Жаңалықтар

Қараусыз қалдырсаң, қамап тастайды

Соғым уақыты жақындаған сайын мал ұрлығы көбейе бастайды.

Соңғы аптада ауданда мал ұрлап, тегін олжаға кенелгісі келген екі топ ұсталды. Күдіктілер далада иесіз жайылып жүрген малдарды қолды еткен.

Малдың жоғалуы иелерінің салғырттығына да байланысты болып отыр. Жайылымдағы малдар ұзақ уақыт қараусыз қалады, ал иелері қай күні қолды болғанын білмейді.

Сол себепті иесіз жүрген малдарды анықтап, иелеріне айыппұл салынатын болады. Жергілікті полиция осылайша мал ұрлығын тоқтатпақ.

— Көктемде жергілікті әкімдіктермен бірлесіп келісімшарт жасалды. Ауылдардың көпшілігінде бақташылар бар. Сондықтан олардың малдарына ешкім тие алмайды. Ал кейбірі бақташыға қоспай, өз бетінше өріске жібереді. Қараусыз жүрген малдар жол бойына шығып, жол-көлік оқиғасына себепші болады, жолаушыларға қауіп төндіреді. Сол себепті біз бағусыз жүрген малдың иесін анықтап, шарасын аламыз.  Хромтау ауданында 15 алаң дайындалды. Онда мал иелері анықталғанға дейін иесіз малдар жергілікті атқарушы органдардың есебіне алынады, — дейді Хромтау полиция бөлімінің бастығы Құралбек Шарбақов.

Бір күннің ішінде полиция қызметкерлері иесіз жүрген 148 ірі қараны қамаған. Анықталған 14 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мал жаю ережелерін бұзғаны үшін әрқайсысы 8 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Жыл басынан бері облыста мал жаю ережелерін бұзған 4 мыңнан астам жағдай тіркелген.

 С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button