Жаңалықтар

Кәсіби мамандар ұстаханасы

Іргелі оқу ордасы Ақтөбе гуманитарлық колледжіне 100 жыл толғалы отыр. Тарих  парақтарына көз жіберсек, өткен ғасырдың қайта құру жылдары оқу орнының алдына жаңа талаптар қойылды. Педагогикалық училище  колледж статусына  ие болды. Кейін  педагогикалық  колледж мәдени-ағарту колледжімен  біріктіріліп, білімнің ақ ордасына айналды. Ақтөбе гуманитарлық колледжі атағына ие болған оқу орны педагог  мамандар дайындау ұстанымынан болашақта да ауытқымай, бірте-бірте қанатын кеңге жайып,заманға сай білім берудің биігіне  көтерілді.

Колледждің басты міндеттерінің бірі — ХХІ ғасырдың жоғары білікті бәсекеге қабілетті маманын даярлау. Бұл жоғары шеберлікті, белсенді азаматтық және жеке позицияны, адамгершілікті, өзін-өзі тәрбиелеуге ұмтылуды, шығармашылықты қажет етеді.

Ақтөбе гуманитарлық колледжінде 1972 жылдан бастап 0101013 «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі» біліктілігі бойынша мамандар даярлана бастады. Сол уақыттан бері осы мамандықты 0101013 «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі» біліктілігі бойынша  он мыңға жуық  маман бітіріп шықты. Колледж түлектерінің 95пайызы мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарда меңгеруші, әдіскер, тәрбиеші болып еңбек етуде.Бүгінде мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығы бойынша оқитын топтар  саны — 9. Барлық топ мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Бөлімде 210 студент бар.

Дәріс беретін оқытушылар да шығармашылық әлеуеті жоғары, ұстанымы биік ұстаздар. Жыл сайын біліктілігін жетілдіріп, арнайы курстардан өтіп, студенттердің сапалы білім алуына негіз болып келеді. Мұнда студенттердің де сапалы білім алуына жағдай жасалған.

Егеменді еліміздің  білім беру  саласында жаңа  мемлекеттік бағдарламалар жасалып, маңызды мақсаттар  мен міндеттер  алға қойылды. Соның бірі — бәсекеге қабілетті, жеткілікті әлеуеті бар білікті мамандар дайындау үшін «Дуалды оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім  және ғылым министрінің  2016 жылғы 21 қаңтардағы №50 бұйрығы қабылданғандығы. 2016-2017 оқу жылынан бастап кафедрадағы топтардың бірі дуалды оқыту жүйесіне көшірілді. Студенттердің теориялық білімдерін практикада қолдануы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Дуалды оқыту жүйесінің басты мақсаты — бәсекеге түсе алатын мамандығы бар, кәсібін нақты таңдаған, жұмысқа орналаса алатын  және өзінің кәсіби білімін  жоғарылатуға ұмтылған жас тұлғаны өсіру. Қазіргі уақытта дуалды оқыту жүйесінде болашақ мамандарды даярлау саласында оқу процесі жалғасуда. Мұның бәрі қазіргі заманғы білімге қомақты үлес қосатын колледждің одан әрі өркендеуі мен дамуына тамаша мүмкіндіктері бар екенін көрсетеді.

Бұның бәрі осы заманғы білім беру саласына сүбелі үлесін қосып отырған оқу ордасының  одан әрі өркендеп, дамуына  тамаша мүмкіндігі бар екендігін көрсетеді.

А.ЖӘКЕБАЕВА,

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің

оқытушысы, мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button