Басты жаңалықтарМәселе

Ресейлік көліктер: пайда ма, шығын ба? 

Елімізде Ресейден әкелінген 210 мыңдай көлік сақтандыру компанияларынан сақтандыру полисін алған, яғни көрші елден осынша көлік әкелінген. Оның 88 мыңы Ресейден тіркеуден шығарылған, бірақ Қазақстанда тіркеуге қойылмаған. Осы 88 мыңның 12 мыңға жуығы — Ақтөбе облысында жүр. Не онда, не мында есепке тіркелмеген, яғни ауада «қалықтап» жүрген көліктерді не күтіптұр? Не тіркеуге қоюға келмейтін, не жүргізуге болмайтын көліктер аулаларда қаңтарылып тұрама, әлде бөлшектеліп, көлік құралдарын сататын базарлардың «қазанына» түсіп кете бара ма? Бұл мәселенің бүге-шігесін анықтап білу үшін Ақтөбе қаласы полиция басқармасының әкімшілік-тәжірибе бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Айбар Меңдібайұлымен сұхбаттастық.

—  Ішкі істер министрлігі Қазақстанда сақтандырылған ресейлік нөмір таққан көліктерді ресейлік әріптестермен біріге отырып тексеріп, сақтандыру полисін алған 210 мың көліктің 88 мыңының көрші елден есептен шығарылғанын анықтады. Мұндай көліктер, негізінен, сенімхат арқылы сатылған. Кейін көлік иесі оны Ресейден есептен шығарып тастаған. Яғни енді бұл көліктер Ресейдің меншігі болып саналмайды. Қазақстанға тіркелмегендіктен, ол біздің елдің де меншігі болып есептелмейді.

Бұл жағдайда сенімхат арқылы сатқан көлік иесінің құжаттары өз күшін жойған, яғни заңсыз болып есептеледі. Егер мұндай көліктер Ресейде жүрсе, оларды бірден айыптұрағына жіберер еді. Сол 88 мыңның 14 пайызы Ақтөбе облысында жүр. Оның себебі  — біздің өңір Ресеймен шекаралас, яғни көрші елден көлік әкелу оңай.Олардың дені — шығарылған жылы ескі, арзан көліктер.

— Қазір бізге оқырмандардан көптеген сауалдар келіп түсіп жатыр. Соның бірі: «Егер ондай көліктерді пайдалануға болмаса, не себепті кезінде шекарадан бермен қарай өткізді?»

—   Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресейден біздің елге көліктер бұрыннан да әкелініп жүрді, одақ талаптарына сәйкес көліктердің кіргізілу-кіргізілмеуіне қатысты тыйым салынбайды. Бірақ көлік осы одақ елдерінің бірінде міндетті түрде тіркеуде болуы шарт. Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңының 63-бабында былай деп жазылған: «Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген, халықаралық жол жүрісіне қатысатын және Қазақстан Республикасына бір жылдан аспайтын мерзімге әкелінетін механикалық көлік құралдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында жасалған немесе Қазақстан Республикасына әкелінген, осы Заңда айқындалатын механикалық көлік құралдары міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады. Осы Заңға сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген механикалық көлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағында жол жүрісіне қатысуына және (немесе) пайдаланылуына тыйым салынады». Яғни осы заңға сәйкес еш жерде тіркеуде жоқ көліктерді пайдалануға болмайды.

Шетелдік есепте тұрған автокөлікті пайдалану үшін сізде жүргізуші куәлігі, көлік құралын тіркеу куәлігінің түпнұсқасы, көлік құралының паспорты (ПТС) түпнұсқасы, көлік құралын басқаруға сенімхат, техникалық байқауды растайтын диагностикалық картасы және көлік құралын сақтандыру полисі болуы шарт.

  • Қазір енді осындай тіркеуде жоқ көліктермен жүрген жүргізушілерді жаппай тоқтатып жатырсыздар ма?
  • Жоқ. Олардың барлығын бірдей көшеден ұстап алып, айып тұрағына қойып жатқан жоқпыз. Мұндай көліктерді тек жол жүрісі ережелерін бұзған жағдайда ғана тоқтатамыз. Біздің қолымызда ҚазақстанРеспубликасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінен келген арнайы нұсқау бар, сол нұсқау бойынша жұмыс істейміз. Комитет еш жерде тіркелмеген 88 мың көліктің тізімін берді. Яғни жол ережесін бұзған жағдайда, көлікті тоқтатып, алдымен жол ережесін бұзғаны жөнінде әкімшілік хаттама толтырамыз. Содан кейін оның әлгі 88 мың көліктің тізімінде бар-жоғын тексереміз. Егер көлік осы тізімде болса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 590-бабының 2-бөлігіне сәйкес «мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiк құралын басқарғаны үшін он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады». Осындай екі хаттама толтырылып, көлік айып тұрағына қойылады. Кейін көлік иесі айыппұлды төлегеннен кейін, көлігін алып кете алады. Оның қолына ескертпе қағаз беріледі. Онда аталған көлік құралын пайдалануға тыйым салынғаны және оның ел заңдылықтарына сәйкес міндетті түрде есепке қою туралы ескерту жазылған. «Жол жүрісі туралы» Заңның 66-бабында барлық талаптар жазылған.
  • Демек, айып тұрағынан алғаннан кейін жүргізуші ол көлікті пайдалана алмайды ғой?
  • Дәл солай.
  • Сонда олар не істейді? Көлікті жүргізе алмайды, не тіркей алмайды?
  • Егер Ресейден шығарылған көлік Euro 4,5 экологиялық талабына сай келсе, оны біздің елде тіркей алады. Ал оған сай келмейтін болса, онда көлік иелерінде екі жол бар: не көлікті Ресейге апарып тіркейді, не көлігін бөлшектеп сатады. Әрине, ресейлік көлікті азаматтар көбіне күнкөріс үшін алады. Дегенмен заңға бағынуымыз керек. Менің азамат ретіндегі ойым — есепте жоқ көлікті Ресейге тіркету үшін де көп шығын кетеді. Мәселен, 300 мыңға сатып алған көлікті Ресейге апарып тіркету үшін тағы сондай қаражат керек болуы мүмкін. Сондықтан қайта-қайта шығынданғанша, мүмкін бөлшектеп сатуға тура келетін шығар. Басқа ешқандай жолы жоқ секілді.
  • Ол бір рет жол ережесін бұзғандарға қатысты ғой? Яғни жол ережесін бұзбаса, жүре бере ала ма?
  • Дәл солай. Жол ережесін бұзбаса, ресейлік көліктерді тоқтатпаймыз. Бір рет бұзса, жоғарыда айтқанымдай, айыппұл төлеп, ескерту алады және әлгі 88 мың көліктің тізімінде болса, көлікті одан әрі пайдалана алмайды.
  • Көлікті тіркеу үшін қандай талаптар қойылады?
  • Ресейден шығарылған көліктерді біздің елде тіркеуге қою үшін ол көліктер Euro 4,5 экологиялық талабына сай келуі тиіс. Оларға, негізінен, шығарылғанына 7 жылдан аспайтын көліктер жатады. Айып тұрағынан алғаннан кейін жүргізуші көлігін заң бойынша он жұмыс күні ішінде тіркеуге қоюы тиіс. Euro 4,5 талабына сәйкес болмағандықтан, көлігін тіркеуге қоя алмайды. Статистика бойынша бізге Ресейден сатып әкелініп жатқан көліктердің көпшілігі арзан көліктер. Мәселен, 2 қарашадан бастап облыс бойынша осындай 70көлік айып тұрағына қойылған. Сол көліктердің көбі —арзан көліктер. 35 көлік иесі айыппұлын төлеп, «көлікті басқаруға болмайтыны және 10 күн ішінде тіркеуге қоюы керектігі» жөнінде ескертуін алып кетті. 
  • Біздің елде көлікті есептен шығару үшін мемлекеттік белгілерді — көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін және көліктің тіркеу құжатын қайтадан тапсыру қажет. Ресейде сонда ол белгілер кейін тапсырылмай, көлік есептен шығарыла бере ме?
  • Солай болып тұр. Азаматтар көлікті сатып алған кезде ол сол жақта есепте тұрған болуы мүмкін, кейін көлік шекарадан өткеннен кейін ресейлік көлік иесі оны тіркеу құжатынсыз, мемлекеттік белгілерінсізесептен шығарып тастауы мүмкін. Ол жағы бізге белгісіз. Ресей жағының осы заңдылығы бізге сәл қайшы болып тұр.
  • Кезінде Армениядан әкелінген көліктерге қатысты да осындай дау шығып, ақыры оның шешімі табылды: уақытша тіркеуге қойып, сары нөмірлер берілді. Ресейлік көліктерге қатысты да сондай шешім шығаруға не кедергі?
  • Екі жағдай екі түрлі: Армениядан көлік әкелген кезде көлік сол жақта тіркеуде тұрғанымен, біздің азаматтарымызға тіркеліп келеді. Яғни, байқасаңыз, армениялық көліктердің техникалық құжаттары Армениянікі, бірақ онда көлік иесі ретінде сатып алған адамның аты-жөні жазулы тұрады. Яғни көлік біреудің атына тіркеледі. Кейін Армения тарапы ол көлікті есептен шығарады. Ал біздің жақта оларды уақытша тіркеуге қойып, сары нөмірлер берілді. Яғни біз көлік кімнің атында екенін көріп отырамыз. Бұл ретте көліктің қай жылғы, қандай жағдайда екендігі маңызды емес.

Ал Ресейден әкелінген әлгі 88 мың көліктің жағдайы мүлде басқа: олар екі елде де тіркеуде жоқ. Көліктің барлық құжаттарында бұрынғы ресейлік иесінің аты-жөні жазылып тұрғанымен, ол оның меншігі емес, Ресейден де есептен шығарылған, яғни құжаттары жарамсыз — қоқыс. Ал оларды біздің елде тіркеу үшін, жоғарыда айтқанымдай, Euro 4,5 талабына сәйкес болуы тиіс. Бұл ретте екі елдің арасындағы заңдылықтарда қайшылық болып отыр.

Алаяқтар мен алыпсатарларға алданып қалмас үшін сізге ең алдымен көлік құралы иесімен тікелей алу-сату мәмілесін жасау керек. Содан соң РФ ІІМ-не қарасты құзырлы органдардан көлік құралының кепілде тұрмағандығын немесе өзге де тіркеуге рұқсат бермейтін жайттарды тексеруіңіз, агрегаттарда басылған нөмірлерін ұқыпты салыстырып қарауыңыз (VIN-код) керек.

(Көлік құралының тіркеуде бар-жоғын VIN01 қосымшасы арқылы да білуге болады екен).

— Егер көліктер Euro 4,5  талаптарына сәйкес келсе, оларды тіркеу құны қанша болады?

Көліктің тіркеу куәлігінде Euro 4,5деген жазуы болуы керек. Ресейден әкелінген көлік 2020-2021 жылдары шығарылған болса, алғашқы тіркеу рәсімі үшін ешқандай ақша төленбейді. Ал утилизациялық жинақ көлік жаңа болса да, ескі болса да төленуі тиіс. Мәселен, көлік қозғалтқышының көлемі 1,5 литр болатын болса, утилизациялық жинақ үшін 1 миллион 20 теңге төлеу керек болады. Және 2020-2021 жылдан ескі көлік болса, алғашқы тіркеу үшін тағы да 1 миллион теңгедей қаржы кетеді. Яғни қараңыз: егер мен Ресейден 2020 жылға дейін шығарылған көлікті бір миллион теңгеге сатып алсам, алғашқы тіркеуі үшін шамамен бір миллион, утилизациялық жинақ үшін тағы бір миллион ақша төлеуім керек. Өте тиімсіз.

— Қазіргі кезде де шекарадан осындай тіркеуде жоқ көліктер өткізіліп жатыр ма?

—  Облыста Мәртөкте және Бадамшада — екі жердегі шекара бекетінде осы мәселеге қатысты нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жеке өзім Мәртөкке барып, жұмысты бастап, жүргізіп көрсеттім. Шекарада Ресейден әкелінген көліктерді тіркеуде бар ма, жоқ па — соны тексеріп кіргіземіз. Бұл жұмыс алдын ала шілде айында басталды.

— 88 мың көліктің дені — ескі көліктер екенін айтып отырсыз. Яғни мұндай арзан көліктерді көбі күнкөріс үшін алады. Облыстағы еш жерде тіркеуде жоқ 12 мың көлік, бәлкім, 12 мың отбасының күнкөріс көзі болуы мүмкін… Бұл мәселенің басқаша шешімі жоқ па?

— Ақтөбеде жүрген көліктердің шамамен 40 пайыздайы — ресейлік көліктер. Шынында, көрші елден әкелінген көліктердің арзан екені шындық, халық сол үшін алады. Басшылар бұл жағдайды жақсы біледі. Жоғары жаққа түрлі мәлімдемелер жасалып, жазылып жатыр. Бірақ заңға бәріміз де бағынуымыз керек.

 Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button