Жаңалықтар

Мәселелер қаралды, міндеттер айқындалды

Сәрсенбі күні Nur Otan партиясы облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті. Оған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов қатысты.

Кеңес отырысының күн тәртібінде NEET санатындағы жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар, өңір жастарын туризмді дамытуға және облыс көлемінде өтетін мәдени іс-шараларға тарту, облыс халқын 1000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Жиында аталған мәселелерге байланысты жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері баяндама жасады.

Айта кету керек, күн тәртібіне алынған мәселелердің барлығы — 2025 жылға дейінгі «Жастар — Отанға» бағдарламасын іске асыру бойынша бекітілген жол картасы аясындағы жұмыстар. Сондықтан олардың орындалуы өте маңызды. Мәселен, биылғы жылдың соңына дейін өңір халқын 1000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, мәдени іс-шараларға шығармашыл 2500 жасты тарту секілді көрсеткіштер толыққанды орындалуы керек.

Отырыс барысында кеңес мүшелері атқарылған жұмыстардың барысымен танысып, міндеттелген көрсеткіштердің жыл аяғына дейін орындалатындығына көз жеткізді.

Бұдан кейін жиында Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов партияның сайлауалды бағдарламасының аясында бекітілген аймақтың жол картасындағы міндеттер мен тапсырмалардың маңыздылығын түсіндірді.

Ол кеңес мүшелеріне жыл соңына дейін аудандарда облыстық кеңестің көшпелі отырыстарын өткізуді, жастарды қолдау жөніндегі аудандық қоғамдық кеңестердің жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ Ербол Данағұлов өңірлік және аудандық қоғамдық кеңес мүшелері ауыл жастарымен кездесулер ұйымдастыру керектігін, бұл  оларды алаңдатқан мәселелермен танысуға мүмкіндік беріп, әкімдіктер жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестермен өзара бірлесіп жүйелі жұмыстар атқаруға септігін тигізетінін жеткізді.

Отырыс соңында партияның қоғамдық кеңес отырыстарына облыстық басқарма басшылары жауапкершілікпен қарап, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша есеп берулері керектігі қатаң ескертілді.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button