Жаңалықтар

Сынықшы Сабыр

Болмыс-бітімі бөлек, кәтепті қара нардай қабырғалы азаматтар қай кезде де болған. Олар билік тізгіндеп, ұжым басқармаса да,  батыл мінезімен, әділ істерімен көптің көңіл төрінен орын алады. Осы сапқа жерлестері сары Сабыр, сынықшы Сабыр, тентек Сабыр деп атап кеткен — Сабыр Ахметұлы Ахметовті қосуға болады. Негізгі азан шақырып қойған ныспысы — Мұханбет Сабыр Балмұханбетұлы. Аты-жөнінің бұлай өзгеруінің де өз себебі бар.

Оның кіндігі кесілген жыл қазақтың дарқан даласында ашаршылықтың араны ашылған тұс еді. «Асыра сілтеу болмасын, ашатұяқ қалмасын» деген ұран жалаңдағанда бай-бағыланың бір мезетте тып-типыл болып, небір марқасқалардың ертеңі тұманданып, айдауда кеткені тарихтан аян. Солақай саясаттың ашкөз дүрбісіне ауқаттының баласы болғаны үшін Балмұханбет те ілігеді.  Шалқардың басынан теміржолдың қызыл вагонына тиелгенде ұлы Сабыр жас шамасындағы шақалақ сәби екен. «Әкеңді алып бара жатқанда маңдайыңды бір иіскетіп үлгердім» деген анасы Айдана Байниязқызының сөзін алғаш естігенде оның бойын намыс оты кернейді. Жұмбақ бағытқа кеткен әкеден түбі бір хабар бола ма екен деген жүрек түкпіріндегі үміт оты үнемі маздап тұрады. Қанша тырбынып іздесе де, келіп қалар деп ертеңгі күннің еншісіне үміт үкілесе де, әкенің өлі-тірісінен бір дерек болмайды.

Сабыр аға кең жауырынды, батыр тұлғалы ақ сары кісі болған. Жас кезінен сары Сабыр атануы осы бір өзгермейтін қалыпты өңіне  айтылса керек-ті. Ал тентек Сабыр да көптің қойған бір аты. Ағаның өр мінезділігін көз көргендер құптайды, әлсізге қамқор, досқа адал, халықшыл қасиетін мақтанға балайды. Жастар кейде өмірдің мәнісін ұқпай, бармақ тістер оқиғаларға сеп болғанда ағаның тұсындағы  азаматтардың кесек мінездері, белдесудегі әділдіктері жиі айтылатыны сондықтан да шығар.

— Сонау елуінші жылдардың басында Шалқарда теміржолдың фабрика-зауыттық училищесі жұмыс істеді. Теміржол кәсіпорындарының қанаты қатайып, жұмыс ауқымы ұлғайған шақ. Сырт аймақтан келіп жұмыс істеушілер көбейді. Осындай бір топта ұлты грузин ондаған жігіт болды. Шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтіндей. Тау халқына тән өктем мінез бен тұрғылықты жігіттерді ықтырмақ сыңай танытып қояды. Шүкір, бізде де кеудесіне қан ойнаған, намысқой ағаларымыз бар екен. Сабыр, Мәжит, Арыстан, Нағымет т.б. атпал жігіттер көкірегін кере ұстап, елдің намысын ешкімнің табанына таптатқан жоқ. Ол кезде қиянат деген болмайды, білектегі күшің ғана шешеді, — деп ағаларын еске алады еңбек ардагері, Шалқар ауданының құрметті азаматы Оразбай Әділбаев.

Ұзақ жылдар көрші тұрған зейнеткер Жеткерген Шолақов та Сабыр ағасының батылдығын, ірілігін аңыз қылып әңгімелейді.

— Шалқар қаласындағы зәулім мешітке есімі берілген  Мәтей Қоқанұлы туралы халық арасында айтылатын ғибратты әңгімелер көп. Оның айтқыштығы, діни сауаттылығы, парасат-пайымы өзгеше болған. Содан кейінгі омыраулы, екпінді азаматтардың қатарына өзім Сабыр ағаны жатқызар едім. Алайда оның  тура мінезі, өткір сөздері, батыл қадамдары кешегі кездің идеологиясына жат болғандықтан көп айтылмай қалды. Ағамыздың дене бітімінің өзі бұрынғының батырларындай еді. Шалқарда Мәжит Сыдықов, Сабыр Ахметов сынды ағалардың бірге жүріп, өңірге сыйлы болғанын жасы үлкендер жақсы біледі. Мен ағамен арқалас көрші тұрдым. Жас болсақ та оның азаматтығына, сынықшылық қасиеттеріне қанықпыз. Көршілерін құдайындай сыйлайтындығын, қайырымдылығын, қазаны оттан түспеген көпшіл үй екенін жақсы білеміз.

Ақшаң болғанымен, бұрын сатып алатын керек-жарақ қат болды. Дүкенге түссе, лезде өтіп кетеді. Сондай тапшылықтың тұсында жергілікті халық Шалқар теміржол стансасына аялдайтын пойыздарды күтіп, вагондардағы саудагерлерден зат алатын болды. Бұндай жерде айла-шарғы жүретіні де  белгілі ғой.  Яғни пойыз тұрғанда саудаласып, жүретін уақыт таяғанда тауарды ұсынып, жеп қалу, ақшаның бір шетін көрсетіп тез санап, айласын асыру. Қарапайым халыққа осылай қиянат жасайтындарға Сабыр ағаларымыз қарсы тұрып, талайлардың үлесін алып беріп, ризашылығына кенелгенін үлкендерден жиі еститінбіз.

Сабыр аға бұндай әділдігін Шалқарда ғана емес, жүрген жерлерінде де қолданып, талайларға қамқор болған екен, — дейді Жеткерген аға.

Ер-азаматтың басына нелер келіп кетпейді. Тура мінез Сабыр тағдыр сынымен түрлі ауыртпалықтарға кезіксе де, оны үлкен жүрекпен қаймықпай қарсы алады. Қандай қыспаққа түссе де жігіттік беделіне ешкім де нұқсан келтіре алмаған деседі  үлкендер.

Осындай беделінің арқасында ол өзге елдерді жастайынан аралап, сауда-саттықтың  қыр-сырын үйренеді. Қолда ақшаң болғанымен, оған жеңіл көлік сатып алу кеңестік кезеңде қиын болғаны белгілі. Осындайда ел көрген, жер көрген деп одан ауылдастары жөн сұрайды екен. Шалқарда алғашқылардың бірі болып, түрлі маркадағы жеңіл көліктер мінгенін, елге әкеліп сатқанын жерлестері жақсы біледі. Кейбіріне өзі еріп барып, әкелісіп берген.

Қолының ісмерлігі де бар аға киіз үй жабдықтарын әзірлеп, ағаштан түйін түйіп, онысын Үстірт асырып, ондағы елмен сауда-саттық орнатқан. Ұста әкенің сол кезде тұтынған құрал-саймандарының бірсыпырасы шаңырақта әлі сақтаулы екен. Жалпы, ол Орта Азия елдерімен саудалық кәсібін еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін үзбей жасаған.

Есімін әйгілеген оның тағы бір қасиеті — сынықшылығы. Сынықшы Сабыр десе, бүгінде ілгері буын шалқарлықтар зор құрметпен еске алады. Атадан дарыған қасиетпен ол ақырғы күніне дейін халыққа қалтқысыз қызметін атқарған.

Өлке тарихында Құлқай әулие хақында айтылар әңгіме көп, емшілік қасиеті туралы жазылған деректер де аз емес. Әулиенің  бір ұрпағы Бегімбет ауылының байырғы тұрғыны Өтеп ақсақалдың да емшілік қасиетін жұрт жақсы біледі.

Сабыр ағамыз сол Құлқай әулиенің төртінші ұрпағы.  Сынықшының алдында болып, еміне шипа тапқандар ағаның қолы өте жеңіл екендігін айтады.

Шалқарлық Қуат-Бек Ещанов әкесі Келмағанбеттің 1997 жылы жамбас ұршығын сындырып алғанда сынықшы Сабырдың дәл салғанын, кейіннен рентген мамандардың таңғалғанын айтады. 1998 жылдан бастап бір жарым жылдай аяғым ауырды деп жүріп, белінің шығып кеткенін білмеген Еділ Әлімов те дертінің шипасын Сабыр аға тапқанын ырзашылықпен жеткізді. Тізе берсек, бұл кісінің сынықшылығынан, сүлік салатын емшілігінен жанына дауа тапқандар өте көп.

Сабыр аға 2003 жылы 71 жасында өмірден озды. Одан тура үш жыл өткен соң қосағы Райхан Абдоллақызы дүние салады.  Шүкір, екеуінен өрбіген үш ұл, екі қыздың барлығы өмірден өз орындарын тапқан. Бұлардан тараған 16 немере Сабыр әулетіндегі алып бәйтеректің бұтағын кеңге жайып тұр. Сынықшылық қасиеті ұлдары Өміржан мен Адайбекке дарыған, кенжесі Молдабек сүлікпен емдейді.

Халық өзіне  қызмет жасаған перзенттерін ешқашан ұмытқан емес. Сабыр Ахметовтің бойына топтасқан жақсы қасиеттерін осылай тізуімізге де көптің ұсыныс-тілегі түрткі болды. Жақсылар «көзден кетсе де, көңілден кетпейді» деген осы шығар…

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button