Жаңалықтар

Түлектер тартуы

Түлектердің ұшқан ұяға сағынышпен оралып, өздеріне білім берген, тәрбие жолын ұсынған ұстаздарына тағзым етуі қандай жақсы.

Биыл Қопа орта мектебін 1983 жылы бітірген, елудің бел ортасына келген азаматтар осындай игілікті дәстүрді тағы да жаңғыртты.

Бұл білім ордасының өзіндік тарихы бар. Бұрынғы «Қызыл жұлдыз» ұжымшарының ізінде 1936 жылы әуелі бастауыш болып ашылып, кейін жетіжылдыққа айналған мектепті әр жылдарда Түгелбай Қомпаев, Марат Жамантаев, Таубай Әлібеков, Оңдаш Ермекбаев, Керей Тоқтаров директорлық қызмет тізгінін ұстаған. Бұл мектептен Қазақстан Республикасы еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері Қошқарбай Жартыбаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марқабай Жартыбаев, профессор Қуандық Дүйсенов, Қазақ қыздар педагогикалық институтының доценті Күләш Назарғалиева, педагогика ғылымдарының кандидаты Тәңірберген Оспанов, тағы басқа талай танымал тұлғалар білім алып шыққан.

Қопа орта мектебінен 1975-2021 жылдар аралығында 1118 түлек кәмелеттік аттестат алып шықты. Солардың қатарында 1983 жылғы түлектер мектепке «Ұстаздарды ұлықтайық!» атты кітаптарын тарту етіп алып келді.

Бұл жинақта Қопа бастауыш мектебінің мұғалімі, зейнеткер Сәбила Қали, ардагер ұстаздар Аманғали Жалдыбекұлы, Ақтілек Жылқыбаева, Бейбіт Жұмабаев шәкірттерге жылы лебіздерін, ақ тілектерін білдірген. Байғанин ауданының құрметті азаматы, ауданды 1999-2012 жылдары басқарған Бердіхан Кемешовтің «Өмірлері өнеге» атты мақаласында ұстаз ұлағаты, мектеп тарихы, ұрпақтар сабақтастығы туралы сөз қозғалады.

Мектепті жиырма жеті жыл басқарған Сайлаубай Жұмабаевтың өнегелі өмірбаяны шәкірттерінің жадында. Халық ағарту ісінің озық қызметкері болған оның есімі «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясына енген.

Ұлағатты ұстаздар Нұрбаулы Есқазиев, Рзабек Еламанов, Итібай Қилыбаев, Қанбай Жапаров, Кітабай Мұхтасаров, тағы да басқа ондаған тағылым иелерінің еңбек жолдары осы кітапта көрсетілген.

Қазіргі уақытта мектеп ұжымына Аралбек Есболаев басшылық етеді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогика институтын бітірген ол еңбек жолын осында мұғалімдіктен бастап, мектеп директорының орынбасары сатыларынан өтті. Жоғары санатты мұғалім, аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды.

1983 жылғы түлектер ұстаздар қауымына алғыстарын айта отырып, өздері туралы да деректер береді. Олар қазіргі уақытта республикамыздың әр жерінде еңбек етіп жүрген, бір-бір отбасы иелері. Мәселен, Серікбай Таушанов Атыраудағы Теңіз кен орнында супервайзер қызметін атқарады, Мұратбек Қанбаев — Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Баубек Төлегенов — жеке кәсіпкер, Серікқали Бердіханов — құрылыс саласының маманы, Бижамал Қарамурзина — «Хабар-Сервис» ЖШС-да өндіріс басшысы. Өмірбаяндар осылай жалғаса береді.

Өмірден өтіп кеткен Ерболат Есқазиев, Сағынбек Жапаров, Аманкелді Лесов, Абзал Теміров, Әлихан Базаров, Жомарт Көшімов, Света Сражина есімдері де сыныптас достарының ілтипатында, оларды ылғи да сағынышпен еске алады.

Түлектер өздері оқыған мектепке мол базарлықпен келді. Олар «Мектепке жол» акциясы бойынша қырық балаға оқушы сөмкесін оқу құралдарымен тарту етті. Сондай-ақ, мектеп волейбол командасына әкелген сыйлықтары өз алдына. Ауыл қарттарына мерекелік дастарқан жасап, оларға құрмет көрсетуі де есте қалды.

Бағила АМАНБЕКОВА,

Қопа орта мектебінің мұғалімі.

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button