Жаңалықтар

Арайлым — І орын иегері

Еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, шешендік өнерді насихаттау мақсатында Ырғыз аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі мен «Арай» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ділмар» атты аудандық шешендік өнер байқауы ұйымдастырылды.

Байқауға 18-29 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Қатысушылар «Сәлемдесу — салтымыз» кезеңінде өздерін көпшілікке таныстырса, «Деген екен» кезеңінде би-шешендердің билік айтуда қолданған шешімдерін, ұтқыр ойларын, бітімгершілікпен шешкен дауларынан үзінділер келтірді. Ал «Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады» кезеңінде берілген астарлы сөздің мағынасын ашып, берілген сөзден ұтымды сөйлемдер құраса, «Маржан сөз» кезеңінде экранда жасырылған сөздің жауаптарын тапты.

Байқау соңында «Өнерлі өрге жүзер» кезеңі бойынша қисса, дастан, көркемсөз оқу, күй, терме, дәстүрлі ән орындау сияқты қазақ халқына тән ұлттық өнер түрлерінен өзара сайысқа түсті.

Шарада ҚР Мәдениет қайраткері, Ырғыз аудандық аналар кеңесінің төрайымы Рахия Омарова, ақын-өлкетанушы Серғали Қоблашов, «Үкілім» клубының жетекшісі, «Ел оқырманы» жобасының авторы Жұмагүл Омарбековалар қазылық етіп,  қатысушылардың сөйлеу шеберлігіне, сөз қолданысына, тіл байлығына, сахнадағы мәдениетіне ерекше мән берді.

Байқаудың нәтижесіндеІ орынды Ырғыз аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашысы Арайлым Аманқызы жеңіп алды. Ал ІІ орынды Ырғыз №2 орта мектебінің көркемдік жетекшісі Ақтоты Қуаныш, ІІІ орынды Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғаламжан Әбдіжәлел иеленді.

Сондай-ақ М.Төлегенов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнара Бектайыз байқауға белсене қатысқаны үшін ынталандыру сыйлығына ие болды.

Д.ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button