Басты жаңалықтар

Мәди Айымбетов — 75

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Белгілі жазушы, аудармашы, «Алаш» сыйлығының иегері Мәди Айымбетов 75 жасқа толып отыр. Қаламгердің мерейтойына орай Қазақстан Республикасының Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев құттықтау жолдады.

Президенттің құттықтау хатын жазушыға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Ораловпен Нұр-Сұлтан қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп табыстады.

Президенттің құттықтау хатында:

«Құрметті Мәди Айтбенбетұлы!

Сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын.

Өзіңізді әріптестеріңіз заманның үнін, қоғамның тыныс-тіршілігін көркем тілмен айшықтай білген қаламгер, ұлтжанды азамат ретінде жақсы біледі. Ұзақ жылғы табысты еңбек жолыңыз кейінгі толқынға үлгі болмақ. Балаларға арналған газет пен журналда жемісті жұмыс жасап, өскелең ұрпақтың рухани-мәдени байлығы артып, өнегелі де тәрбиелі болып қалыптасуына атсалыстыңыз.

Іскерлік қабілетіңіздің арқасында саяси-әкімшілік жұмыстарға араласып, мол тәжірибе жинақтадыңыз. Парламент Сенаты Аппаратында абыройлы қызмет атқарып, еліміздің өркендеуіне қажетті әрі маңызды заңдардың қабылдануына өз үлесіңізді қостыңыз. Мемлекеттік тілде заңнамалық терминдердің кең қолданысқа енуіне жол аштыңыз.

Сіздің шығармашылық жолындағы жетістіктеріңіз де айтарлықтай. Қаламыңыздан шыққан тартымды туындыларыңыз жоғары бағаланып келеді. Алдағы уақытта да талғамы биік оқырмандарыңызды жаңа кітаптарыңызбен қуанта бересіз деген сенімдемін.

Сізге зор денсаулық және отбасыңызға құт-береке тілеймін» деп жазылған.

«Бопай ханым» романы —

тарихты түгендеу жолындағы тағы бір қадам

Қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрған, тарихымыздағы аса бір күрделі кезең саналатын ХVIII ғасырдың басы ғалымдардың, зерттеушілердің, қаламгерлердің, сондай-ақ қалың көпшіліктің де назарын көп аударады. Кеңестің тұсында «қазақ халқының Ресейге өз еркімен қосылуы» аталмыш кезеңнің ең маңызды, басты оқиғасы ретінде танылып әрі дәріптеліп, Әбілқайыр хан соның бастамашысы ретінде аталды. Ал тәуелсіздік алғалы, керісінше, осы кезеңдегі Әбілқайыр ханның отарлаушыларға қарсы күресі, ел мен жерді қорғауға қосқан ересен зор үлесі жөніндегі пікірлерді жиі естіп келеміз.Жалпы, сол кезеңге қатысты жұрт көкейіндегі сауалдар, айтыс-тартыс толастар емес.

Белгілі жазушы Мәди Айымбетов те осы тақырыпқа қалам тербепті. Оның «Бопай ханым» атты тарихи романы жуырда ғана жарыққа шығып, оқырманға жол тартты. Біз жазушыны жаңа шығармасының жарыққа шығуымен құттықтап, хабарласқан едік:

— Мәди Айтбенбетұлы, сізді жаңа романыңыздың жарыққа шығуымен құттықтаймыз. Осы шығарманы жазуыңызға не түрткі болды?

— Бұл — көптен ойда жүрген тақырып еді. ХVIII ғасырдағы халықтың тағдыры, басқыншыларға қарсы күресі, Әбілқайыр хан тұлғасы туралы шындықты біз кеңестік заманда айта алмадық. Әбілқайыр ханның жұрты мен жерін орыстан да қорғап, жоңғардан да қорғап, жан-жақтан анталаған жаумен алысып, арпалыспен өткен ғұмыры, халықты Бұланты, Аңырақай шайқастарына бастап шыққан ерлігі біздің тарихымыздан, ұрпақтар тарапынан лайықты бағасын алуы керек. Міне, осы тұрғыдан, бұл тақырып әрдайым менің көкейімде жүрген еді.

Ал Бопай ханымның да сол кезеңнің тарихында алатын орны ерекше. Бопай ханым — Әбілқайыр ханның сүйікті жары, Нұралы, Ералы, Айшуақ хандар мен Қожахмет, Әділ сұлтандардың анасы. Сонымен бірге ол — қиын-қыстау сәттерде өзінің жарына, балаларына ақылшы, кеңесші де бола білген биік парасат иесі еді.

Ел тағдыры шешілген үлкен күресте, үлкен істерде қазақ әйелі өзінің ақыл-парасатымен, қайсар мінезімен ер-азаматты қолдап, оған сенімді серік бола білді. Өз заманында ел-жұртының құрметіне бөленген, хан ордасындағы беделі зор болған және өз ортасы ғана емес, орыстың билігі де танып, мойындаған Бопай ханымның тұлғасы арқылы мен қазақ әйелінің ұлылығын, елі мен жеріне деген махаббатын көрсеткім келді.

— Тарихи шығарма жазу үшінкөп ізденіс қажет екені белгілі. Бопай образын сомдауда қандай еңбектерге, деректер мен құжаттарға сүйендіңіз?

—«Бопай ханым» романын жазу үшін жан-жақты деректер жинап, 4-5 жыл бойы еңбектендім.Әбіш Кекілбаевтың ХVIII ғасырдағы ел тағдыры баяндалған «Үркер», «Елең-алаң» романдары, Тахауи Ахтановтың «Ант» драмасы секілді баршамызға бұрыннан таныс шығармаларды да қайта қарап, Әбілқайыр мен Бопайдың замандасы, Ресей патшалығына қызмет еткен Джон Кэстльдің күнделігін мұқият оқып шықтым. Бұлардан басқа да көптеген еңбектерді зерттедім. Солардың арасында белгілі тарихшы-ғалым Ирина Ерофееваның «1671-1821 жылдардағы қазақ билеуші элитасының эпистолярлық мұрасы» (Қазақ билеушілерінің хаттары) атты еңбегі бар. Бұл еңбекті бөлектеп айтып отырған себебім, олкезінде шоқынды тілмаштардың орыс тіліне әдейі бұрмалап аударып, Ресей билеушілерінің мүддесіне, саясатына ыңғайластырып «жинақталған» материалдардан құралған. Кезінде Әбілқайырдың орыс патшайымы Анна Иоановнаға жазған хатының өзін шоқынды Тевкелеевтің бұрмалап аударып, екі жұрттың арасындағы ынтымақтастықтың орнына «бодандық» «сұратып» қойғаны белгілі. Романда бұл туралы да айтылады. Сол секілді жоғарыдағы Ерофееваның құрастырған жинағы да қазақ билеушілерін орыс билігіне «құлдық ұрғызып», «жалбарындырып» қойған. Бұл — тарихи қисынға келмейтін, шындықпен еш қабыспайтын жайт. Мұны ашық айтуымыз керек. Орыстың архивінен алынған деректерді «нақты шындық» санап, сүйенуге болмайды.

— Архивте, жалпы ресми тарихта шындықпен қатар саясат та, бұрмалау да көп екені айтылады. Дегенмен архивте, яғни жазба деректе тұрса, соны шындық деп қабылдауды бұлжымас заң секілді көретініміз бар…

— Басқаны білмеймін, ал орыстың архивіне көзсіз сене беруге болмайды. Ол — қазақтың тарихына қарсы жазылған архив. Орыс архивінен алынған деректі тарихи қисынға келе ме, келмей ме — жан-жақты саралап, тексеріп, ой елегінен өткізіп барып қана, шындықты аршып алу керек.

Сонымен бірге құжаттарды, деректерді жария еткенде, аты-жөні ұқсас не бірдей тұлғаларды шатастырып, бірінің ісін екіншісіне «меншіктеп», сөйтіп, өзіміздің де тарихты бұрмалап жатқан тұстарымыз бар.

— Мысалы?

— Нақ осы әңгімеде бұл — Бопай ханым мен Бопай ханшаға қатысты мәселе. Бопай ханым — Әбілқайыр ханның жары болса, ал Бопай ханша — Абылай ханның немересі, Кенесары ханның қарындасы. Ол Абылай ханныңҚасым деген баласынан туған. Бопай ханым мен Бопай ханшаның арасын бір ғасыр уақыт бөліп тұр. Соған қарамастан, бұл екеуін айыра алмай, қателесіп жүргендер бар. Мұндай қателіктер, отарлық дәуірде, кейінгі кеңес заманындабұрмаланып келген тарихымызды дұрыстауға, шындығын аршып, қайта жазуға кесірін тигізеді.

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Мәди АЙЫМБЕТОВ

БОПАЙ ХАНЫМ

(романнан үзінді)

Естектер елінен ауылына шұғыл жеткен Әбілқайырға өзінің Бопайына жеделдетіп бірден барудың тағы да сәті түспеді. Аралдың теріскейінде Қарақұмда үш жүздің рубасылары, батырлары мен би, старшындары бас қосқан құрылтай жиынынан бір-ақ шықты.

Шығыстан төнген жоңғар шапқыншылығына бірлесе қарсы тұрудың амалын қарастыру үшін ақылдасқалы жиылған ел жақсылары бұл кездері аты ауызға ілініп қалған, Кіші жүзде Жайық бойындағы елге басқыншылық әрекеттерін жасаған орыс жасақтарымен және Еділ қалмақтарымен әлденеше мәрте шайқасып, бетін қайтарып, одан соң естек елін патша әскерінен қорғауға аттаныс жасап, өзін қолбасшы ретінде мәлім еткен шыңғыстекті төренің жас сұлтаны Әбілқайырға кәдімгідей-ақ үміт артқан еді.

Түбін қуса Жошы ханның ұрпағы болып келетін төрелердің бір бұтағынан тарайтын, қоңторғай тіршілік кешіп жатқан әулеттен шыққан жас сұлтанға рубасылары осы құрылтайда бірауыздан Кіші жүзді басқаратын бас ханның билігін берді. Ал үш тараптан келген ел жақсыларының қалауымен әр рудан құрылатын жасақтың бас қолбасшысы болып бұған дейін де Кіші жүздің қалмақпен болған соғыстарында ерлігімен аян болған, осы жиында ортаға шығып «алдаспанымызды қолымыздан түсірмей жоңғарға қарсы тұрамыз, соңғы қанымыз төгілгенше шайқасамыз, жаудың табанында ез болып қалғанша олармен айқасып өлгеніміз артық» деп кеудесін кере ұран тастаған табын Бөкенбай сайланды.

Әбілқайыр мен Бөкенбай батырды бір-бірімен ағалы-інілі серіктес әрі жорықтас қылып осылайша табыстырған да осы Қарақұм құрылтайы болды.

… Көп ұзамай Әбілқайырдың елге хан болып келе жатқан хабары Сүйіндік ауылына да жеткен болатын. Мырзатайдың келіншегі Ақторғын арнайы барып, үлкен отаудағы қайынсіңлісі Бопайға екеуі оңаша қалған бір аралықта:

— Еркем, бұдан екі жыл бұрын мертігіп біздің үйде жатқан, әлгі өзің емдеп, айықтырып жіберген жас сұлтан ше, сол біздің елге хан болып келе жатыр дейді ғой, естідің бе? — деді көзі күлімдей сыр тарта сөйлеп. — Біздің отағасы, Мырзекең ағаң бастаған адамдар төре ауылына қарай, ханның алдынан шығуға аттанып кетті…

Әбілқайырдың атын естігенде екі беті ду ете түскендей болған Бопай жеңгесіне алып-ұшқан ішкі сезімінен бәрібір сыр алдырмады.

— Е, болса қайтейін, бола қойсын!..

Бопайдың турашыл мінезіне басып, кесіп айтқан сөзіне жеңгесі:

— Хабарсыз қалмасын дегенім ғой, Бопайжан, еркем! — дей салды жайбарақат қана. Бірақ балғын жүзі албырап кеткен қыздың көңіл күйіндегі алабөтен өзгерісті ол ап-анық аңғарып қалды.

«Өзінше маған сездірмеген түрі ғой, мына ерке қыздың. Сұлтан жігіт туралы айта бастағанымнан алабөтен елең етіп, бал-бұл жайнап шыға келгенін көрмейтіндей мені соқыр деп пе едің сонша! Көрерміз әлі-ақ, сұлтаның бір күні салып ұрып жетіп келгенде не боларыңды! Енді ол хан деген биік мәртебесі бар адам, келгісі келсе сылтау іздеп жатпас, келе салады салып ұрып. Бопайға көзі байланып, қимай кеткені белгілі болып еді ғой сонда. Хан болдым деп жатып алмас, мен білсем. Көзімен ерке қызға қарап үздігуінен ғашықтықтың әуресіне ұрынғаны сонда анық болған…». Қайынсіңлісінің көңіл ауанын алай-дүлей еткен толқынысын қапысыз байқаған жеңгесі оған күлімсірей көз тастап қойды. Өзінің Бопай мен жас сұлтанға қатысты әлгіндей ішкі сырын алдырмады, үндемеді.

…Сол мертігіп айығудан кейінгі алағай да бұлағайлап өткізген екі жылдың жүзі өтер-өтпес уақытта, мінеки, Әбілқайыр сұлтанның аңсаған сәті енді хан болып Қарақұмнан оралған соң туды. Өзіне тілеулес дос болып кеткен Мырзатайға хабар салып, жай-жапсар біліскеннен кейін төре ауылынан құда түсушілердің арнайы тобы қыс тоқсаны орталап қалған мезгілде Үстірт асып, адайлардың қыс жайлайтын мекеніне құдалық жолымен барып қайтқан еді…

Иен дала қыс сызынан айығып, сәуір туғасын адай жұрты Жайықтың түстік батысына қарай, Жемнің төменгі бойымен өрлей көшіп жаз жайлауға шықты. Жаймашуақ осы күндердің бірінде Бопай-Бәтима қыз ұзатылып, Сүйіндік ауылында ұлан-асыр той болды. Іргедегі құдандалы табын, әлім ауылдарынан да көп ағайын, жекжат тойға шақырылды. Қыстан шығып, көктемнің шуағына еңсесі көтерілген көңілі шат жұрт адай ауылының қызығын армансыз тамашалауға жиылды.

Қызының атастырылып қойған жеріне ата жолымен қондыра алмаған Сүйіндікте осы күндерде де, той қарсаңында да іштей тыншу болмаған. Бопайды алып кетуге Әбілқайырмен бірге келген Жәнібек, Бөкенбай батырлар бастаған ханның серіктестерін, құдалық өкілдерін рет-жөнімен қарсы алып, қабыл алғанымен де, оларға әнебірдей ашық қабақ таныта қоймаған болатын. Мұны құдалар жағы, әрине, қапысыз сезді. Қапысыз сезді де, алаңдаушылығын білдірмеуге тырысты.

Құдаларды үлкен үйден аттандыруға арналған қонақасыда төрдің басында малдас құрып жайғасқан Бөкенбай оң-солында отырғандарға жағалай көз тастап алып, маңғаздау үнмен сөйлеп кетті:

—Сүйеке, аталы елдің сөзін ұстаған кемелді ұлағатың бар замандас ағасың, ризалықпен мақұлдасып аттанайық! Бопайың жат қолына емес, төре еліне, жас болса да халқына бас болған мына Әбілқайырмен бірге аттанып барады. Біз — ел жақсылары ақ киізге салып көтерген ханымызға қосшымыз. Теріскейден, оңнан, солдан көз алартқан дұшпанға қарсы тізе қосып тойтарыс жасаған жорықтардың сынына бірге түсіп келеміз. Ертеңгі күні де сол қалыптан айнымаспыз. Сіз де адай жұртының қолбастар тұлғасысыз, жер намысы, ел намысы мен ер намысы жолында аянарыңыз жоқ екені баршамызға аян, бауырыңыздан шыққан тұлымшақты ұрпағыңа ақ тілегіңді ақжарқын пейілмен білдіретініңізге бек сенімдіміз! — деп, иегін сәл көтере түсіп, Сүйіндіктің ойлы жүзіне сауалды шыраймен барлай қарады.

Байыппен, барынша толғамдап сөйлеген Бөкенбайдың әр сөзін Сүйіндік қалт жібермей тыңдады. Бұлармен осы күндері ашық-жарқын бола алмаған кейпін батырдың қапысыз аңғарғандықтан, өзіне осылайша сөз арнап отырғандығын ол түсінді. Бірақ бұған іле жауап беруге асықпады. Төрге жайғасқан қонақтарына жағалай көз тастап, сәл тосылды да, Бөкенбайға жүзін бұрды.

—Е-е, Бөкенбай, жөн-жосықты білетін азаматымсың ғой, шын ырзалығым болмаса, мына келістеріңді қабыл алмас едім. Ел-жұртыммен бірге мына тойдың төріне келген сіздерге құрметімді жасар ма едім, жасамас па едім!?.

Аз-кем толқудан ба, Сүйіндіктің аққұба өңі қызғылт реңктеніп, кең маңдайындағы ұсақ әжім сызықтары аз ғана жиырыла түсіп барып, жазылып сала берді.

Бөкенбай оның сөзін қабыл алған ишара жасап, оң қолын кеудесіне қойып, басын иді.

—Ұлдан кем көрмей өсірген қызымның бұл қалауына қарсы тұрар дәтім қайсы?! Ел мен жердің қамын мойнына жүктеген мына азаматтың қолынан өмірлік қосағым деп ұстаса, мұнысы ақылымен шешкен өз қалауы шығар. Қызымды әкелік тілектестігіммен аттандырамын, еркін өсіп, өзі жайлаған мынау алтын босағасынан! Менің көкейімдегіні білгің келсе, айтпағым — осы!..

—Бәрекелді!.. Бәрекелді-ақ! Сүйеке, аталы сөзіңе бек рақмет!..Бөкенбайдың көңіл сарайы жайдарыланып, Сүйіндіктің сөзіне өзінің шексіз ризалығын жасырмады. Сүйіндік те арқасын кеңге салып, құдаларының пейіліне жылы шырайлы ыңғайлыстығын танытқандай болды.

Төре еліне Бопайды аттандыру сәті сол күннің ертесіне күн әлеті сәскеге ұласар шамаға тұспа-тұс келді. Сыңсу айтысумен тәмамдалған адай жұртының айтулы тойы өз мәресіне жетті. Сәуірдің жылы шуағы жамырап, жас көктемнің көгілжім исі бұрқырай бастағанда үкіленген екі ақбоз атқа отырған Әбілқайыр мен Бопайды ортаға алған сән-салтанатты топ шығыс жақты, Ырғызды бетке алып қозғалып кетіп еді.

ххх

Хан ордасына, жасаулы үлкен отауға кірген Бопай өзіне таңсық өмірдің алғашқы айларында әлденеден жүрексінгендей болып жүрді. Төре ауылының адамдары да адай келіннің жүріс-тұрысына сырттай көз салып, сынай қарайтындай. Жас келін Бопайдың Әбілқайырды қасынан көп жібергісі жоқ еді. Ел арасындағы ханның тікелей араласуына тірелетін шаруаларға аттанып кетсе, оның тезірек оралуын асыға күтетін болды. Отбасы, ошақ қасының күнделікті істерін атқарушы күтушілерді еркін жұмсауға да етене дағдыланып кете алмады.

Ұзақты күн жападан-жалғыз сарсылудың қияметін бастан кешіріп жүрген осындай күндердің бірінде Бопай өн бойынан әлдебір таңсықтау өзгерісті байқады. Кешқұрым жүрегінің басы, сәл төменірек тұсы шым ете түскендей болды да, бойын жеңіл діріл билеп ала жөнелді. Бопай осы сәт көз алды мұнартып, лоқсып, шым ете түскен енді бір сәтте жүрегі айни бастағандай мең-зең күйге түсті. Ас ішуге тәбеті тартпай, тамақтың дәм-исінен лоқси беретін болып алды. Ақша өңі қуара бозарып, сұлқ жүрген Бопай әлденеге мазалаңды осы жағдайын Әбілқайырға ілкімде байқатпауға тырысып бақты. Дәмдеп пісірілген тамақтың бәрін тәрк етіп, тәбет талғамы өзгеше бөлек дәмді тілеп, соған аңсары ауа беретін болғандай халде жүрді.

Сондай таңсық халде жүрген оны түсініксіз бір тұнжырлау ұйқы да меңдете бастады. Неше түрлі түстің құшағына еніп, күндіз демей, түн демей ұзақ-ұзақ жатып ұйықтайтын болып алды. Бірде, сірә, таңғы ұйқының кезінде ме екен, түс көріпті. Жым-жырт иен даланың ортасында, тып-тымық көгілдір аспанның аясында жападан-жалғыз жүріп келеді екен. Айналасында қыбыр еткен жан баласы жоқ. Жалғызаяқ жолдың қайда апаратыны мәлімсіз, әйтеуір, тоқтамайды, дамылсыз ілгерілеу, дамылсыз қозғалу, көзге көрінбес бір күш оны дедектете жетелеп барады. Аз жүрді ме, көп жүрді ме, білмейді, алдынан толқыны шулап, шалқып жатқан үлкен дария кезігеді. Жол табаны тірелген дарияның ар жағында не бар, ол да беймәлім. Енді қайда бармақ, алдында — терең ұлы су! Артына жалт қарайды. Жалт қараса, ізінен желке жүні дүрдей тайыншадай көкжал бөрі еріп келе жатыр. Мұның аңтарылып тұрғанынан секем алды ма екен, әлгі көкжал арлан сәл шегіншектей түсіп барып қалт тұра қалды. Тұла бойын билеген үрей мен қорқыныш заматта жоғалып, ол көкжал бөріге: «Күшім, күшім менің, көкжалым менің кішкентай, келе ғой маған» деп қос қолын соза берді. Қасқыр да жылы сөйлегенді түсінгендей, тұмсығын соза түсіп, құшағына келіп енеді. Ып-ыстық тілімен мойнын, бет-аузын жалап, еркелей бастаған мезетте алдында өткел берместей болып жатқан дарияның суы дәл ортасынан екі жаққа қашып, арғы жағаға қарай айдынды жол жайылып сала берді. Ал дарияның арғы жағалауы —нағыз ұжмақтың өзі! Жап-жасыл бақ мәуелеп тұрған, тырнакөз кәусар бұлақ сыбырлап сылдыр қаққан ұжмақ! Таң-тамаша сезімге бөленіп, көкірегін кереметтей бір қуаныш керней ала жөнелді. Өзінің манадан бергі жападан-жалғыз екенін де ұмытып кетті. Жасыл әлем оны саясына алып, нұрлы шуағымен аялап, жібектей есілген самалымен бет-жүзін өбіп, мөлдір де тұнық әлемнің ішіне енгізді де жіберді. Таңғажайып дүниенің әлдиімен елжіреген жүрегі ойда жоқта пайда болған шаттыққа толды. Осы нағыз ұжмақтың арасында осылайша қанша уақыт жүрерін кім білген! Әлден соң ол өзін осы жерге терең дарияның айдынынан жол ашып жетелеп алып келген көкжал арланды кенет есіне түсірді. Ұмытып бара жатқанына өкініп, жалма-жан жан-жағына, алды-артына қарап қасқырды іздеді. Арлан ұшты-күйлі ғайып болыпты. Жан дүниесі әлем-жәлем, жандалбасалап олай бір, бұлай бір жүгірген ол көкірегін өксік қысып, көз жасына ерік берді. Қанша жылағанын білмейді, жылаудан солығы басылған Бопай кенеттен тап жанынан бөлтіріктің қыңсылаған үнін естіді. Қып-қысқа аяқтарын тырбың-тырбың қозғап, бауырын болар-болмас көтерген құйттай ғана тіршілік иесін қос алақанына салып, жерден көтеріп алды. Сол қас қағымда көзін жаңа-жаңа ашқан кішкентай бөлтірікті азуымен желкесінен қысып, оның қасына әкеп тастаған арлан оған анадай жерден бір көрінді де, көзден ғайып болды…

Бопай ұйқысынан алқынып, қуанып оянды да, жаңа ғана көрген түсінің әсерінен айыға алмай, көзін жұмған күйі мамық төсегінде тағы бір әудем жатты. Суы ұшан-теңіз дәрияны түсінде көргенді жақсылыққа жорыды, су иесі Сүлеймен пайғамбар өзін желеп, жебеп жүргенге жорыды. Ал оған жол тауып берген қасқырдың арланын да, алақанында қыңсылап жатқан бөлтірікті де бастан кешер алдағы өмірінің қасиетті көрінісіндей деп ұғымдады…

Жас келіншектің ақша жүзінде атқан таңның нұрымен әдемі шырай ойнап, езуінде жылы жымиыс ұялады…

…Қыс қарсаңына қарай аңға шығуды ермек қылатын Әбілқайыр сол дағдысынан биыл да айнымаған. Қазан айы орталанып, таңға қарай су бетіне жұқалап мұз қабыршағы тұра бастағанда Үстірттің теріскейіне аңшы серіктестерімен аңға шығып кеткен хан он шақты күн қоста қона жатып жүріп, сол күні ауылға ымырт түспей оралған еді. Оның қанжығасындағы құйрығы ат үстінен жер сызған, азуы ақсиып қалған дүрдей арлан қасқырды атқосшы жігіт байлауынан шешіп, үй іргесіндегі шоланның алдына апарып сұлатып тастай салды.

Жеңіл әрі жылы түйе жүн шапанын иығына іліп, Әбілқайырды отау үйдің есігі алдынан қарсы алып тұрған Бопайдың таңдайын кенет мына арлан бөрінің жүрегінен қуырылған қара қуырдақтың дәмі тәбетін алабөтен баурап, тілін үйіріп, тұшындырып жібергендей болды.

— Әбекесі, тап осы қазір бар ғой, сенсеңіз, мына қасқырдың жүрегіне аңсарым кереметтей ауып тұр!.. Имандай шыным, қара қуырдақ қылып жегім келеді! Неге екенін өзім де білмеймін, шарбы майына қуырылған қасқырдың қара қуырдағына тіленіп тұрмын!..

Бопайдың сәл абыржулы үн қатып, ішкі тіленісін артық-ауыссыз шынайы білдірген кейпіне таң-тамаша қалған Әбілқайыр мән-жайды әп дегеннен ұғып қалды.

— Кеудесін жарып, жүрегін ал алдымен! — деді ол атқосшыға шалт қарап, иегін көтеріп, бұйыра сөйледі. — Бір қылтанағын қалдырмай іш майын қоса алыңдар!..

Дәмін құшырлана, тамсана алып қасқыр-қуырдақты құныға жеген Бопай маңдайы тершіп, тұла бойы жеңілейіп сала берді. Бірнеше күн бойы ас ішуден қалып, қалжыраған ол сол бойда рақаттана тоғайған күйге еніп жүре берді.

Сол түні жылы төсектегі ұйқыға да ол мауығы басылып, әйелдік болмысында пайда болған өзгерістің алаңсыз сәттеріне балбырай енді. Болашақ нәресте шарананың құрсағына байланған халін бастан кешкен Бопай жерік асы дала тағысы арлан бөрінің жүрегін жеген күннен тоғыз ай, тоғыз күннің жүзі жылжып өте бергенде құрсағын бүріп, жүрегін төмен суырған ұлы толғақтың қиналысына душар болды. Жарық дүниеге келе жатқан шақалақ анасының өзегін жарып шыққанша тыншу таппады. Бопайды жан қиналысынан әлден уақытта оның іңгәлай шыққан даусы арылтқан еді. Бұл жеңілею жас әйелдің езуіне кенет тәтті жымиыс ұялатты…

Шілденің шіліңгірінде таңмен таласа басталған толғақтың біразырақ қиналыс-азабынан соң, түс ауа құрсақтан босап, кіндігі кесілген ұлын, Нұралысын бауырына алған Бопай ана болу бақытын айрықша сезініп жатты…

Орда бұзар отыздың өріне өрлеген Әбілқайырды да қасқыр жүрегінен жаралған мұрагері әкелік сезімнің шексіз қуанышына бөлеген еді.

…Содан бері талай жыл араға түсті. Замана көші өз кезегімен, тоқтамай жылжып бара жатты. Нұралы ержетті, орданың жас сұлтаны әкесінің сенімді істерге жұмсайтын қолғанатына айналды.

II тарау

Сәуір айының ортасы тасыған суының деңгейі төмендеп, бұрынғы арнасына түскен Ырғыз жағасында жылы да шуақты күндерімен басталды…

Хан ордасы Уфадан бір айға жуық бұрын аттанған Санкт-Петербургтің арнайы мәмілегер өкілі сыртқы істер кол­ле­ги­ясы­ның тілмашы, дип­ло­мат Алексей Иванович Тәуекелев пен естектердің батыр басшысы, беткеұстар көсемі Алдарбай тарханды күтудің абыр-сабыр дайындығында еді.

Естектің батыр басшысы, беткеұстар көсемі Алдарбайдың бір қоналқы жерден жіберген жаушы жігіті қарсаңдағы күні жолаушылардың бүгін төбе көрсететінінен хабар жеткізгесін, Әбілқайыр Нұралыны шағын нөкермен олардың алдынан шығып қарсы алуға жұмсады.

Қабырға мен Өлкейіктің арғы тұсына өте бере қозы көш жерден шаң берген мәртебелі жолаушыларды жас сұлтанның өзі атынан түсіп, тағзым жасап сәлемдесті.

— Бұл жігітіміз кім болады? — деді Тевкелев иегін маңғаздана көтеріп, Нұралыға сұраулы жүзбен қарады.

— Мәртебелі мырза, Сіздің құзырыңызға, өзіңізді қарсы алып тұрған Әбілқайыр баласы Нұралы сұлтан боламыз! Ордаға хош келіпсіз!..

«Ә, бұл жігітіміз ханның бірінші мұрагері десе дегендей-ақ екен өзі. Барлық мәнері келіп тұр. Әбілқайыр мұны қазірден болашақ хандық мәртебеге баули бастағаны ғой. Еліне маңызды миссиямен келе жатқан бізді қарсы алуға жанында ұстайтын беделді билердің я рубасыларының бірін емес, сұлтандық атаққа жеткен баласын жіберіп отыр. Дұрыс-ақ делік мұнысын! Шыңғыс заманынан бергі дала билеушілерінің қай-қайсының да қанына сіңген тәлімгерлік қасиет қой бұл…».

Өздерін хан әулетіне тән ақсүйектік ілтипатпен қарсы алып, жол бастаған Нұралыға көз қырын салып келе жатқан Тевкелевтің көңіл ауанында аз-кем сәт осындай ой жылт еткен болатын.

Еділ қалмағы мен Жайықтың казак-орысы бар, орыс билігінің арандатуымен естек ағайындардың соңғы кездері шабуылдауының үдеуі және шығыстан ойраттар жан-жағынан қыспаққа алып тұрған қиын жағдайдан шығудың амалын іздеп, соңғы рет бұдан төрт жылдай бұрын Петербормен ынтымақтасу одағын жасаудың әрекеті сәтсіз аяқталғаннан бері хан ордасы бұдан былайғы жерде өз күшіне сүйеніп, тас түйін болуға бекінген еді.

Әбілқайырдың елшілік жолымен жіберген Қойбағар Көбекұлының Петерборға жеткізген жолданымына Орыс патшасы ризашылығын үзілді-кесілді бермегені былай тұрсын, Ресей мемлекеті номад ханымен әскери одақ жасасудан бас тартады, бізге Азия қақпасын емін-еркін ашуға мүмкіндік беретін олардың бодандыққа мойынсұнатын келісімі керек деген ұйғарымға келген болатын. Ал бұл аса жауапты жұмысты орындау шоқынған азиат, өзінің қандастарының, номадтардың тілін, ділін жақсы білетін. Сыртқы істер кол­ле­ги­ясы­ның тілмашы, дип­ло­мат, полковник Алексей Иванович Тевкелевке сеніп тапсырылған болатын. Петр патша оған ауызба-ауыз мынандай тапсырма берген: қайткенде де, тіпті ақшалай қанша шығындалсаң да, Ресей империясының қол астына бағынышты болып кіреміз деген бір параққа жазылып, мөрі басылған Әбілқайырдың хатын маған жеткізуге тиіссің!

Бұл шаруаның бірден орындалуы, әрине, екіталай еді. Аты-жөнін орысшалап алған Құтмұхамбет Тәуекел мырзаның патша тапсырмасын уақтылы орындауына хан ордасының Орынборға көз алартып, орыс билігіне бодан болғандармен Еділ мен Жайықтағы жер үшін болып жатқан шиеленісті соғыстары бұған біраз кедергі болды. Әбілқайыр қанша жерден хан болса да, негізгі күш рубасылары мен ел сөзін ұстап, мүддесін көздеген билер мен старшындарда еді, Тәуекел баласы мұны о бастан білген еді. Білген соң жанашыр адамы ретінде хан ордасының сеніміне кірудің неше түрлі айласын қарастырды. Сол айланың бірі Әбілқайырға бір кездері ықыласы ауып, достық қарым-қатынасын үзбеген естек Алдарбайды ара ағайын етіп, башқұрттар мен қазақтардың арасындағы шиеленісті тоқтату үшін Ресейге, Петерборға, патшаға хат жолдап жүгіну мәселесін орданың құлағына салды. Көктемге салым хан ордасына осы арнайы келістің мән-жосығы, мінеки, осы болатын. Басқа емес, Тевкелевтің қасында Алдарбайдың болуын Әбілқайыр орда үшін болатын оңғарымды істің нышаны деп түсінген. Қарсаңдағы күні қонақтарды қарсы алу, күтім-бабын жасау жөнінде онымен ақылдасқан Бопай: «Ханием, ордаңызға ат ізін алғаш салғалы отырған Тәуекел мырза мен Алдарбайды алдынан шығып қарсы алуға кешелі-беріде ордаға жиылып жатқан рубасы үлкендерінің бірін емес, Нұралыны жібергеніңіз лайықты болар. Жас та болса бүгінде ел алдында жүрген ұлыңыздың бұл қадамын мәртебелі қонақтар өзіңіздің жеке құрметіңіз деп қабылдар еді», — деді сабырлы қалпынан айнымай. Бопайға «Жә, көрерміз» деп қысқа қайырса да, ол ойланып қалды. Онсыз да ұлын, орда сұлтаны Нұралыны әрдек-әрдекте келелі істерге араластыруға тартып жүрмін ғой, бәйбішенің ойы дұрыс, бұл жолы да бір жауапты сыннан өтсін, сонау теріскейден ат тұяғын тоздырып келе жатқан маңызды қонақтардың келіс-кетісін арнайылап қадағалайтын болсын деген шешімге келген еді…

Әке тапсырмасын мұқият тыңдап, мүлтіксіз орындаған Нұралы сұлтан қонақтарды қарсы алып, бар салтанатымен хан ордасына жеткізді.

Дағдылы амандық, есендік сұрасқан соң орданың нақ ортасындағы биік те еңселі ақшаңқан үйдің кең төрінен, Әбілқайырдың екі жағынан, оң мен солынан орын алып жайғасқан Тевкелев пен Алдарбайға Әжібай, Бөкенбай бастаған рубасылар, би, старшындар ілтипатын білдірісті.

— Қадамдарыңыз құтынан болсын, аса мәртебелі қонақтар!

— Ат-көлік аман, шаршамай, шалдықпай жетіпсіздер!..

— Бәрекелді!.. Хош-есендікте болыңыздар!

Бас шаңырақтағы қонақ күту салтанатында Бопайдың қимыл ишарасын қалт жібермейтін күтуші жас келіншектер осы бір аралықта бар мәзірімен бапталған қымыз құйылған сырлы зереңдерді бірінен соң бірін төрге қарай, айнала отырғандарға оздырып жатты…

Бұдан әрі ас дастарқаны жайылатын шаңырақта шай ішіліп, қонақтар шөлін басып, бірқыдыру жайласқан соң арнайы сыбаға — қысырдың семіз тайының былқылдатып пісірілген жас етін мүше-мүшесімен, қыс соғымының сарыала сүр қазысымен араластырып тартылған астау табақтар да тізіліп ортаға келді. Қонақтар мол да тәбетті дәмді ықыластана жеп, тіл үйірген жұғымды сусынға мелдеңдей қанған соң барып бүгінгі негізгі әңгіменің жөніне көшті. Сөзді Алдарбай бастады.

— Сұлтан кезіңізден қадір тұтып келе жатқан, өзіме айрықша жақын тартқан серігімдей болған ханекем, Әбекем, Құттымұхамбет мырзамен ордаңа арнайылап келісіміздің мәніс-мағынасы мынада еді…

Алдарбай маңдайын сәл жиырып, сөзіне тым-тырыс тынып құлақ салғандарды ой кіреукелей қалған қоңырқай жанарымен жанап өтті.

— Өзіңді мына ізгі жақсыларың хан көтеріп, ел басқаруды қолыңа бергелі қырық рулы халқың жайлаған жердің бүтіндігін сақтау жолында не қилы атыс-шабыстан мігірің болмады. Күш-қайрат, жігеріңді төрт құбылаңды түгендеуге сарп етіп келесің. Мұны бір кісідей түсінсем, мен-ақ түсінейін. Бұл арпалысты тоқтатар не дәрмен бар дегенді де менен артық білетінің де маған мәлім. Оралдың бір пұшпағын жайлаған іргеңдегі естек ағайындарың, мына біз тәрізді халқыңның мойныңа тәуелділік қамытын кигізгің келмейтін ермінезділігіңді ұнатамын, құрметтеймін, әрине! Бірақ сол қамытты кигізбеудің нендей амалы бар ендігі жерде? Мойынды имей, татулыққа, одақтастыққа шарттасып, келісімге келуден өзге шара жоқ па деп ойлаймын, Әбілқайыр?! Қалай ойлайсың?

— Ондай шартымызға Петербор көнбегенінен, Әлдеке, сіз хабардар емес пе едіңіз? — деп, Әбілқайыр ширыға бастаған жүзін Тевкелевке қарай бұрды. — Құттыкең мырзаға бұл жайт мәлім болар әйтсе де…

Айтылып жатқан әңгіменің әр сөзін ой сарабынан өткізіп отырған Тевкелев басын изегендей болды, бірақ ләм демеді.

— Орданың үстінен қарайтын басымдығын мойындап, қол астына кіргенде ғана одақтаса аламыз дегендей ыңғайын білгенбіз, әне бір жылы. Біз қолтығындағы торғауыт пен орыс-казактың жерімізді алуды мансұқтаған пәлен жылдан бергі соғыс әрекетіне тыйым салмай, жеріміз арқылы шығысқа қарай өтетін сауда-саттығы, тағы да басқасы бар, орыс патшалығымен қарым-қатынасты бейбіт жолмен реттей алмайтынымызды айтып, Петерборға соған мәмілесуді ұсынсақ, мұнымызды әскери одақтасуға шақыру дегенге сайыпты. Басқаша енді қалай одақтаса алмақпыз?..

Әбілқайырдың нықтап айтқан жауабын сөзін бөлмей тыңдаған Алдарбай одақтасуға қатысты өзінің басқаша ойын білдірді.

— Әбеке, хан ием! Бұдан мен де хабардармын, бұл Петр патшаның уағында болған әңгіме ғой, енді өзіңіз ойлағандай келісім туралы хатыңыз керек патшайым Анна Иоанновнаға. Бұл жолы бізбен, естектермен, ордаңыздың батысындағы елмен арадағы болып жатқан әрекеттерге орыс тарапынан тосқауыл қоюдың мәселесін ғана қозғайсыз. Бұл мәселенің дұрыс шешімі орыс-казактарының бізге жасап жатқан жымысқы әрекеттерін тоқтатар еді. Өйткені өздерінің естектерге көрсетіп жатқан қандықол қимылын сіздерге, Мұңалжар төңірегіндегі қазақтардың мойнына, аударып тастап отырғаны, сөйтіп, бауырлас елмен арамыз шиеленісіп бара жатқаны рас. Петербормен осындай келісім жасасуға арадағы сенімгер адам ретінде келіп отырған жайым бар…

Алдарбайдың адал сөйлеп отырғанына Әбілқайырдың күмәні болмады. Петербордың жоғары билігімен шарт жасасудың алғышарты ретінде өтініш жолдамын хатқа түсірудің артында нендей қитұрқылық тұрғанын кім біліпті дегендей дүдәмалы да жоқ емес еді.

Болып жатқан әңгімеге сырт көз болып тыңдап отырған Бопай дәл осы тұста Әбілқайырдың ой қамаған кейпінен «Тәуекел мырза бұған өзінің уәжін неге айтпай отыр?» деген сауалды аңғарды. «Иә, бәсе, неге үнсіз ол? Тұжырып бір-ақ айтпақ ниетте ме екен әлде? Одақтастық келісімін жасау үшін орданың патшайымға Алдарбайдың айтқанына саятын мағына, мазмұнда хат жазудың қандай жосығы бар дегенге билер мен рубасыларының айтар тиянағы қандай болар екен?..».

Бопай ханымның ойын ішкі түйсігімен оқып отырғандай, Бөкенбай етігінің қонышынан суырып алған қамшысын алдына тастай салды да, сөйлейтін ыңғай танытты.

— Манадан бері аз сөз айтылған жоқ, бәрінің түпкі саятыны Орданың Петербормен арадағы қарым-қатынасының бұдан былайғыда қалай болмағы ғой. Тәуекел баласы Құттымұхамбет мырзадай мәртебелі өкілдің бұл келісінің өзі осыны аңғартқандай екенін бажайлап отырмыз. Өзінің басты сөзін бұл кісі әлі айта жатар, менің ішкі ойым қайткен күнде де бір мәмілеге келуіміз қажет дегенді айтады. Ал іргеміздегі естек ағайынмен арамыздағы татулыққа сына түсіріп жүрген ежелгі дұшпанымыз орыс-казактарды тыюға келісіммен қол жеткізудің қажеттілігі болып тұрса, бұл арада кәні, қайсымыз қарсылық білдіргендейміз?!

Бөкенбайдың қысқа тұжырып айтқанын өзге рубасылар мен билер қолдағандай ыңғайда болды.

Тевкелев те сөзінің түйінін ғана айтты.

— Петерборға қазір маңыздысы, аса мәртебелі хан, Сіздің өз қолыңызбен жазылып мөріңіз қойылатын өзара келісім жөніндегі хатыңыз. Екі тілде жасалады. Сіздің жазылатын хатыңыздың мәтінін орыс тіліне сол қалпында дипломатиялық миссияда аудармашылық қызмет атқарып жүрген нәсілі түрік, бізбен бірге келген мынау Мұстафа аударады. Шағатайша да, түрікше де әрі арапша да өте сауатты жігіт. Бір сөзін жібермей, үтір, нүктесіне дейін түгел түгендеп, аударып ұсынады. Бұдан кейін ұлы мәртебелі патшайымның қарап бекітуіне белгілі бір мерзім керек. Одан арғы рәсімінің жөн-жобасын сіз болып, біз болып атқара жатармыз…

Түн жарымы ауғанша созылған маңызды мәслихаттасудың тиянағы болған хат мәтіні ертеңіне Әбілқайыр ханның ауызша айтып отыруымен мынадай мазмұнда жазылды. Хатты мұқияттап, мәнерлеп, жалғыз парақ қытай қағазына шағатайша сауатты Қойбағар Көбекұлы түсірді.

«Ұлы да жоғары мархабатты, дәулет мүддесін бәрінен де жоғары қоюшы, иелігіндегі жерінің алабына билік етуші, мәртебесі ұлық, ақ дидарлы патшайымға пенделік ниетімізді білдіреміз. Қол астыңыздағы дәулетіңіз күннен-күнге, айдан-айға, жылдан-жылға саламатта болып, ырысы молыға бергей.

Сіздің ұлық мәртебеңізге өтінішіміз мынадай. Ұлық мәртебеңіздегі Сізге бағынышты Орал естектеріңізбен біздің арамызда өзара достыққа келісім болмай келеді.

Ендігі жерде елімізді қорғап және тыныштығымызды сақтау үшін Өзіңіздің императорлық ұлы мәртебеңіздің қолдауын алуға деген ниетпен, Сіздің боданыңыздағы ақжолтайлы Орал естегі Алдарбайға мен өз елшімді қосып жіберіп отырмын. Мұның себебі, мынау Алдарбай Сіздің императорлық мәртебеңізге орай бізден өзіңізге елші жіберуді өтінді, сол себепті біз, Әбілқайыр хан, Орта және Кіші жүздің қырық рулы қазағы, маған бағынышты барлық қараша жұрт басымызды иіп, мархабат етеміз.

Мынадай жарлықпен түйіндеймін хатымызды: Сіздердің дүр құлдарыңыз оралдық естектерімен ынтымақты келісімге келуге тілек етеміз. Сіздің жарлығыңызбен олармен дәйімде келісімде болайық».

«Хатты тапсыруға елшілерімді, Құттымбетті басшы етіп, Сейітқұл екеуін қабылдауыңызға жіберіп отырмын».

Орынборға келісімен Мұстафаның аудармасындағы хат мазмұнымен танысқан Тевкелев Хан ордасы тарапынан боданға алу туралы өтініш білдіретін ыңғайындағы бірауыз да сөз жазылмағанын көріп, көңілі заматта құлазып қалды. Айлакер хан Әбілқайыр мұқияттап қолын қойып, әдемілеп мөрін басқан қағазда өздерінің башқұрттармен келісімде болуына орыс билігінің қолдау білдіруі мағынасында ғана жазыпты. Мұндай мазмұндағы хат патшайымның мақұлдауына ие болмасы анық еді. Ол дереу қалам алып орысша мәтінінде хаттың соңғы түйінді сөйлемін былайша өзгертті: «сол себепті біз, Әбілқайыр хан, Орта және Кіші жүздің қазағы,басымызды иіп мархабат ете отырып, Сіздің қызметшіңіз болып табыламыз және барша қараша халықпен бірге Өзіңіздің қорғаншылығыңызды тілеп, Сіздің бодандығыңыздағы Оралдың арғы бетінде тұратын башқұрт халқымен ынтымақты өмір сүруге тигізер көмегіңізді күтеміз.

Сізге барлық игілікті тілейміз және Сіздің боданыңызда боламыз».

Патша сарайында жүріп елшілік саясаттың нешеме қитұрқысын мейлінше меңгеріп, ысылған әккі шенеунік, полковник Тевкелев Әбілқайыр ордасымен жүргізген жұмысының оң нәтижесін айқындап көрсету әрі өз ұпайын түгендеу мақсатындағы әрекетін осылайша «сәтті» жүзеге асырып тынды. Оны енді Санкт-Петербургте генерал шені күтіп тұрған еді.

1731 жылдың 19 ақпанында Әбілқайыр ханның ордасын өз империясының құрамына қабылдау туралы патшайым Ан­на Иоан­новна грамотаға қол қойды. Қазақтарды осы грамотамен таныстырып, қол қойдырып алу рәсімі генерал Алексей Иванович Тевкелевке тапсырылды.

…Сол жылғы қазанның бастапқы күндерінде Әбілқайырдың Ырғыздағы, Мәнтөбенің іргесіндегі ордасына жиылып жатқан жұрт қарасы әжептәуір еді. Кіші жүз, Орта жүзі бар арғы-бергі тұстан ат сабылдырып жеткен ру басы мен билердің әрқайсысы атшабары, қосшысымен орда маңын екі-үш күннің арасында қарақұрым нөпірмен жайлап алды. Әр-әр жерде гу-гулескен әркімнің аузындағы сөз әртүрлі.

—Рас болса, мұқым жұрттың алдында хан орысқа ант береді екен!

—Ант бергені несі, бағынып, бас ию үшін бе?..

— Хан бағынса, жерімізді соларға басыбайлы беретін боламыз ба?

— Бағынса, өзі бағынсын, аманаттап ұлдарын беріп! Біздің онда шаруамыз қанша!? Орысқа беретін аманатымыз да, артық-ауыс жатқан жеріміз де жоқ біздің!

— Е, солай-ау, расында, ордасымен көшіп барсын солардың қол астына!

— Жоңғарға алдырмаған жерімізді енді ант қабылдап, орысқа бере салатын біз кімбіз сондай-ақ!

Ауқаттысы бар, қарашасы бар, орда маңында жиылған көп тобыр жұрттың арасында айтылып өрбіген әрқилы сөз Әбілқайырдың да, Бопайдың да құлағына жетіп жатты.

— Ханием, мыналардың алып-қашты дабырынан өрт шығып кетіп жүрмегей! Мәнтөбенің баурайында қаптаған мына жұрт өре түрегелгендей болса…

Бопайдың ескертуіне Әбілқайыр оншалықты мән бергісі келмеді.

— Жә, әркімнің желбуаз сөзіне бола қобалжитындай ештеме жоқ. Ордаға қарайтын көп рулы елдің биі мен басшысы орыс билігіне бодан болудың емес, батыс беттен орыстың зорлық айтағымен мазаны алып тұрған естектермен орыс билігінің бәтуасы арқылы ынтымақтастыққа келудің антын қабылдауға бас қосып отыр емес пе!? Еділдің қалмағы мен Жайықтың орыс-казактарымен үсті-үстіне шайқасып жатқан қазіргі жағдайымызда тым болмаса терістік жағымызды орыстан қауіпсіз ұстауды қолдайтын шығар бұл жұртың…

«Бұл жұртың» деген сөзімен хан орыс патшалығына бұлайша ант беруге көңілі жатпайтын Кіші жүздің түстіктегі қарақалпақтармен шектес рулары мен Орта жүз арғындарының бірқатар билер тобын меңзегенін Бопайдың іші сезді.

Әйтсе де сақтықта қорлық жоқ деген ұйғарыммен Әбілқайыр Нұралыны шақырып алып, орда маңын сенімді жасақ күзетімен сақтық шараларын жасауды тапсырып қойды.

Сүмбіле түстік шығыстан түн ортасында туатын қазанның бесінші жұлдызында Мәнтөбенің таңы манаурап атты. Таңмен таласа хан ордасының тіршілігі де қызу басталып кетті. Орданың Бас шаңырағынан Әбілқайырға ере шыққан, араларында орыс елшісі Тевкелев бар би, старшындардың шағын тобы әрірекке таман жусанды тегістікке жиналып, жартылай шеңберлене алқа-қотан тұра-тұра қалысқан, ұзын қарасы бір шамадай қауымның алдына келді.

— Халайық!..

Құндыз жағалы қалыңшалау сәнді қызыл-қоңыр мауыты шекпенін желбегей жамылған Әбілқайыр оң қолын сәл жоғары көтеріп, өзара абыр-дабыр етіскен жұрттың назарын бірден өзіне аударды.

— Петербордан арнайы келген аса құрметті Құттымұхамбет мырза мәртебесі аса биік орыс патшайымының мөрі басылып хатталған Грамот-жолдауын біздің ордамызға жеткізіп отыр, мінеки!.. Сәл сабырлық жасап, тынышталың, кәні… Бұл — біздің батыс беткейімізде орыс боданы болып отырған естектермен соңғы мезгілдері шиеленісіп кеткен арақатынасымызды түзеуге кепілдік беретін маңызды құжат! Құжат мәтінін орда хатшысы Қойбағар Көбекбаласы оқып береді. Осы құжатқа баршамыз мақұлдауымызды білдіруіміз қажет. Мақұлдасаңдар, теріскей жағымызды бекемдейміз, ел бүтіндігін сақтаудың бір жаңа қадамын жасаймыз!

— Оқысын! Тыңдаймыз!..

Мәнтөбеге Орта жүздің: арғын, қоңырат, найманның беткеұстар жақсыларын, Қанжығалы Бөгенбай бастаған бірқатар батыр, билерін бастап кеше кештетіп суыт төтеннен жеткен Барақ сұлтан тотығыңқы сұрғылтым кесек жүзін суытып, даусын саңқ еткізді.

О жағынан бір, бұ жағынан бір шығып, лыпып жүрген Тевкелевтің ләппай көмекшісі әрі адъютанты татар малай жігіті қол сандықшасынан грамотаға қоса тіркеліп, мұқиятталып хатталған парақты алып оның қолына ұстата қойды.

Қойбағар әлгі парақты генералдың қолынан алып, дауысын барынша қоңырлата көтеріп оқып шықты.

— Бұл сөздерді Әбілқайыр Кіші жүзден басқа, арғын, керейдің қай биімен ақыл-кеңес құрып жазыпты, соны айтсын!..

— Петербордағы патшайымсыз-ақ естектерді жөнге салуға болар еді ғой, Әбілқайыр ханның бұл қай сасқаны!?

— Мұндай келісімді жаздыртып отырған мынау сар жағалы шоқынды елші ме?!

— Өзі тіпті анау-мынау емес, жандарал екен!..

— Жандарал болса, өзі шоқынған орысына жандарал, келген ізінен адаспай тұрғанда көзін жоғалтсын! Әйтпесе…

Өзінің атына айтылып жатқан жағымсыз, ызалы сөздерден және әр тұстан адың-күдің айқай мен наразылық үні ұлғайып бара жатқанынан секем ала бастаған Тевкелев қанын ішіне тартып, сұп-сұр болып кетті. Атой салып, өзіне тап беруден тайынбайтын, ашына, ашу шақыра айқайға баса сөйлегендерден ол кәдімгідей сескене бастады. Иықтасып дәл қасында тұрған Әбілқайырға қарап еді, ол айтылып жатқан наразылықтың ешбіреуіне де селт етпеген сыңайда екен. Отша жанған өткір көз жанарын әлгілерге тік қадап, жақ еттері ауық-ауық бұлт-бұлт ойнап, іштен тынып тұрғаны байқалады. Осы мезетте Есеттің өктем даусы шықты.

— Ау, ағайын! Көп арасынан қатынша күңкілдемей, жүздеріңді жасырып шуламаңдар, түге!.. — Есет батыр өр кеудесімен алға ұмсына, ұмтыла түсіп, шалт қимылмен екі-үш қадам ілгері алшаңдай барып қалт тұра қалды.

— Ей, Барақ, ақылың мен айбатың бар екенін білеміз! Елдің амандығы мен бүтіндігін ойлап келсең, шулатпа мыналарыңды құрдан-құр! Орданың бас ханы Әбілқайырдың бұл қадамға баруының байыбына бар! Бір жоңғар емес, ана қиырдан, шығыстан бері өріп, жеріңді алуға анталап отырған! Кешегі күні оның да екпінін тежеуге баршаңды соңынан ертіп, кеудесін тосқан осы Әбілқайыр емес пе еді! Енді, міне, айласын асырып, күш көрсетуден тайсалмайтын батыс пен теріскейдегі көршің тағы шықты! Соғысар болсаң, сал күшіңді соған, қыр да, жой! Соғысудан қажыған еліңді қан жылатып, аздыр да, тоздыр!..

Ашына, бар даусымен адуындай сөйлеген Есетке жиылған би, старшындардың ешбіреуі қарсы сөз айта алмай, үнсіз тынып қалды.

— Ә, үндемейсіңдер ме?! Орысқа аманатын берсе, хан өзінің жеке басын сақтап қалуды емес, ымыра, бәтуаға сендіріп, ен жатқан қалың елінің амандығын, жерінің жат қолға жұтылып кетпеуін ойлағаны болар. Соны қаперге алатын жұртың мынау ма, жеке басының ғана мүддесін мансұқтап, сиырдың бүйрегіндей бөлшек-бөлшек болып кеткен! Ешкімге зорлық, күштеу жасалмайды. Келісімдерің болмаса, келген іздерің әне жатыр! Өз басым хан шешімін мақұлдаған Петербор құжатын қолдап, орыспен ынтымақтастық жолында ымыраласып, анттасудан тайынбаймын! Сөзім — сөз, уәдем — уәде!..

Есет батырдың бір-ақ кесіп айтқан сөзінен соң жиын тобырының көпшілігі ойланып қалғандай рай танытқандай болды. Хан ұлдарын аманатқа берудің ақиқаты турасында ана ретінде көкейінде егіле сайрап тұрған, орайы келсе көпшілікке айтармын деген сөзін бүгін Есеттің аузынан естігеніне Бопай ерекше әсерленіп тұрды. Мұны Әбілқайыр айтса, қалай боларын кім біледі, мыналар ақталып тұр дер ме еді, қайтер еді?! Халықтың бетке шығар әлеуметінің, би мен старшындарының бүгінгі үлкен жиынында хан ордасы саясатының ақиқат сөзін Әбілқайыр да, Есет те жеріне жеткізе айтты. Бопай осыған іштей тәубе деді.

Мәнтөбедегі қазан айының жиыны Кіші жүздің Бөкенбай, Есет, Құдайменді бас болған жиырма алты старшынының патшайым грамотасын мақұлдауымен тиянақталды. Ал өзінің арам да сұм пиғылын ішіне бүккен шоқынды генерал Тевкелев басының аман-сауында Орынборға тезірек аттанып кетуге асықты…

«Ел суреттерін қаламына қазық, қиялына азық еткен қаламгер»

Зейнолла ҚАБДОЛОВ, академик,

Қазақстанның халық жазушысы:

«Кешегі өзімнен дәріс алған үркердей бір шоғыр шәкірттерімнің қазақ әдебиетінің қасиетті қара табалдырығынан аттап, өркен жайғанына марқаямын да мақтан етемін. Сол шоғырдың легінде  мына Мәдидің тұлғаланып қалғанына да мерейім өсіп тұр. Ол жазушылық өнеріне жан-тәнімен беріліп, талай қызықты тақырыптарға қалам тартты. Жас қаламгер алғашқы қадамынан өз замандастарының жан дүниесіне үңіліп, ұмытылмас образдар жасады. Әсіресе, оның ел суреттерін қаламына қазық, қиялына азық етуі кім-кімді де тәнті етеді…».

1996 жылғы қараша айы,

Алматы.

ххх

Зейнолла СЕРІКҚАЛИЕВ, сыншы

 

«… Өткен мыңжылдықтың алпысыншы жылдарының соңын ала, жетпісінші жылдардың бас кезінде прозаның ең қысқа да нұсқа түрі әңгіме жанрында ілкім қадамын жасаған қаламгер алғашқы туындыларында кейіпкер жан-дүниесінің ішкі нәзік иірімін шымыр-шымыр қайнаған психологизммен астастырып, адами әлемінің нешеалуан өміршең құбылыстарын бейнелеуге сәтті де  талантты ұмтылыс жасады да, шығармашылық жолының бұдан былайғы кезеңдерінде қаламынан туған әңгіме-повестерінде осы ұстанымынан  айнымай, бір шығармасынан бір шығармасына, бір кітабынан бір кітабына  қарай шеберлігі кемелдене түсті. Қаламгердің прозалық туындыларындағы көркем бейнеге айналған кәдуілгі адамның кәдуілгі тіршілігінің түйінді ойын жер үстіндегі барша жан баласының  ғаламдық ой-пайымымен, эстетикалық танымымен үндестіре, үйлестіре білуді өнердегі, соның ішінде сөз өнеріндегі идеяның көркемдік мұраты десек, жазушы М.Айымбетов шығармалары сол үдеден шыға білгендігін толық сеніммен айта аламыз.

Жазушы кейіпкерлерінің оқырманымен жүздесуіне сәттілік тілейік!»

 

(Жазушы М.Айымбетовтің «Раритет» баспасынан жарық көрген  «Құмөзек хикаялары» кітабына жазылған  алғысөзден)

Ххх

Есенбай ДҮЙСЕНБАЕВ, ақын:

«… Көрнекті жазушы Мәди Айымбетовтің биік парасатты, жоғары мәдениетті шығармалары көркемдік қуаты жағынан бір қазақ әдебиетінің ғана емес, жаҺандық прозаның да жауһары екендігін көңілі жүйрік оқырман көпшілік те, әділетті қаламгер қауым да іштей түйсінетініне түк күмәнім жоқ. Адами болмыстың  ақжарқын дастанындай осынау кітаптағы Қалжігіт, Сәдірхан, Исалы, Оспанқұл, Нұрберді, Бейсен, Тоқсұлу секілді Нұр Иманнан, Жақсылықтан жаралған ғажайып жандар мен кішкентай, момын ауылдың тағдыр-тіршілігімен тыныстау үшінмына қиямет-қайымы мол қиянатшыл пәни-жалғанда ғұмыр сүруге тұрады екен!

О, қасиетіңнен айналайын, Мәдидің аяулы Құмөзегі, сенің ата-бабалар жатқан киелі зираттарыңды да, «өз тіршілігінің жалғасы – қаншық қасқырдың құрсағында кеткен ұрпағының аман-есендігі үшін мерт болған» арланыңды да, «табиғат мәйегінің аядай ғана пұшпағындағы тіршілік үйлесіміне қиянаты тиген сол бір апатта аман қалып, Сәдірхан үйінің табалдырығының қыр көзіне соңғы рет созылып сылқ түскен» кәрі жыланыңды да, «жансыз сұлап жатқан иесін тұмсығымен түртіп иіскелеп тұрып, көздерінен бұршақ-бұршақ жас төгілген» сетік атаныңды да, жаманшылықты аластайтын қасиетті адыраспаныңды да… барша адамзатпен бауырластырған талантты перзентіңе мың да бір тағзым!»

(«Құмөзек хикаялары» кітабына жазылған редакторлық пікірсөзден)

ххх

Ардақ ЕЖЕНОВА, ақын,

жазушы шығармаларының аудармашысы:

«Великой любовью освещены рассказы и повес­ти писателяМадиАйымбетова. Когда замысел формируется мыслью, а не чувством, восхищаешься филигранностью формы, глубиной содержания произведения, но когда источником творчества является любовь, тогда такое произведение согревает душу, от него исходит сияние доброты, и читатель забывает о своей потерянности и одиночестве в этом жесто­ком мире».

ххх

Берік ЖЫЛҚЫБАЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

 «… Вчитываясь в прозу МадиАйымбетова, незаметно по­коряешься элегическому настроению автора, невольно становишься сопереживателем его наблюдений, участву­ешь в поиске извечных вопросов: Как быть? Кого или что ждать? На что надеяться? Персонажи его повестей и рассказов — будь то люди, животные, цветы, камни — на­делены значимостью предельной родственности к земному существованию. Однозначны для всех описанных автором фигур и жизнь и смерть, и добро, благо и зло. Страдает животное — страдает человек, увядает куст сирени — ухо­дит из жизни драгоценная аура.

Айымбетов довел до филигранной тонкости свой дар эле­гического повествования, завораживающего читателя ис­кренностью, глубиной чувства, мысли, призывом к человечно­сти, отзывчивости, слиянности с окружающим миром…».

 («Элегия бытия» кітабына жазылған алғысөзден)

ххх

Серік Негимов,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының докторы,профессор:

«Жазушы — өз заманының рухани төлқұжаты, куәгері әрі түзу де әділ таразысы десек, прозашы Мәди Айымбетов тоқырау жылдарындағы, қоғам өміріндегі, шіркін-ай, асылдардың қор болып, сұмдық-ай, арсыздардың, масылдардың зор болып, әділетсіздік пен дүниеқоңыздық өршіп, тағдыр талқысына, тіршілік-тұрмыс қыспағына, тырнақтылардың мазағы мен тәлкегіне, тозақтың отына жазықсыз қақталған еңбегі еш қарапайым кіршіксіз жандардың аянышты жағдайы, сонымен қатар адам өмірі мен болмыстың ара-қатынасы, халықтық жаны, рухы, таным-түсінігі, көзқарасы, дауысы, ізгілік қағидаттары, шынайы мөлдірлікпен сипатталған. Оның повестері мен әңгімелерінде сомдалған бітім-болмысы ірі, кесек тұтастай бір кейіпкер галереясына терең үңілсек, тарихи дәуірдің бір сырын, шындығын шертетін табиғилығымен, шындығымен, рухани кемелдігімен, ішкі жан дүниесінің тазалығымен, қара жердің киелі қасиеттерін, ата-баба өсиеттерін мейлінше ұғынықты түсіндіргенімен, сүйсіндіріп қызықтырады».

ххх

 Сейфолла ОСПАНОВ, ақын:

 « … жазушының қай шығармасын алсақ та табиғи құбылыстың таза үніндей мөлдірліктің астарындағы өмір тұнбасына тәнті боламыз. Әрі әрбір шығармасының айтар ойында шынайы суреткерліктің шыңдалған, ширалған көріністерін көбелі ойлармен көмкерген күрделілікті көреміз… Мұнда данышпандық танытатын жасанды кейіпкер де жоқ, сумаңдаған сұмпайы бейнелер де жоқ, бірақ адам жаратылысындағы әрқилы мінездер бірде бір-біріне кері әсер етсе, енді бірде бір-бірін толықтырып, олар өмір сүрген ортаның көркін кереметтей береді…»

 Қазақ радиосы,

1996 жыл.

ххх

Жанболат АУПБАЕВ, жазушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

«Автор кітабы тек пікір айту үшін жазылмайды. Талқылау үшін ғана жарыққа шықпайды. Ол өзіңе рухани ләззат алуға керек. Оған дүниетанымыңды кеңейту, өмір деген күрделі әлемнің жаратылысын ұғыну үшін үңіліп, ден қоясың. Сосын кітап – мәдениет. Оны өмірге әкелетін адам – биік интеллект, ірі эрудит. Бұл классикалық канонға адал болу деген сөз. Осыдан келіп әдеби заңдылықтарды сақтайтын ұғым мен талап туады.  Қаламгер Мәди Айымбетовтің  романы мен повестері және әңгімелерін мен жоғарыдағы айтқан­дарымның тұрғысынан оқимын. Бағалаймын. Жақсы көремін. Құрметтеймін. Әдеби нормаларға адалдық және оны терең білу арқылы жазушы қазақ өміріндегі толғауы тоқсан тіршілікті шынайы өрнектеп келеді. Осы қасиеттер арқылы кейіпкерлерінің жан дүниесін, психологиясын терең де нәзік иірімдермен бейнелеп, адамның жұмбақ әлемінің сантүрлі сипатын алға тартады. Ал бұл үлкен нәрсе. Қаламгер қолтаңбасы деген осы».

ххх

Құдайберген ТҰРСЫН,

Сүлейман Демирель университетінің  профессоры,

филология ғылымдарының докторы:

 «…Табиғатынан талантты, бір көрген жанға томаға-тұйық, әйтсе де қаламының қарымымен талайларды тамсандырған, өскен жерге, туған өлкеге деген кіршіксіз балалық махаббатын жылдар сілемінде көзінің қарашығындай сақтап келген, мейірім шуағы мол, сыны мен сымбаты, іші мен тысы тұтастыққа айналған, текті тұлға Мәди Айымбетов — осылайша табиғат пен тіршіліктің үйлесімін үндестірген, дүниелік құбылыстарды  бөліп-жармай тұтас қарастыратын,  жерді, елді сүюге үндейтін, өрнекті тілі еріксіз баурап отыратын,  тазалық пен мөлдірлікті, ізгілікті үзбей қара сөзбен жырлап келе жатқан қазақ прозасының көрнекті өкілі,  рух әлемінің ақтаңгері, қабырғалы қаламгер».

 ххх

 Аманқос МЕКТЕПТЕГІ,

филология ғылымдарының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті:

«Жазушы Мәди Айымбетов кітабының кез келген бетін парақтаған сайын ойып алғандай мынау пәни өмірдің бір мезетіне қалай еніп кеткеніңді өзіңде сезбей қаласың. Автор уақыттың әлеміне  оп-оңай сүңгітіп, құйып қойғандай оқиға-болмысты қаз-қалпында тіл құдіретімен мөлдіретіп, тірі суретке айналдырып жібергені сондай, бір толқып, бір басылғандай алуан түрлі психологиялық күй кешесің. Қаныңда бұрыннан бар таныс стихиялық көріністермен тыныстап, рахат сезім құшағына бөленесің…».

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button