нарықтық бағада бір келі картоп— 200-220 теңге, — дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасы, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бөлімінің басшысы Снежанна Құлекенова.

Облыста сүт өнімдерін өндіру екі есеге өскен. Айталық, былтыр 254 тонна май өндірілсе, биыл 370 тоннаға жеткен.  Бұған 2 жыл бойы карантиндік шектеулер себеп болыпты. Сырттан келетін тауарлар тоқтағаннан кейін жергілікті сүт өндімдеріне сұраныс күрт артқан.

Биыл облыста қырыққабат бағасы қымбаттап кетсе, таңғалудың қажеті жоқ. Ауа райының қолайсыздығынан қырыққабат шықпай қалған. Алайда облысқа қажетті 150 тоннадай қырыққабатты Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарынан әкелу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

P.S. Қорытсақ, облыста шөп тапшылығы жоқ деп айтайық. Ал ауладағы мал азығы иесіне байланысты. Әр ауылға тасымал тыңғылықты-ақ ұйымдастырылды. Ауылшаруашылық жәрмеңкесінде шөбі өтпей тұрған шөпшілерді де көрдік. Ендеше, қыста «шөбім бітіп қалды» деп әкімдікті жағалаушылар болмайды деп сенейік.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button