Басты жаңалықтар

Көпбалалы кәсіпкерлер

«Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында  3,5  мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66  мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты.   Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді».

 Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ 

халыққа арнаған Жолдауынан.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында жеке бизнесін ашқандар көбейіп келеді.

Қазіргідей нарық заманында ешкімге бағынышты болмай ақша табу көп адамның арманы. Оған апаратын бірден-бір жол — кәсіпкер болу. Ал жиған-тергенің оған жетпесе, қайтпек керек? Мұндайда дайындаған бизнес-жобаң басқалардан озық шығып, идеяң ерекше болса мемлекеттік қолдауға иек арта аласың. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз — сондай игілікке қол жеткізгендер.

«Еңбек еткеннің еңсесі биік болады»

Ақтөбелік Динара Сарманованың мамандығы — бухгалтер. Бірақ ұзақ жылдар бойы қызмет көрсету саласында, атап айтсақ, киімдерді химиялық тазалау орталығында жұмыс істеген ол ойлана келе жеке ісін бастауға бекінген.

— Он жылға жуық қаладағы киімдерді химиялық тазалау орталығының бірінде жалдамалы жұмысшы ретінде еңбек еттім. Яғни ай сайын жалақы алып, өзге біреудің бизнесінің даму жолында тер төктім. Уақыт өте келе, «Неліктен өз кәсібімді ашпасқа?» деген ой туды. Өйткені барлығы қолымнан келеді, жұмыс та өзіме ұнайды. Тек қаражат жағы қолбайлау демесеңіз, анау айтқандай қиындық жоқ. Осы аралықта түрлі курстарға барып, кәсіпкерлік саласындағы сауатымды аша түскенмін. Әрі «Бастау-Бизнес» жобасының биылғы түлегімін. Сөйтіп, биыл мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасына қатысып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грантқа ие болдым, — деген Динара аталған қаражатқа жаңа қондырғылар сатып алғанын қосты.

Отбасы мен кәсіпкерлікті қатар алып жүрген іскер әйел бүгінгі таңда 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта қарамағындағы қызметкерлер санын көбейтужоспар да бар. Сол арқылы кәсібін де кеңейткісі келеді.

Төсек жабдықтары, киім-кешек, басқа да тұрмыстық заттарды химиялық  тазалаудан өткізетін орталықта бояу қызметі де бар. Яғни кез келген нәрсені өзіңіз қалаған түске бояп та береді. Сондай-ақ бұл жерде қалыңдық көйлектері жалға беріледі.

— Біздегі техникалар Италия мемлекетінен әкелінген. Заманауи. Мысалы, киімдерді құрғақ күйінде қалай салсақ, аппараттан солай шығады. Өңі өзгеріп кетпейді, басқа да қолайсыз жағдайлар болмайды. Оған жүз пайыз кепілдік береміз.

Әзірге орталық орналасқан аумақты жалға алып отырмын. Алдағы уақытта сатып алсам деймін. Ол үшін, әрине, тынбай көп жұмыс істеу керек, — деп сыр ақтарды Динара.

Шаһардың екі жерінде осындай орталығы бар кейіпкеріміз өзі сынды кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың көрсетіліп жатқанына дән риза. Оның ойынша, соның арқасында бірнеше отбасыға әлеуметтік жағынан демеу жасалып отыр. «Жұмысы бар адамның еңсесі тік жүреді, көңілі де көтеріңкі болады. Өйткені қанша болса да ақшасы бар. Сондықтан елімізде осындай жобаның барына шүкір», — дейді сөз арасында ол.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жыл басталғалы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша облыстың 1381 тұрғыны онлайн режимде оқытылған. Соның 128-і жеңілдетілген несие, ал 807-і 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз грант алған.

Жалпы, 2017-2021 жылдар аралығында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бизнес негіздеріне 10726ақтөбелікті оқытыпты. Соның ішінде 2359 түлек 200 айлық есептік көрсеткішке дейін өтеусіз грант алды, ал 969 қатысушы жеңілдетілген несиелерге қол жеткізді.

«Dara»-ның үлгісі

Эльмира Ахаева да үй мен түздің шаруасын қатар дөңгелентіп отырғандардың бірі. Қаршадайынан іс тігуге жақын болған 5 баланың анасы орта жастан асқанда барып арманын ақиқатқа айналдырған. Ол кішкентайынан жеке ательесін ашуды көксейтін.

— Ісмерлікпен айналысып жүргеніме 15 жылдан асты. Ал осы іске ден қойып, жеке ательемді ашқаныма 3 ай болды. Шүкір, кәсібім біртіндеп дамып келе жатыр.

Бұрыннан қалыптасқан «клиенттерім» бар. Негізінен, олар — орта жастағы қыз-келіншектер. Жалпы алғанда, нәрестелерге арналған киімнен бастап барлығын тігемін. Төсек жабдықтарын, қыз жасауын да дайындаймын. Бұл жағынан тәжірибем зор, — деген Эльмира әзірге бір бөлмені жалға алып отыр.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған кез келген шарадан тыс қалмай, барлығына қатысатын он саусағынан өнер тамған шебер соның арқасында кәсіпкерлік негіздерін үйренгенін атап өтті.

— Сырттай қарағанда, ақшаң болса кәсіпкерлікпен айналысу қиын еместей көрінеді. Шын мәнінде, олай емес. Жеке капиталымен құрдымға кеткендердің талайын көргенбіз. Өйткені көпшілігінің қаржылық сауаты кемшін. Міне, бизнесті дұрыс жүргізу, жұмысшыларды қалай қабылдау керек, бәрін алдын ала жоспарлау, бұның барлығын «Бастау-Бизнес» курсында үйрендім. «Еңбек» бағдарламасы туралы осында естідім, —дейді «Dara» ательесінің иесі.

Үкіметтен 583 400 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты иемденген Эльмира бұған 2 тігін машинасы мен үтік сатып алған. Екі адамды қасына жұмысшы ретінде қабылдаған.

Әлеуметтік желілердегі парақшаны жүргізудің қыр-сырын меңгерген Эльмира бұрынғыдай арнайы жарнама берудің қажеті жоқтығын, тек интернет игіліктерін пайдалана білу керектігін тілге тиек етті. Өзінің кәсібі туралы мәліметті, жаңа тапсырыс берушілерді, тіпті жұмысына қажетті жаңашылдықтарды да сол жерден алады екен.

БІР ДЕРЕК

Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында 330 ақтөбелік азамат 200 АЕК (583 400 теңге) көлемінде қайтарымсыз грант алған.

Қарғаш тіккен көрпелер

Соңғы жылдары этностильге қызығушылық білдіріп, оны бизнестің қай түрінде де өзінің басты ерекшелігі етіп алатындар артып келе жатыр. Себебі бұған сұраныс зор. Ұлттық ою-өрнектермен бедерленген, қазақи нақыштағы көрпе-төсектер де осы қатарда. Бұл пікірді келесі кейіпкеріміз Қарғаш Қойшыбаева да қуаттайды.

— 4 жылдан бері қыз жасауын дайындаумен айналысамын. Әу баста бұны сүйікті ісім, қосымша табыс ретінде қарастырғанмын. Кейін бұның жақсы пайда әкелетініне, өзіме де қолайлы екеніне көз жеткізгенде, осыған ден қойдым.

Қазіргі таңда өзгелерді тігіншілікке баулуға көштім. Шеберлік сабақтарын өткіземін. Менен білмегенін сұрайтындар көп, — дейді Қарғаш.

Көпбалалы ана қаладағы сауда үйлерінің бірінің бутигін жалға алып отыр. Ательеде 5 адам жұмыс істейді. Тапсырыстар туралы сұрағанымызда, ісмер жыл соңына дейін бос орынның жоқтығын, тек алдағы жылда ғана қолы бір-ақ босайтынын жеткізді.

— Мендегі жұмыс істейтін 5 адамның 2-еуі — өзімнің қыздарым. Сосын естіп-сөйлей алмайтын жас ана, көпбалалы замандастарым бар. Барлығымыз тату-тәтті, жұмыла тапсырыстарды орындаймыз. Мақтанғаным емес, тапсырыс баршылық. Әсіресе, құрақ  көрпелерге сұраныс көп. «Ұлттық нақышта болса…», «мынадай өрнектер салынса екен» дейтіндердің талап-тілегіне қарап жұмыс істейміз. Бағасына келсек, материалына, жасалу уақытына байланысты. Орташа есеппен алғанда, бір көрпе 9 мың теңгеден басталады. Бірақ келушілердің қалтасына қарай бәрін өзгертуге болады. Қандай жағдайда да сапасына қатты мән береміз. Өйткені ұнамай қалса, теріс пікірлердің міндетті түрде болатыны белгілі, — дейді ол.

Әңгіме арасында енді ұлттық нақыштағы көйлектерді тігуді қолға алатынын айтқан Қарғаш биыл мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы арқылы 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грантты иеленген. Аталған қаражатқа ол қажетті техникаларды сатып алыпты.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button